Шоу бизнес

Қайта қалыңдық атанған Қарақат сынға ілікті

Биыл Бурабайда отау құрғандарына 20 жыл толуын атап өткен Болмановтарды, әлеуметтік желідегі оқырмандары әбден сынға алған. Бұл туралы толығырақ Shownews.kz тілшісі хабарлайды.

Соңғы кездері шоу-бизнес өкілдері арасында араға уақыт салып, қайта қалыңдық пен күйеу жігіттің күйін кешу сәнге айналған. Бұл сөзімізге биыл өздерінің 20 жылдықтарын Бурабайда атап өткен Қыдырәлі мен Қарақат жұбы дәлел. Тіпті, Болмановтар отбасылық мерейтойға арнап «Асыл жарым» әніне бейнебаян түсіріп те үлгерді. Жүктелген клипті көрген желідегілерге ерлі-зайыптылардың бұл әрекеті жақпай қалған. Олар жұлдызды жұптың парақшасында:

 «Ужас! Позор ғой мынау, осы жасқа келіп ұят емес пе?»

 «Той жақсы ғой. Бірақ қайтадан фата кигенің мүлдем жараспай тұр. Сондай сүйкімсіз көрінеді екен.»

«Әншілеріміз бірінің істегенін бірі қайталап жатыр. Неге? Бәскелестіктің өршіп тұрғаны ма?»

«Еріккеннің ісі ғой. Ақша не істетпейді?» – деп, керағар пікір қалдырған.

Дәстүрлі ән өнерінің өкілі Айгүл Қосанова ақ көйлекті қайта киіп, той жасайтындарға қатысты өз ойын ашып айтты.

«Өз басым олай тойлауға әлі дайын емеспін. Оны ойламаймын да. Өйткені менің ұстанымым басқаша», – дейді дәстүрлі әнші.

Қыдырәлі мен Қарақаттың ісін кейбір әріптестері мен әлеуметтік желідегілер жақтырмағанымен, өнердегі үзеңгілестерінің бұл қуанышын қолдайтындар да табылып жатты. Соның бірі – Жазира Байырбекова.

«Қайтадан ақ көйлек кию менен шығатын сияқты. Бірақ қашан екенін білмеймін. Фата кимесек те, гүл тағып тойлауымыз мүмкін. Меніңше, жақсылықты көрсету керек. Сонда жастар да жетістікке жетуге талпынады. Өздерінің 20-30 жылдықтарын осылай тойлауға ниеттенеді», – дейді әнші.

Бұл өнер иелері арасында беріден емес, бұрыннан бар үрдіс. Күні кеше отау құрғанына он жыл толғанын тойлағандар қатарын, бес балалы жұлдызды ана Динара Сұлтан толықтырған болатын. Жолдасымен неке қидырған сәтін әлеуметтік желіге салған бикеш те сынның астында қалғаны көпке мәлім. Естеріңізде болса, Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз да он жылдан соң «Арман» фильмінде ақ көйлек киіп, елді елең еткізген еді.

Комментарий