Құқық | Право

ОТБАСЫ мен ҚЫЗМЕТТІ ТЕҢ ҰСТАҒАН

Сот саласындағы тың өзгерістің бірі – тергеу соттары институтының енгізілуімен байланысты. Тергеу сотының құрылуы өзін қаншалықты ақтады, заңдылықты қорғау мен әділдікті қамтамасыз етуде қандай рөл атқарып отыр? Бұл жөнінде Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Бақытгүл Дүйсебалиева әңгімелейді.
– Елбасымыздың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен құрылған Тергеу соты іс жүзінде 2018 жылдың 31 шілдесінен бастап қызмет атқарып, Қылмыстық процестік кодексте көзделген өкілеттіктерді орындайды. Бұрын тергеу судьясының өкілеттіктерін прокурорлар орындайтын. Кейін 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап тергеу судьясы институты енгізілді.
Статистикалық мәліметтерге келетін болсақ, 2018 жылдың 31 шілдесінен бастап жылдың соңына дейін Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының іс жүргізуіне барлығы 709 өтініш (жадығат) түскен, оның ішінде күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау бойынша 110 өтініш түсіп, 94-і қанағаттандырылған, он бесі қанағаттандырусыз қалдырылған; алуды санкциялау бойынша 256 өтініш түсіп, оның 254-і қанағаттандырылып, екеуін қанағаттандырудан бас тартылған; тінтуді санкциялау бойынша 46-өтініш қанағаттандырылған; төрт күдіктіге қатысты үйқамақты санкциялау жөнінде өтініш қанағаттандырылған; мүліктің ықтимал тәркіленуін қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салуды санкциялау жөнінде алты өтініш түсіп, оның бесеуі қанағаттандырылған. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың жартыжылдығында анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне 44 шағым түсіп, олардың 21-і шағым берушілердің өз өтініштері негізінде қараусыз қалдырылып, қайтарылған, ал жиырма екісі қаралып, оның екеуі қанағаттандырылған.
– Тергеу соты жаңа институт болғанымен, өзіңіздің сот саласында бұрыннан жұмыс жасайтыныңызды білеміз. Құрылған тергеу сотына қалай келдіңіз?
– Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы болып тағайындалмас бұрын Атырау қаласының №2 сотында тоғыз жыл судья болып қызмет атқардым. Бұл қызметке конкурс арқылы іріктеу кезінде менің көп жылдық еңбек тәжірибемді, қараған істер бойынша сот актілерінің сапасын ескерді деп ойлаймын. Ал, оған дейін Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында көп жылдар бойы маман боп жұмыс жасадым. Сонымен қатар, тергеу сотының төрағалығына бұған дейінгі қылмыстық істерді қарайтын соттың судьясы ретіндегі өтілім қаперге алынса керек. Себебі, тергеу сотының судьясы қылмыстық процесті білетін, қылмыстық іс жүргізу нормаларын меңгерген, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзарту, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепіл қолдануды санкциялау, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық мекемелерге мәжбүрлеп орналастыру, мәйітті эксгумациялау, іздеу жариялау т.с.с. санкциялау мәселелеріне жауапкершілікпен атқаратын судья. Қазіргі күні Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотында сот төрағасымен қатар, бір судья қызмет атқарады. Сондай-ақ, аудандық соттардың әрқайсысында тергеу судьялары жұмыс істейді. Олар көбінесе күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану жөніндегі өтініштерді және жергілікті полиция бөлімімен тергеліп жатқан істер бойынша алу, тінту тергеу амалдары бойынша жадығаттарды қарайды. Бұрын тергеу судьясының міндеті – күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасына санкция беру болатын, қазіргі таңда оның қызмет ауқымы ұлғайтылып, Қылмыстық процестік кодексінің 55-бабында көзделген өкілеттіліктер де жүктеліп отыр.
– Тергеу сотындағы жұмыс барысына тоқталсақ. Судьялар артылған жүктемені орындай ала ма?
– Тергеу сотына ай сайын сотқа дейінгі тергеп-тексеру, прокуратура органдарынан, қорғаушылар мен қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған тұлғалардан – шамамен екі жүздей өтініш, жадығат, арыз-шағым келіп түседі. Олар біз кезекшілікпен жұмыс атқаратын сенбі-жексенбі, мереке күндері де толастамайды. Қызмет барысын тиімді ұйымдастырғандықтан жүктемені игеріп, уақытылы орындауға үлгеріп жатырмыз. Тергеу барысында азаматтардан құқықтары бұзылған немесе бұзылды деп саналған және қылмыстық істі заңсыз қысқарту бойынша арыз-шағымдар жиі келіп түседі. Тергеу судьясы заңнама талабына сәйкес, Қылмыстық процестік кодексінің 106-бабына сай шағымды үш тәулікте, ал егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарап, жауабын береді. Кейде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдардан қателесіп келетін шағымдар болады. Олар тергеу сотымен қарауға жатпайды. Бұлай дейтінім, тергеу соты үкім шыққаннан кейінгі қылмыстық істер бойынша шағымдар мен өтініштерді қарамайды, сол себепті, қараусыз қалдырылып, кері қайтарылып жатады.
Тергеу соты сот жүйесіндегі реформалар желісінде өзін қаншалықты ақтады деп ойлайсыз?
– Тергеу судьясы институтының енгізілуі адамның құқығы аясында халықаралық стандарттарға сай республикамыздың құқықтық саясатының артуының бір белгісі болып саналады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында құқығы бұзылған немесе шектелген азаматтар айыптау органдарына емес, айыптау немесе қорғау тарапына қатысы жоқ, тергеу сотына жүгіне алады. Мәселен, анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау кезінде күдіктінің одан кейінгі кінәлі не кінәлі еместігіне баға берілместен заңнама аясында шешімдер қабылдануда. Құрылғанына көп уақыт өтпесе де тергеу соты бүгінгі таңда өзіне жүктелген міндеттерді ақтай білді деген сенімдеміз.
– Қылмыстық істерді қарау нәзік жаратылысты әйел жаны үшін қаншалықты ауыр? Үй мен қызметті қатар алып жүрудің қиындығы бар ма?
– Менің жұмыс пен күнделікті отбасы, ошақ қасындағы болмысым мүлдем бөлек. Қызмет барысында, әрине, тәртіпті талап етесің, нақты принциптермен жұмыс жасайсың. Үйде жақын адамдарыңмен емін-еркін, жайдары отырғың келеді. Бір жақсысы, менің отбасым жұмысымды жақсы түсінеді, үнемі моральдық жағынан қолдап, алаңдамай қызмет етуіме жағдай туғызып отыр десем артық айтпаспын. Соның өзі үлкен көмек деп ойлаймын.
Құралай ҚУАТОВА,
АТЫРАУ 

Комментарий