Қоғам | Общество

Құры қаңылтырмен жабылған: 83 жастағы кейуана суы бар мұздай құдыққа құлап кетті

Петропавлда 83 жастағы кейуана тереңдігі үш метрге асатын шұңқырға құлап кетті. 40 минут бойы белуардан келетін судың ортасында тұрған зейнеткерді құтқару оңай болмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Құдықтан тезірек шығармаса, мына жерде отырмас едім. Беліме дейін суық суға баттым. Қатты тоңып қалдым», – дейді зейнеткер.

Тамара Кәуенова саяжайға жеміс-жидек жинауға барып, абайсызда ашық жатқан құдыққа құлап кеткен екен. Ол аздай үсті қаңылтырмен жабылған, тереңдігі 3 метр болған құдықтың ішінде 40 минут бойы белуардан келетін мұздай суға батып тұрған.

Көршілері құтқарушыларды шақырмағанда шұңқырдың ішінде аман қалуым неғайбыл еді дейді зейнеткер.

«Сол аяғы темірге тіреліп қалып, екінші аяғымен ғана судың ортасында тұрып қалыпты. Сондықтан шығару оңайға түскен жоқ. Арнайы арқан көмегімен көтеріп алып шықтық», – деді СҚО ТЖД құтқарушысы Саян Ахметжанов.

Комментарий