Аптадағы сұхбат | Интервью неделиСаясат | Политика

Балайым КЕСЕБАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты: «Қиындық – алдағы мүмкіндіктің көзі»

Балайым Туғанбайқызы, мерекеңізбен! Мұндай айтулы мейрам атаусыз қалмайтын болар?
– Көктеммен келетін мейрамды ерекше жақсы көреміз ғой. Жалпы әйелдер сүйікті болуды, назарға түсуді қалап тұратын қауым. Бұл күндері жұбайымыздан бастап дос, бауырлардан, әріптестерден сыйлық аламын. Тартудың не екеніне, құнының арзан-қымбаттығына мән бермеймін. Жақындарымыздың осы күнде ескерусіз қалдырмай, қуантқысы келген ниетіне риза болып, төбеміз көкке көтеріліп қалады. «Көңіл көңілден су ішеді» дейтін қазақпыз ғой. Осындай риясыз пейіл, ақ ниеттер адамға үлкен күш, сенім сыйлайды. Сондықтан, жақындарымды жағымды сезімге бөлеп, жүрегін қуанышқа толтыратын мүмкіндікті өзім де құр жібермеуге тырысамын. Анам тірі кезінде ең алдымен мерекемен сол кісіні құттықтаушы едік. Қазір алғашқы сыйлық енемізге арналады. Одан соң апа-сіңлілер, құрбылар, сыйлас әріптестерге тарту жасаймыз. Осылайша өзіміз де қуанып, өзгені де қуантып, бұл мерекеде бір жасап қаламыз. Кейде 8 Наурыз қазаққа тән мереке емес, ұлт аналарының өз алдына бөлек мейрамы болуы керек деген пікірлер айтылып қалады. Иә, қазақ аналарының өз мерекесі болғаны жөн. Бірақ, ондаған жылдар бойы мерекеленіп келе жатқан 8 Наурыздың орны бәрібір бөлек. Жалпы адамдар арасындағы сыйластықты еселеп, қарым-қатынасқа әдемі реңк беретін мұндай мерекелердің көптігінен зиян шекпейміз. Онсыз да қазіргі виртуалды әлемге бой ұрып, бір-бірімізбен жанды байланыс азайған уақытта, мұндай сәттер жылы да сағынышты кездесулердің әдемі себебі болады ғой. Сондықтан мерекелі, берекелі күндеріміз көбейе берсінші.
– Жаңа анаңыз жайлы айтқанда жанарыңызға жас іркілді. Әлі де анаңызды сағынатыныңыз көрініп тұр. Бұл нені білдіреді?
– Ананың орны бөлек қой қашанда, оны ешкім алмастыра алмайды. Менің анам өте қайраттты, рухы күшті жан еді. Әрдайым бәрімізге ақыл-кеңесін беріп, сәл босаңсып бара жатсақ, қабағымен ықтырып, сөзімен жігерлендіріп отыратын. Қиналған сәттерде алдымен анамызға арқа сүйейтінбіз. Балаларының ішінен анамның осы болмысы маған айрықша берілген. Бұл оның мені еркін ұстап, үнемі қасынан қалдырмай, ертіп жүруінің арқасы деп ойлаймын. Анаммен бірге той-томалақтан қалмайтынмын. Сондай кездерде құлағым үнемі үлкендер айтатын әңгімеге түрік жүруші еді. Осындай басқосулар өмір жолыма қажет баға жетпес тағылым бергендей. Анамның орны әсіресе, осы Астанаға келгеннен бері қатты білініп жүр. Өйткені, мұнда жақындарым аз. Жалпы адам баласы отбасы, достары, туыстары жан-жағынан қаумалап жатса да жаны жалғыздық тартып тұрады ғой. Одан құтқаратын тек ананың ғана махаббаты деп білемін. Есейген сайын соны сезінемін. Сондай сәттерде анама тірі кезінде қамқорлығымды, құрметімді толықтай көрсете алмағандай бір беймаза күйге түсемін. Әсіресе, осындай мереке кездерінде шіркін-ай, тірі болса, осындай сыйлық тарту етер едім дегендей бір өкініш өзекті өртейді.
Иә, бұл барлық балаларды есейген сайын қинайтын күй. Өмірбаяныңызға қарап отырсақ, үнемі басшылық қызметте болып, бірден Парламент Мәжілісіне депутаттыққа топ ете қалыпсыз. Сырт қарағанда солай ма? «Әлде сол бір сәтсіздік болмағанда, сол адамдар қиянат жасамағанда осындай деңгейге жетпес едім» дейтін тарих бар ма?
– Әрине, қайдан бәрі қолмен қойғандай болсын. Өмірдің жолы қашанда тақтайдай түзу емес қой. Шын мәнінде алғаш кеңсе меңгерушілігі деген қызметімнің аты сондай болғанымен, заты басқаша еді. Бар болғаны он тоғыз жастамын. Сол кеңсенің барлық қара жұмысын өзім атқаратынмын. Құжаттарды тықылдатып түгелдей машинкада басу, қол қойып, мөрлегенге дейінгі бүкіл шаруа мойнымда. Онда жүріп судьялар, тағы басқа лауазым иелерімен тікелей жұмыс істедім. Оларға түсетін арыз-шағымдарды алдымен мен көруші едім. Соның бәрі өмірді, адамдарды тануға, жалпы мемлекеттік қызметтің маңызын ұғуға көп септігін тигізді. Бұл тәжірибем одан кейінгі қызметтеріме де жол көрсетті. Жалпы алдыңнан кезіккен қиындық, әділетсіздік үлкен мүмкіндіктің көзі. Мемлекеттік қызметте жүргенде әр түрлі жағдай бастан өтті. Кейде ауыс-түйіс кездерінде әділетсіз шешімдер орын алған кездер болды. Оларға уақытында іштей қарсылық танытып, қиналған едім. Қазір соған қуанамын. Түсінгенім
– бұл өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды екен. Қиындықтар, әділетсіздіктер сені ширата түседі. Егер олар болмаса қолайлылық аймағынан шыққым келмей отыра берер ме едім. Расында сәтсіздіктердің арқасында алдыңызға жаңа мақсат қойып, жаңа деңгейлерге жетуге ұмтыласың, сөйтіп, жаңа білім, тәжірибелер игересің.
– Парламент Мәжілісіне депутат болып сайлану сіз үшін күтпеген жағдай болды ма? Әлде бұл сіз көздеген мақсаттың бірі ме еді?
– Еліміздің жоғарғы заң шығару органына сайлану шынын айтқанда үш ұйықтасам түсіме кірмеген жағдай. Оған «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде ұйымның Қызылорда облыстық филиалы ұсынды. Алғаш естігенде әрі қуандым, әрі қобалжыдым. Негізі Әділет министрлігінде заң шығару департаментінде осы заңдарды жазып, оларға құқықтық сараптама жасаумен айналысқанмын. Сондықтан жалпы бұл жұмыс мені қызықтырды. Бірінші келген кезде, шыны керек, депутат мәртебесіне сәйкес келу мені кәдімгідей қобалжытқан. Өйткені, бұл қызметтің жауапкершілігі жоғары. Тіпті көшеде жүрген кезде де саған көзқарас бөлек. Өзіңді көбіне белгілі шекте ұстап тұрасың. Ал, жалпы бұл жердегі қызмет шығармашылық сипатқа ие. Әділет саласындағы қызметте мен көбіне алимент ала алмай жүрген әйелдер, одан бас тартқан еркектер, құжаттандыру шараларымен айналысқан едім. Бұл жұмыстарда тікелей жауапкершілік көп. Сондықтан, оларда өз жұмысыңның қорытындысын көріп отырасың. Маған мысалы әйелдер әлі күнге дейін хат жазып, алғыстарын айтып жатады. Ондағы қызмет үнемі қауырт болатын. Проблеманың себебін зерттеуге, ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік жоқ. Ал, депутаттық қызметте өзіңді қызықтыратын салалар бойынша деректерді, талдауларды зерделеп, проблемаларды терең таразылауға жағдай бар. Барлық заң жобалары бойынша жұмыс тобының, комитеттердің отырысына қатыса аласың. Өзіңді қызықтырған жекелеген заң жобалары бойынша ұсыныс, пікір айта аласың. Маған бұл қатты ұнайды. Үнемі осылай жұмыс үстелімнің үсті материалдарға толып тұрады. Қазіргі таңда Мәжілісте жеке сот орындаушылар мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер қаралып жатыр. Бұл заң жобасына Палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіндегі бір топ депутаттар бастамашы болған едік.
Жеке сот орындаушысы институтының құқық қорғау саласына енгеніне, ұмытпасам, бес-алты жылдай уақыт болды. Осы аралықта бұл қызмет әлі толыққанды қалыптаса алмады ма? Жаңа құжатта оған қатысты қандай мәселелер шешімін таппақ?
– Жеке сот орындаушы қызметінің проблемалары өте көп болып отыр ғой. Олармен әділет саласында жүрген кезімізде талай бетпе-бет келдік. Сот шешімдерінің тоқсан пайызын атқару
жеке сот орындаушыларға берілгенін білесіздер. Бүгінде бұл құжаттарды орындау барысында аталмыш институт көптеген кедергілерге тап болып отыр. Бұл заңнама аясында нақты тетіктердің болмауының салдары. Осыған орай Мәжіліс те арнайы Үкімет сағаты өткізілді. Сот шешімдерін ешкім өз бетімен орындамайды, олар мәжбүрлеп орындатылады. Проблема осыдан туады. Мәселен, азаматтардың несиелерін өтеу үшін еркінен тыс мүліктерін алу, үйлерін сату психологиялық тұрғыдан екі жақты өте ауыр. Осы шараларды жүзеге асыруға санкция алу үшін сотқа бару керек. Бұл жұмыстың дер кезінде атқарылуына кедергі. Біз оны прокурордың құзыретіне көшіріп отырмыз. Жеке сот орындаушылардың мемлекеттік сот орындаушыларға қарағанда құзыреті төмен болып отыр. Мысалы борышкер сот шешімін орындаудан бас тартқан кезде мемлекеттік сот орындаушы оны жауапкершілікке тарту туралы хаттама жасап, сотқа бере алса, жеке сот орындаушы мұндай шешім қабылдай алмайды. Бұл шараны жүзеге асыру үшін ол мемлекеттік сот орындаушыға келу керек. Борышкер оған келмейді. Оны әрең тапқанда осындай амалдар шешімнің орындалуына кедергі келтіреді. Ал мемлекеттік сот орындаушының өз жұмысы да аз емес. Оны кейде тіпті орнынан табу қиын. Міне осы бір қарағанда ұсақ мәселе сот атқару ісіне үлкен нұқсан келтіреді. Борышкерлерді полицияға күштеп әкелуге қатысты да тиімді тетіктер жоқ. Жалпы қоғам жеке сот орындаушыны дұрыс қабылдай алмай отыр. Жеке және заңды тұлғалар да, мемлекеттік органдар да бұл институтты мойындағысы келмейді. Заң бойынша жеке мен мемлекеттік сот орындаушылар қаулысының күші бірдей болса ғана соңғысының қызметі пәрменді болар еді. Осындай мәселелерді өзіміз бастамашы болған заң аясында шешуді көздеп отырмыз. Парламенттегі ең жақсы мүмкіндік – осындай мәселелерді заң аясында шешуге болатыны. Әділет саласында жүргенде жылжымайтын мүлікті тіркеу, сот сараптамасы институты мәселелері қатты қызықтыратын. Бірақ, оларды зерттеп, зерделеуге мүмкіндік келмейтін. Қазір шетелдік тәжірибелерді саралап, бұл қызметтерді одан әрі дамытудың жолдарын заңдарға өзгерістер енгізу арқылы шешуге болатынына көзім жетіп отыр.
– Мәселен, қандай шаралар қабылдауға болады екен? Жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты бізде қандай шешімін күткен мәселе бар?
– Жалпы әрбір адам үшін қалыпты өмірдің маңызды көзі – тұрғын үйдің болуы. Бүгінгі күні жеке тұрғын үйі бар әрбір адам, құқықтық құжаттарды рәсімдеудің маңыздылығын түсінеді. Шынында да, бүгінгі таңда кез келген жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәміле тіркеуші органда тіркелген жағдайда заңды деп танылады. Дамып келе жатқан құрылыс нарығы осы мемлекеттік қызметтің сұранымына әкелді және біздің халықтың әл-ауқатының артуы тіркеуді ұлғайтуға, сондай-ақ, белгілі бір құқықтық тәртіпті, құқықтық білім негіздерін белсенді насихаттаудың арқасында қол жеткізілді. Алайда оң статистиканың негізгі критерийі – жылжымайтын мүлікті есепке алудағы кедергілерді азайту болып табылады. Бізге осы бағытта нақты шаралар қабылдау керек.

  – Жалпы бізде заңдар жиі өзгеріске ұшырайды. Оның себебін сұрағанда еститін жауабымыз – қоғамдық қатынастардың жиі өзгеруі, жаңа тәуекелдердің пайда болуы. Әділет саласында заңнамаларға сараптау жасаудың үлкен мектебінен өткен білікті заңгер ретінде сіз бұған не айтасыз?
– Заңдардың жиі өзгеруіне сіз айтқан себептердің ықпалын жоққа шығармаймын. Иә, расында жаңадан пайда болып жатқан қатынастар, тәуекелдерге қатысты шешім қабылдау үшін бізге заңнамалық негіздер қажет. Бірақ, бұл ретте қай саланың болмасын даму жолы, перспективасы, мүмкіндігі болжанып, ғылыми тұрғыда негізделуі қажет. Алайда, бізде олар шетелдік сарапшылардың қорытындысына сүйеніп жасалып жатады. Мәселен, қазір жылжымайтын мүлікті тіркеу рәсімі үш күн, егер онлайн тіркеу болса он минутта жүзеге асады. Меніңше, бұл уақыт ондағы күрделі материалдардың заңдылығын қарап, саралауға жеткіліксіз. Мұны мен өз тәжірибемнен білемін. Енді шетелдік сарапшылардың айтуымен оны бір күнге қысқарту туралы ұсыныс жасалып жатыр. Бұл мүлікті сатып алатын адамның құқығының дұрыс қорғалмауына алып келетін жағдай. Біз мұны өз жағдайымызды саралап отырып, шешуіміз керек. Мұндай заң, әрине, сапасыз болып, ертеңіне түрлі мәселелер тудырады. Оларды сосын өзгертуге тура келеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік органдардың белгілі бір саланы дамытуға қатысты ғылыми негізделген концепциялары болу керек.

– Cоңғы уақытта қоғамды Астанадағы бес баланың өлімі, бұған аналар тарапынан жасалған наразылық дүр сілкіндірді. Осы жағдайға байланысты Үкімет тарапынан қандай шешім қабылданғаны белгілі. Десе де, шаралардың алдын ала қабылданбай, өрт сөндіру сипатында жүзеге асатыны қынжылтады. Ол аздай, кейбір шенеуніктердің тарапынан бұған немқұрайдылық танытылуы жұртшылыққа ауыр тиді… Тіпті кейбірінің «баланы асырай алмаса неге туады?» деген әңгімесін естіп көңіл құлазиды. Бұл «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері ғой.
– Балалардың үйде қамалып қалуы қашаннан бері бар жағдай ғой. Шыны керек, өзіміз де солай өстік. Мен қазірдің өзінде бес жастағы баламды қайда тастарымды білмей, үйге жалғыз қалдырып кетемін.
– Енді сіздің күтуші жалдауға мүмкіндігіңіз келеді ғой…
– Иә… Десек те, жалпы ата-аналар балалы болуды жоспарлағаны дұрыс деп есептеймін. Себебі, балалы болу деген ниет дүниеге бала әкеліп қана қоюды білдірмейді. Баланы дұрыс өсіріп, оған лайықты тәрбие, білім беру қажет. Өзгенің тар кепесін жалға алып жүргенде бұл қайдан мүмкін болмақ? Осындай жағдайды ескермей, дүниеге бір емес, бірнеше сәби әкелу ең алдымен осы балалардың тағдырына жауапсыз қарау деп білемін. Әрине, сырттан тон пішу, төрелік жасау орынсыз. Дегенмен, ата-аналар сәбилі болар алдында «мен оған не бере
аламын?» деген сауал төңірегінде жақсылап ойланғаны дұрыс сияқты.
Жалпы, біздің қоғамда әйел-аналарға бір қырын көзқарас бар. Аналар алпыс үш жасқа дейін жұмыс істейтін біздің елде елуден асқан әйелдерді жұмысқа қабылдауға мекеме, ұйымдар құлықты емес. Осының салдарынан ақыл, тәжірибесі толысқан ханымдар көзден де, көңілден де кетіп, үйде отыруға мәжбүр. Зейнет жасын төмендету қажеттігі өз алдына, әйелдердің осы тобын қолдауды құқықтық тұрғыдан реттеу керек сияқты. Келісесіз бе?
– Негізі елу жастан асқан әйелдердің жағаға шығып қалуына өздері кінәлі деп ойлаймын. Мысалы уақытында менің қарамағымда орта жастан асқан екі әйел істеді. Оның бірі өте ұтқыр болды. Ақпараттық технологияның заманауи үрдістерін жылдам меңгеріп алатын. Үнемі сергек, жаңалықтарға әрдайым ашық жүретін. Өзіне жүктелген міндетті дер кезінде орындап, жастармен өз тәжірибесін бөлісуден де тартынбайтын. Ал, екіншісі оған мүлде кереғар кісі болды. Әрдайым жасының үлкендігін алға тартып, өз міндетін өзгелерге
ысыруға дайын тұратын. Жаңа нәрсені үйрену былай тұрсын, қолданыстағы дүниені іске қосуға ынта танытпайтын. Әрине, мұндай қызметкерді қандай басшы қалайды? Құтылудың жолын іздейді. Біз де жұмыстан шығарып тындық. Сондықтан, бәрі де адамдардың өзіне
байланысты. Егер сен іскер, ширақ болсаң зейнет жасында болсаң да жұмысқа алудан
ешбір басшы қашпайды. Шыны керек, қазір білікті мамандар тапшы. Әсіресе, мұғалімдік қызметте тәжірибелі ұстаздардың орны ойсырап тұр. Бұл салаға келетін мамандар арасында кездейсоқ жандар өте көп. Еңбек ұжымдарында жастар мен үлкендердің қоян-қолтық жұмыс істеуінен ең алдымен жұмыстың сапасы ұтар еді. Негізі осындай теңгерімділікті сақтауға ұмтылуымыз керек. Ал, зейнетке шығатын әйелдер жасының ұзартылуына келетін болсақ, мұнда тек құрылыс саласы сияқты ауыр жұмыстарда істейтін әйелдерге жеке талап белгілену керек деп есептеймін. Ал, басқалар үшін алпыс үш жас соншалықты көп емес. Шыны керек,
бүгінде көптеген әйелдер үйде жұмыссыз отыруды қаламайды. Жалпы жұмыс істеу, қоғамға араласудан адамға пайда болмаса, зиян жоқ. Керісінше, адам қоғамға қажет болмай қалудан, жұмыссыздықтан күйзеліске түсіп, түрлі келеңсіздікке ұрынады. Сондықтан, әйелдер де қатардан қалмай, өз тәжірибелерін елді дамытуға, жастарға үлгі көрсетуге арнағаны дұрыс деп ойламын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий

Бөлісу | Поделится