Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік тіл мәртебесі биіктей береді

Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытудың әртүрлі бағдарламалары жұмыс істейді. Біраз жылдардан бері қолға алынып келе жатқан бұл шаруа қазіргі таңда бірізге түсіп қалды. Ана тілі пәрменді халықтың қай кезде де еңсесі биік, мәртебесі жоғары. Қазақ тілін де бүгін осындай еңсесі биік, тұғыры жоғары тілдердің қатарында дей аламыз. Бүгін де мемлекеттік басқару жүйесі, күштік құрылымдар, басқарушы органдар, аймақтық және жергілікті атқарушы ұйымдардың барлығы дерлік мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасап, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізеді. Мәртебелі қазақ тілі бүгін жалпыхалықтық қолданысқа көшті.

Заң шығару органдары мен сот ісін жүргізуде де қазақ тілінің еңсесі биік. Қазіргі таңда республикада қылмыстық және азаматтық сот icтері, әкімшілік істер мен өзге де құқықтық құжаттар мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi. Мемлекеттік тіл рухани жаңғыру мен ұлттық сананың қалыптасуының кілті, патриоттық сезім бастауы. Тілді сөйлеу арқылы тілге құрметімізді қалыптастырып, санамыздың бір түкпірінде жатқан өткен тарихқа деген құрметімізді арттырамыз, ұрпақтың саналы салауатты өсуіне ықпалымызды тигіземіз. Мемлекеттік тілдің кемелденіп, рухани жаңғыру тұрғысында ел мақтанышына айналуына Панфилов аудандық соты да өз үлесін қосып келеді. Аудандық сотта күнделікті қаралып жатқан істердің басым бөлігі мемлекеттік тілде жүргізілуде. Бұл мемлекеттік тілде қаралған сот істерінің санын арттырып, сапасын жоғарлатып отыр. Қазір аудандық сотта қаралатын істер мен мұндағы құжаттарды сауатты әзірлеу жұмыстары да өз нәтижесін бере бастады.

Біз мемлекет шеңберінде қабылданған “Қазақстан – 2050 Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» бағдарламасында мемлекеттік тілдің қолданылу саласын кеңейту елдің әрі қарай даму артықшылықтарының бірі ретінде көрсетілгенін білеміз. Сондай-ақ, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» атты жоба да мемлекеттің тиімді бағдарламаларының есебінде тұрғаны бізге мәлім. Мемлекеттік саясат рухани жаңғыруға бет бұрды. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік тілдің мәртебесі тек биіктей беретінін көрсетеді. Ал, осындай ұлы мұраттар жолында сот саласының тұруы біз үшін үлкен мәртебе.

Асубаева Э.

Панфилов аудандық сотының судьясы,

Алматы облысы

Комментарий