Қоғам | Общество

Ана мен бала алдындағы жауапкершіліктің орындалуы қалай?

Конституцияның 27-бабы 1-тармағында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекет қорғауында болады» деп жазылған. Алайда, соңғы кезде қоғамда мемлекеттің ана мен бала алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін жүзеге асыруына байланысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Бұл мәселеге орай сарапшылардың да пікірлерін білген едік.

Ғалия ӘЖЕНОВА, «Әділ сөз» халықаралық ұйымының сарапшысы, заңгер:
– Ешкім мемлекет ана мен балаға ешқандай қамқорлық көрсетіп жатқан жоқ дей алмайды. Бұл жерде бірқатар түйткіл бар. Біріншісі, халыққа қызмет көрсететін орталықтарда, органдарда жұмыс жасайтын мамандардың өз жауапкершілігін қаншалықты деңгейде сезінетініне байланысты болып тұр. Шыны керек, жергілікті жердегі мамандардың көбі қарапайым нәрсені шеше алмайды. Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар алдына келген адамның қағазын қабылдап алумен ғана шектелмей, мәселесін анықтап, оған ақыл кеңес беруі тиіс. Әлеуметтік ұсақ-түйек мәселенің бәрі көбіне осындай жерлерде дұрыс көмек көрсетілмегендіктен, қордаланып, оның арты түрлі шиеленістерге ұласып жатады. Екіншісі, Үкімет барлық адамды бірдей жұмыспен қамтып отырмағандықтан, көмекке мұқтаж не әлеуметтік жағынан нашар қамтылған адамдар мен отбасылардың дер уақытында тізімін жасап, оларға тиісті әлеуметтік көмек көрсету жолдарын қарастыруда осалдық танытуда. Жаңа туылған әрбір балаға жәрдемақы беру, көпбалалы аналарға әртүрлі әлеуметтік көмек көрсету бұрын да жаппай жасалды деп ауыз толтырып айта алмаймын. Салыстырмалы түрде айтсақ, ол кезде ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары болды. Мен 4 не 5 бала тудым, мемлекет қашан бізге көмек береді деп үкіметке алақан жайып, шу шығарған аналар туралы көріп-естімеппін. Ол кезде бұл мүмкін де емес еді. Себебі, ата-аналарымыз баланы бауыр етім, бақытым, байлығым деп жақсы көріп, махаббатпен туды. Сондықтан, баланы өз еркімен емес үкімет күштеп тудырғандай, кейде жөн-жосықсыз шу шығарып, биліктегілерді жерден алып, жерге салып жатқан кейбір аналарға қарап, еріксіз бас шайқауға мәжбүр боламын. Оларда ананың балаға деген махаббатымен бірге жауапкершілігі де болу керек емес пе?! Өз жауапкершілігін үкімет те, ата-ана да толық сезінбей, мәселенің шешімі табылмайды.

Әзімбай ҒАЛИ, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы:
Мемлекеттің ана мен бала алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін жүзеге асыруының өзіндік астары бар. Бірінші, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының нашарлап кетпеуіне қамқорлық. Екінші, бала тууға ынталандыру. Бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты өзге елдердің тәжірибесі жайлы жиі айтылады. Бұл, әсіресе, АҚШ пен Еуропа елдеріне қатысты болып тұр. Оның басты себебі, оларда демография үрдісі төмендеп, халықтың қартаю үдерісі жылдам жүріп жатыр. Бұл қауіп көршілес Ресейде де бар. Олар сондықтан, соңғы жылдары түрлі қолдау шараларын белсенді түрде жүргізіп жатқанымен, әзірге оның игілігін орыстардың өздері көре алмай отыр. Себебі, ұлттық және қоғамдық даму ерекшеліктеріне сай, еуропалық нәсілдегі ұлттардың көбі көпбалалы болуға аса құлшыныс танытпайды. Онда демография мәселесінде шешімнің бәрін еркектер емес, әйелдер өздері қабылдайды. Оны демограф ретінде түрлі жиындарда болған кезде, еуропалық әріптестерім де мойындап отыр. Бізде де кешегі Кеңес үкіметі кезінде ғана емес, қазір де славян ұлттарына қарағанда азиялықтар мен кавказдықтар мемлекеттен қолдау күтпей-ақ демографиялық көрсеткішін төмендетпей келеді. Оны үкімет басындағылар өз пайдасына тиімді пайдаланып отыр. Ол негізсіз де емес. Дегенмен мемлекет өз жауапкершілігін ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Жалпы, әлеуметтік көмек туралы айтқан кезде оның қаржылық, экономикалық қырларын айтпай кетуге болмайды. Өйткені, әлеуметтік қолдау шараларының теңге бағамы мен инфляция деңгейін тұрақтандырмай тиімділігі болмайды. Ал, бұл бюджетке қосымша салмақ түсіретін шаруа.

Сауалнаманы әзірлеген Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий