Аймақ | РегионҚоғам | Общество

Біртанов дәрігерлерді халыққа адал қызмет етуге шақырды

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған бір топ Үкімет  мүшелері Түркістан облысын аралады.

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдаудауының  орындалуын  насихаттауға келген топ облыстың бірқатар жерлерін аралады. Іссапар аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қожа Ахмет Ясауи Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты клиника-диагностикалық орталығына ат басын бұрды. Ректор Болатбек Абдрасилов пен клиниканың бас дәрігері Сандуғаш Рүстемова бастап Елжан Біртанов клиника ішін аралап, емделушілермен кездесіп, жағдайларын білді. Медицина мамандығының түлектерімен кездесу барысында ректор Болатбек Абдрасилов қызмет атқарып жүрген дәрігерлерді университеттің өзінде даярланатынын, олардың бірқатары Түркияда да білімдерін жетілдіріп келетінін жеткізді. Ол сондай-ақ, білім алушылар оқу процесі тек қана теориямен ғана шектелмей, клиника жұмыстарымен ұштастырылып өткізілетіндігін және жалпы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде айтып өтті.

«Біздің университет Түркия мемлекеті тарапынан салынғанда бастапқы сол кездің өзінде заманауи талапқа сай жабдықтармен жабдықталып, салынған болатын. Қазір мұнда қызмет жасап жүрген дәрігерлердің көбісі өзімізде бітірген түлектер. Олардың басым бөлігі Түркия мемлекетіндегі осы сала бойынша озық оқу ордаларында білімдерін қосымша жетілдіріп, тәжірибе жинақтап келіп, осында жұмыстарын жасап жүр.

Сондай-ақ, бізден оқып бітірген көптеген түлектер өздеріне тиесілі шарттары, яғни осында оқу бітірген соң жұмыс жасау уақыттары  аяқталған соң облысымыздың, еліміздің, тіптен кейбір шетелдердегі клиникаларда қызметтерін жалғастыруда. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық клиникалар мен институттарда, Президент әкімшілігінің Іс басқармасына қарасты емдеу орталықтары сынды жерлерде де жұмыс жасап жүр. Бұл клиниканың басты ерекшелігі, оқу мен тәжірибені бірге ұштастырып оқытып жатырмыз. Түркияның мықты клиникаларындағы тәжірбиелермен алмасып немесе өзіміздің елдегі мықты деген оқу ордаларымен де тығыз-қарым қатынас жасап, жұмыс жасауды бастадық», — деген Болатбек Серікбайұлы клиникадағы басқа да жетістіктерді атап өтті. Е.А.Біртанов алғаш 2009 жылы аталған клиникаға келген екен.

Араға 10 жыл салып келіп отырған еліміздің бас дәрігері клиникадағы оң өзгерістерді тілге тиек етті. Еліміздегі денсаулық саласының халықаралық деңгейге көтеру қажеттігін, соған жету үшін жұмыс жасау керектігін айтты. «Елбасымыздың арқасында осындай керемет университет құрылды. Универсиеттің дамуына үлес қосып отырған түркиялық ағайындарға үлкен алғысымды білдіремін. Жақында Түркия мемлекетінің Денсаулық сақтау министрімен меморандумға қол қойдық. Келесі аптада түркі әлемі медицинасының конгресі өтеді. Соған барамыз. Сол жақта сіздерді де кездестіремін деп ойлаймын» – деген ол клиниканы аралау барысында мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың жақсы екенін және көңілі толғанын жеткізді. Ол сондай-ақ, Түркістанда салынғалы жатқан аурухана жайын сөз ете келе, дәрігерлердің жұмыстарына кәсіпқойлық, халыққа адал қызмет етіңдер деген тілегін білдірді. Жалпы клиника жайлы атап өтер болсақ, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ–нің  Клиника диагностикалық  орталығы ашылған күннен бастап ОҚО Департаментімен Түркия Республикасының тікелей қолдауымен Түркістан қаласы және аудан халқына жоғары дәрежелі медициналық көмек көрсетіп келеді.

Атап айтқанда, емдеу орталығы алдымен Түркістанның жергілікті тұрғындарына, содан кейін бүкіл Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарына қызмет көрсетуді бастады. Айта кету керек, басым бөлігі Түркия Республикасы тарапынан қаржыландырылған клиника-диагностикалық орталығының құрылысы 2000 жылы басталып, 2006 жылы аяқталған. Сондай-ақ, клиника-диагностикалық орталықтың жалпы аумағы 13 223 шаршы метр жабық, 12 224 шаршы метр ашық автопарк және бау-бақша алаңы ретінде салынды. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар Өкілетті Кеңес Басқармасы тарапынан Түркиядан қамтамасыз етілген және технологияның соңғы үлгісіндегі құрал-саймандармен жабдықталған орталық 2008 жылдың 1-ші желтоқсанынан бастап қызмет ете бастады. Клиника-диагностикалық орталық дамыған Еуропа елдеріндегі медициналық оқу орындарының үлгісін ала отырып, университеттің медицина факультетінің жаңа заманауи клиника диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мықты тәжірибелік базасы ретінде ашылған.

Клиника халыққа медициналық қызмет көрсете отырып, болашақ медицина саласына кәсіби мамандарды дайындау мақсатын көздейді. Бір ауысымда 200 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар емхана,120 төсек-орынды стационар  халыққа қызмет көрсетуде. Клиникада қазіргі таңда 6 бөлімше – хирургия, реанимация, терапия, нейрохирургия, нейрореанимация, нейроинсульт, гемодиализ, жарақат бекеті жұмыс істеуде. Клиникада жалпы 312  қызметкер  соның ішінде әр түрлі саладағы мамандықтағы 69 дәрігерлер қызмет атқаруда. Мұнан бөлек, қазіргі таңда клиникада еркін тіркелу компаниясының қорытындысы нәтижесінде 19667 халық амбулаториялық-емханалық көмек алуда, сонымен қатар Түркістан халқына тәулік бойы жедел көмек көрсететін жарақат бекеті және аптасына бір рет жұма күні “Жедел” хирургиялық патологиясы бар және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін науқастарды қабылдау жүргізілуде. Сонымен қатар клиникада университетіміздің медицина факультетінің  3 профессоры,    5 медицина ғылымының  кандидаты доцент м.а., 2 PhD  докторанты,  11 магистратура, 5 резидентура бітірген  мамандар  жұмыс атқарады   әрі студенттерге сабақ береді. FacebookTwitter

aikyn.kz

Комментарий