Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: «Аналарымыз халық игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр»

Елбасы әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу өткізді. Кездесуді ашқан Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды және еліміздің бүкіл әйелдер қауымын келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық әйел-қыздар күнімен құттықтады.
Қазақстан Президенті көпбалалы аналарға қолдау көрсетуге арналған жаңа ауқымды әлеуметтік шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтып, көрсетілетін көмек көлемі біртіндеп арта беретінін атап өтті.

– Негізінен, бұл қолдау шаралары табысы төмен көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік көмекті күшейтуге бағытталатын болады. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар көлемі артып, бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы өседі, тұрғын үйлер салынады. Сондай-ақ, «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған, – деді Елбасы.Нұрсұлтан Назарбаев келешек ұрпақты тәрбиелеу ісінде әйелдердің айрықша рөл атқаратынын айтты.
– Әлемдегі ең маңызды нәрсе әйелдің қолынан келеді. Ол адамға өмір сыйлайды. Орта
есеппен, бір отбасында үш бала тәрбиеленіп отыр десек, бір жылда шамамен 400 мың сәби өмірге келеді. Бала – бір отбасының байлығы мен мақтанышы ғана емес, тұтас елдің баға жетпес капиталы. Сондықтан біздің аналарымыз, әсіресе көпбалалы аналар, ерекше құрмет пен алғысқа лайық. Олар халқымыздың игілігін еселеп, нағыз ерлік көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқаты мен отбасылық өмірдің құндылықтары мемлекеттің берік негізі саналатынын атап өтті.
– Қарқыны күшті әрі жаңашылдыққа толы заманда сіздер ел игілігі үшін өз әлеуеттеріңіз бен қабілеттеріңізді табысты жүзеге асырып келесіздер. Түрлі салалар мен бағыттарда жаңа белестерді бағындырып, маңызды нәтижелерге қол жеткізіп отырсыздар. Менің жаңғыру жөніндегі идеяларымды іске асыруға әйелдер қауымы мол үлес қосуда, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев әйелдердің ел өміріне белсенді атсалысып отырғанын атап өтті.
– Бүгінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы әйелдердің үлесі 70 пайызға жетсе, қаржы және сақтандыру мекемелерінде 60 пайызды құрайды, ал ауыл шаруашылығында – 45 пайыз. Бизнесте, шығармашылық саласы мен спорт әлемінде зор табысқа қол жеткізген әйелдер аз емес. Біз, яғни еркектер қауымы, сіздерден қалып қоймау үшін ойлануымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті еліміздің әйелдер қауымы өміріміздің айнасы екенін әрі халқымыздың мінез-құлқы мен ментальділігін айшықтайтынын айтты.
– Біздің міндетіміз – сіздер үшін жасампаз бастамаларыңыздың толық жүзеге асуына жағдай жасау, – деді Елбасы. Кездесуге ел өмірінің әр саласында жетістікке жеткен әйелдер қауымының өкілдері қатысты.
akorda.kz

Комментарий