Қоғам | Общество

“Бауыр циррозы, бедеуліктен арылғандар саны өте көп”: Хиджама барлық дертке дауа ма? (видео)

Вакуумді банкілердің көмегімен ағзадағы артық қанды алып, толығымен жазылып кетуге көмектесетін хиджама атты емдік әдіс қазақстандықтардың арасында кеңінен танылып келеді. Хиджаманың көмегімен ауруынан айыққан адамдардың басым бөлігі денсаулықтарының жақсарғанын алға тартып, өзгелерге де осы әдіспен емделіп көруге кеңес береді. Алайда, хиджаманың пайдасынан зияны көп екенін, қанды донор болып тазалауға болатынын айтып, қарсылық танытып жатқан дәрігерлер де аз емес. Осы ретте дертінен жазылғысы келетін адам кімнің сөзіне сенерін білмей, делдал болғандар үшін Stan.kz өз зерттеуін жүргізіп көрді.

Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хиджама орталығының үздік маманы, шығыс медицина саласында он жылдық тәжірибесі бар Абдуссамад Қасеновпен сұхбаттасып, хиджамаға қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап алды.

Абдуссамат, хиджамамен емдеу қалай жүзеге асады?

Хиджаманы қабылдауға келген адамның денесіне бір реттік қолдануға арналған банкілер қойылады. Ағзадағы әр мүшенің нүктесі бар. Сол нүктелерді тауып алып,  хиджама жасайтын жерлерді кішкене тілеміз. Тілінген аймаққа банкілер қойылып,  қан шығарылады. Осылай ағза бойымызға жиналған зиянды токсиндерден тазарады.

Хиджама қандай дерттерден емдейді?

Емдеуге болатын аурулардың түрі өте көп.Суықтап, тұмауратып қалған адамдар хиджамаден кейін бірден жазылып кетеді. Адамның басындағы мәселесіне қатысты емдік әдіс жүргізіледі. Біріншіден, біз науқасты диагностикадан өткізіп аламыз да, кеңес берген соң ғана емдеуге кірісеміз. Процедурадан кейін метаболизм, қан айналымы, иммунитет жақсарады. Жоғары қан қысым төмендеп, керісінше төмен болса, ол да қалпына келеді.

Хиджама профилактикалық және терапия болып екіге бөлінеді. Профилактикалықты көбінесе адамдар емнің осы түріне қызығушылық туғаннан кейін жасатады. Ал хиджама-терапияны маман науқастың дертін анықтап алған соң жасайды.

Сіздің тәжірибеңізде хиджама арқылы ауруынан айыққан ерекше жайттар бар ма?

Бір кісі бауыр циррозынан жазылып кетті. Бедеуліктен арылғандар саны өте көп. Медицинада гипертонияның емделмейтіні белгілі. Хиджаманың көмегімен осы дертке шалдыққан адамдар бір-екі процедурадан кейін емделіп кетіп, үш-бес жылға дейін аурудан қиналмай жүре береді.

Қанша жастан бастап, неше жасқа дейін хиджаманы жасатуға болады?

Хиджаманы балаға шамамен үш жастан, өздігімен тамақтана алатын кезеңнен бастап жасауға рұқсат. Жасы сексен, тоқсанға келген қарияларға да хиджама жасатудың еш айыбы жоқ. Бірақ бұл жағдайда маманға көп нәрсе байланысты, ол білікті болуы тиіс.

Банкілер арқылы індет таралуы мүмкін бе?

Әрине, сондықтан біз емге бір рет қана қолдануға арналған банкілерді пайдаланамыз. Бір процедура пайдаланған соң, қайтадан екінші рет оларды қолданбаймыз.

Қазақстандықтардың емнің осы түріне көптеп жүгінетіндігі белгілі. Отандастарымыз арылуға тырысатын ортақ әрі жиі кездесетін дерттер қандай?

Қазақстандықтардың барлығы үшін жауап бере алмаймын. Бірақ Алматыда гипертониядан, бас, омыртқа, тері ауруларынан, бедеуліктен, белсіздіктен емделуге келетіндердің саны басым.

Хиджама дененің қандай жерлеріне жасалады? 

Адамның басынан аяғына дейін, сондай-ақ алды мен артына. Дегенмен, негізгі нүктелердің барлығы арқада орналасқан соң, процедура көбінесе арқаға жасалады.

Бір процедурада адам қанша грамм қан жоғалтады?

Адамның жағдайына байланысты сеанс кезінде жоғалтатын қан көлемі де әртүрлі. 20-30 граммнан 300 граммға дейін қан жоғалтып алатындар бар. Егер адам гипертония ауруымен ауырса, қанды көбірек жоғалтады. Ал қан қысымы төмен болса, хиджаманың жеңілдетілген түрі жасалады. Сәйкесінше жоғалтатын қан көлемі де аз.

Хиджаманы қандай жағдайда мүлдем жасатуға болмайды?

Анемиямен ауырса, ота жасатқан болса, хиджама жасатпаған дұрыс. Отадан кейінгі кезеңде ол күшін қалыпқа келтіруге тырысады, әлі әлсіз. Гемофилиямен ауырғанда хиджамамен емделмеген жөн. Бірақ гемофилия кезінде емдік әдістің осы түрі  қажет болса, мықты маманға жасату қажет. Сонымен қатар, жүрек ауырғанда да хиджама жасатпаған абзал.

Хиджама адам денсаулығына қауіпті процедуралардың қатарына кіреді ме?

Хиджама жасатудың адам өміріне кесірі жоқ. Процедура кезінде қан күретамырдан немесе көктамырдан шықпайды, тері астынан алынады. Бұл емдік әдіспен емделгісі келген науқас нашар маманның көмегіне жүгінген кезде ғана қиындық пен қауіп тууы мүмкін. Білікті емес маман тіпті анемияның белгілерін анықтай алмайды. Сондықтан оған сену немесе сенбеу керектігін түсіну қиын емес.

Жақсы маманның бес жыл көлемінде жұмыс тәжірибесі болады. Осы уақыт аралығында ол өзін оқытқан, үйреткен жетекшісінің қадағалауымен жұмыс істейді. Хиджама жасайтын адам дәрігер болса, тіптен жақсы. Медициналық білімі болмаған күннің өзінде ол массаждың курсынан өтуі қажет.

Хиджама жасатуға болмайтын күндер бар ма? 

Мына күні болады, мына күнде болмайды деген қатаң талап жоқ. Мысалы, адамның басы ауырып тұрса, ол емделетін күні келгенше, ауруға төзіп жүре алмайды ғой. Оған бірден процедура жасау қажет. Дегенмен,  медицина бойынша, айдың ортасында жасатуға болмайтын үш күн бар. Сол күндері қан құрамындағы темірдің деңгейі қатты көтеріледі. Адам қан құрамындағы темір көтерілгенде ашушаң болады, дәл осы күндері хиджамамен емделу ол үшін күрделі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда науқасқа толығымен ем қабылдамай, қарапайым профилактикадан өтуге кеңес береміз.

Бұл емдік әдістің сүлікпен емдеудің қандай артықшылығы бар?

Сүлік қанды қаттырақ сорады. Бірақ сүлікпен қан алдыртқаннан кейін жарты, бір немесе үш күн көлемінде қан тоқтамайды. Оның үстіне сүлік барлық арам қанды емес, өзіне қажетті мөлшерді, шамамен үш граммды ғана сорып алады. Сүлікпен емдеудің хиджамадан айырмашылығы осында жатыр. Банкімен қан алғанда біріншіден дене массажы жүреді, екіншіден, вакуумның арқасында ол қанды тартып алып, соңына дейін шығарады.

Хиджама жайлы ең бұрыс тұжырымдар қандай?

Хиджама жасатқан соң қанға індет түседі немесе адамның жағдайы нашарлап, ауруханаға жатып қалады деген сынды сөздер айтылады. Барлық адамның ағзасы бірдей емес. Ауруханаға түсіп қалатын жағдайлар өте сирек кездеседі. Ем жасалған жер таза емес болғанда ғана қанға індет түседі. Адамның денсаулығы үшін жауапты екенін түсінген маман, лас әрі кір жерде жұмыс істемейді.

Хиджаманың көмегімен қан алдыртқанға дейін және одан кейін нені білу керек? 

Хиджама жасататын адам процедураға келмес бұрын жақсылап демалып алуы тиіс, өзін сергек сезінуі қажет. Тойып тамақ ішіп алуға болмайды. Адам тамақтанған соң, әлсіреп, ұйқысы келе бастайды. Бойындағы қанның барлығы, энергиясы тамақты қорытуға жұмсалады. Осы кезде хиджама жасататын болса, әлбетте қан аз-аздан шығып, емдік әдіс дұрыс жолмен жүзеге аспайды.

Хиджамадан кейін әркім өзін әрқалай сезінеді. Әдетте адам күш-қуатының артқанын байқайды, бойындағы энергиясы бір орында отырғызбайды. Хиджаманы жасатқан соң, белгілі бір уақыт аралығына дейін қоғамдық моншаларға, хауыздарға баруға болмайды. Абайсызда індет жұқтырып алуы мүмкін. Сосын екі күн көлемінде денені жуыну жөкесімен ысқылап жууға болмайды. Денеге физикалық ауыртпалық салмаған абзал.
 

 

 

Комментарий