Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, «Олимпиадалық дайындық орталығы» РМК директоры, ҚР Бокстан еңбeк сіңірген жаттықтырушысы: «Қазақ жігіттері қаракөздерімізге қамқор болуы қажет»

Соңғы уақыттары қазақ қоғамында екі-үш отбасын асырап, екі тізгін, бір шылбырды еркін ұстап отырған жігіттердің қатары көбейіп келеді. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, екінші әйелін жасырып жүргендері де бар. Ал, белгілі боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Салихұлы Ыбырайымов алғашқы азаматтардың қатарынан болып шықты. Екі отбасын да елге жария етіп, екі әйелінен 10 бала сүйіп отырған ардақты әке екен. Мереке тұсында Ермахан САХИҰЛЫНА жолығып, бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары туралы сұхбат құрдық.

– Ереке, сіздің спортта бағындырған биіктеріңіз бір төбе болса, отбасылық өмірде де көп ағаларымыздың қолы жетпей жүрген бала бақыты мен жар қызығына бірдей кенеліп келеді екенсіз, бәрекелді! Қолыңызды ертелеу сермегенсіз-ау шамасы…
– Жоқ, мен боксшымын ғой, ерте де емес, кеш те емес, дөп сермедім-ау деймін. Алғаш рет 24 жасымда үйлендім, бұл 1996 жылы болатын. Ол жеңгең өзі дүңген қызы. Бірақ, қазақтың Бибігүл деген есімін алған, ұлтымыздың салт-дәстүрін ұстанады. Ол жеңгеңнен 3 ұл, 1 қыз бар, бәрі Астанада тұрады. Кейін 2000 жылы Айжан жеңгеңді кездестіріп, екеуміздің көңіліміз жарасым тауып, бірінші жеңгеңе айтып едім, ол қарсы болмады. Қайта «сен қазақтың марқасқа жігітісің, қазақтың бір қызын алуың керек» деп бірден рұқсат берді. Мына дүңген ағайындарда 2-3 әйел алу, дінді ұстану деген керемет дамыған ғой. Сонымен, екінші жеңгеңмен отбасын құрып, құдайға шүкір Алматыда тұрып жатырмыз. Бұл жеңгең де ерлеп, өмірге 5 ұл, 1 қыз алып келді. Менің жұмысымның өзі сондай, бір апта Астанада, бір апта Алматыда дегендей, екі жақтағы бала-шағама да қарап, олардың еш нәрседен тарықпауын қадағалап жүремін.
– Сіздің балаларыңызды тарықтырмайтыныңызға сенеміз, ал мына өзге көпбалалы отбасылар мәселесін қайтеміз…
– Бұл енді бұрын да талай айтылып, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны көбейту жөнінде талай ұсыныс болды. Бірақ, жақында «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы көпбалалы аналар жұмыс істемеуі керектігін айтты. Олар бала тәрбиесімен айналыссын,
оларға әр бала үшін 21 мың теңгеден төленсін деді. Осы аналар – денсаулығы мықты рухты ұл, қылықты қыз тәрбиелесе, ертең елімізді солар дамытпай ма?! Ал, ерлі-зайыптылардың екеуі де баланы үйге қамап қойып, жұмысқа кетсе не болады? Ол балалар теледидардың алдында сағаттап отырады, жастайынан көздерін құртады, компьютерден құмар ойындарға үйір болады, бұл бүгінгі күннің шындығы. Енді Президент айтқан соң осы жолы аналар мәселесі нақты шешілер деп үміттенемін мен де.
– Сіздің отбасыңызда жеңгейлер жұмыс істей ме?
– Балалар кішкене кезде екі жеңгең де жұмыс істеген жоқ. Балалардың тәрбиесімен айналысты. Біріншісі балалар есейген соң ақырындап жұмыс істей бастады. Ал, екіншісі әлі баламен үйде, өйткені кіші ұлым 2 жаста, оның алдындағысы 4-те, сондықтан әзірше жұмыс істеймін деп айтпайды. Менің табысым соларға жетеді.
– Ал, екі жеңгейден тараған ұрпақтарыңыз бауырдай араласып тұра ма?
– Әрине, олар кезінде атасы мен апасы ауылда болғанда бірге барып, бір үйдің балаларындай асық ойнап, өзенге шомылып өскен. Әлі де мерекеде бір дастарқан басында бас қосып тұрады. Бұл өзге отбасыларға үлгі болуы тиіс.
– Балаларыңыз да спортқа жақын шығар, арасында боксшы шығатындары бар ма?
– Спортшының баласы болған соң бәрінің спортқа бейімі бар. Үлкен қызым Сымбат бұрын бірнеше жыл қатарынан волейболмен айналысты. Одан кейін анасы білімге көңіл бөлейік деп, қазір ағылшын тілін оқып жатыр. Ал, екінші қызым Жұлдыз кішірек кезінде гимнастикаға барса, қазір бокспен шұғылданып жүр. Боксшы боламын дейді, білмеймін енді, болашақ көрсетер.
– Бір сұхбатыңызда Айсұлтан боксшы болады-ау деген едіңіз…
– Ол әлі бір шешімге келе алмай жүр. Қазір футбол және шахматқа барады. Үлкен ұлым Тойбек жиырма екі жаста, режиссер болғысы келеді. Екіншім Мейірбек 20-да, ол аспаздың оқуын оқуда. 17 жастағы үшінші ұлым Қайырбек инженер-геолог мамандығы бойынша
білім алуда. Ал, Амалбегім баскетболшы болады, түбегейлі соны қуалап жүр. Мен ешқайсысына сен анау бол, сен мынау бол деп мәжбүрлемеймін. Өздері спорттың қай түрімен айналысқысы келеді, сонымен айналысады. Қай оқу орнына түскілері келеді, соған түседі. Өз қалаулары болса, ертең бізге де бәлендей реніш айтпайтын шығар.
Дұрыс екен Ереке, бала тәрбиесінде таңдау құқығын өздеріне беріпсіз. Бірақ, біздің заманда басқаша болды ғой. Мәселен, Сіз кәдімгідей боксшы бола тұрсаңыз да, әке шешеңіздің айтуымен заң факультетін оқыдыңыз дегендей…
– Дұрыс айтасыз, біздің заманда әке-шешенің айтқаны заң болатын. Солардың қалауымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің заң факультетіне 1991 жылы түсіп, 1999 жылы бітірдім. Сегіз жыл оқуымның себебін білесіз ғой, айлап жаттығуға кетеміз, одан жарысқа барамыз, сөйтіп жүріп сессиядан қалып қоямыз. Бірақ, әйтеуір оқу орнының басшылығы түсіністікпен қарап, сегіз жылда бітіріп шықтым.
Енді осы заңгерлік біліміңіздің пайдасын көрдіңіз бе, жоқ спортшылықтың пайдасы көбірек болды ма?
– Шындығын айтсам, қазіргі таңда осы спортшылығым бойынша қызметтер істеп жүрмін ғой. 2007 жылдан бері «Олимпиадалық дайындық орталығы» РМК директорымын, ҚР Бокстан еңбeк сіңірген жаттықтырушысымын. Бірақ, заңгерлік те менің екінші қанатым сияқты. Қазір спортта допинг дауы дейсіз бе, өзге де заңға қатысты мәселелер жиі кездеседі. Сол кезде менің кезінде алған заңгерлік білімім көп көмектеседі. Құдайға шүкір, әзірге бір боксшы допинг дауына іліккен жоқ. Өйткені, біз ондай заттарды жақындатпаймыз, даудың алдын аламыз.
Балаға қаталсыз ба, жоқ мейірімдісіз бе, бала тәрбиесімен көбіне кім айналысады?
– Жалпы, бала тәрбиесімен аналары айналысады. Ал, қаталсыз ба дегенге келсек, қыздарыма жұмсақпын. Қыз деген қонақ дейді ғой, ертең бір үйдің барып түтінін түтетеді дегендей. Оларды біраз еркелетемін. Ұлдарға келгенде қаталмын, екі рет бұйрық бермеймін. Бір айтамын, болды.
– Кейбір белгілі ағаларымыз 8 Наурызда асханада тамақты өзім жасаймын деп жатады, сіздің ондай «өнеріңіз» бар ма?
– Жоқ, мен өмірі қазан-ошаққа жолаған емеспін. Мереке күні де қажеттісін әкеліп беремін, өздері дайындайды. Мен туған күндерінде, мерекеде әйел, бала-шағамды алып, қонақтарыммен бірге мейрамханаға барғанды дұрыс көремін. Мерекеде олардың да демалғаны дұрыс қой.
– Ал, мереке, туған күндерінде қандай сыйлық жасағанды ұнатасыз?
– Егер олармен ақылдаспай, өзім алатын болсам иіс су, үйде өсіретін гүл деген сияқты заттар аламын. Көбіне, қалаған заттарыңды ал деп ақшасын беремін. Балаларды үйірме, мектепке апаруға мінсін деп екі әйеліме де бір-бір көлік алып бергенмін.
– Енді спорт тақырыбына кішкене оралсақ. Сіздің шетелде, не өзімізде жеңе алмаған боксшыңыз болды ма?
– Менің шетелге шығу үшін еліміздегі қарсыластарым күшті болу керек болатын. Ол солай болды да. Мысалы, менің қарсыласымның бірі Нұржан Сыманов болатын. Өте мықты боксшы, мен оны жеңе алмадым. Бірақ, оның олимпиадада жолы болмады. Одан кейін түркістандық Қанатбек Шағатаев, Аркадий Топаев, Мақсат Бақсыбазаров сияқты мықты
қарсыластарым болды. Олардың бірін жеңдім, бірінен жеңілдім, қай-қайсысы да мықты қарсылас болды.
– Ең тез жеңген жеңісіңіз есіңізде бар ма, бірінші раундта дегендей?
– Негізі мен бокста паншер стиліндегі боксшы болдым. Егер күші өзімнен сәл төмен боксшы болса үсті-үстіне төпелеп, сұлатып салуға тырысамын. Ал, деңгейі бірдей немесе жоғары болса, мен әбден зерттеймін, аңысын аңдимын, орайы келгенде ғана ұрамын. Тез жеңген жеңістерім болды, алайда есте қалмапты.
Ал, есіңізде қалған ең ауыр жекпежекті айта аласыз ба?
– Әрине, ол олимпиада алтыны үшін румындық Марион Семионмен болған жекпе-жек. Ол да алтыннан айырылғысы жоқ, мен де чемпион болып, елдің алдына абыроймен оралғым келеді. Не керек, «не бел кетер, не белбеу кетер» деп барымызды салдық. Құдай менің бағымды жандырды. Міне, осы жекпе-жек есімнен кетпейді. Бірінші жеңіл салмақта марқұм Бекзат Саттарханов шығып алтын медаль алды. Маған кезек келгенде, төрешілер әлі танымал емес қазақ боксшылары алтын ала бере ме дегендей көңіл-күйде болды. Егер айқын басымдықпен ұтпасам, маған алтын жоқ еді. Сондықтан, барымды салдым, есімнен кетпейді.
– Сіздердің кездермен салыстырғанда қазіргі таңда спорт мектептері де көп, жаттықтырушылар да баршылық. Бірақ, әлемдік додаларда кейінгі кезде бокстан алтын азайып кеткендей ме?
– Рас, соңғы Азия ойындарында жеңісіміз аз болып қалды. Бірақ, өсіп келе жатқан жастарымыз көп, кемшіліктеріміздің орны болашақта толады деп есептеймін. Қазақтың намысты ұлдары барда алтын да, күміс те болады.
Алдыңыздағы аға буын жаттықтырушыларыңызбен араласып тұрасыз ба?
– Әрине, ауылға барғанда, мерекелерде арнайы барып сәлем беріп тұрамын. Тұрсынғали Еділов жақында 60-қа толды, Әбдімәдиев Серікбай ағам 80-ге толды, Бақыт Байтықбаев, осылардың бәрімен араласып тұрамын. Керек жерде кеңестерін тыңдаймын. Спортшылардың арасына кездесулерге апарамыз. Ол кісілердің кеңестері, өсиеттері жастарға әрқашанда керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрболат АБАЙҰЛЫ

Комментарий