Тағдыр | Судьба

«Үш күн бұрын әйелімді атып тастады»: Сириядан оралғандар заңды некеге отыра ма? (ВИДЕО)

Шам еліндегі әскери қақтығыстар мен тұрмыстық қиындықтан шаршаған келіншек әуелі күрдтерге беріліп, кейін «Жусан» операциясымен елге қайтарылды.

Сириядан оралғандар жұбайларымен некесін заңдастыруды сұрап отыр. Бұл жайында түрмеде өткен кезекті сот отырысында белгілі болды. Енді олардың талаптары заң аясында қаралады. ДАИШ құрамында болды деген күдікке ілігіп, терроризм баптарымен айыпталып жатқан 14 ер-азаматтың ісі қаралған сот жайлы Астанаарнасы хабарлайды.

Бүгінгі сот отырысына айыпталушылардың жұбайлары келді. Айтуларынша, олар мамыр айында елге оралған. Содан кейін жолдастарын көріп тұрғаны осы. Айыпталушы Данабек Төреханов ағасымен 2011 жылы Түркия арқылы Иранға, кейін Сирияға кеткен.

2014 жылы әйелін де сол жаққа шақыртыпты. Бірақ, бүгінге дейін некесі заңды түрде ешбір жерде тіркелмеген. Енді осы олқылықтың орнын толтырмақшы.

«Мен күйеуіммен заңды некеде тұрғым келеді», – дейді айыпталушының әйелі.

Сот процесіне қатысқан тағы бір айыпталушының әйелі әкесімен кездестіруге баласын да ала келген. Олар ерімен бірге 2011 жылы Дубайға, артынан Сирияға аттаныпты. Шам еліндегі әскери қақтығыстар мен тұрмыстық қиындықтан шаршаған келіншек әуелі күрдтерге беріліп, кейін «Жусан» операциясымен елге қайтарылды.

«Намазымызды еркін оқып, мұсылмандардың арасында еркін өмір сүреміз деп бардық. Ол жаққа бару – адасушылық. Ол жаққа барғысы келетін адамдарға: «Ол ойларыңнан қайтыңдар!» деп айтамын. Ол жақта қызығатын ештеме жоқ», – дейді ол.

Ал айыпталушы Газинур Бақытжанов осы жолда отбасынан айрылған. Өзі әуелде бұл жолға жалғыз барған. Кейін ұлы да әкесінің артынан жолға шығыпты.

«Ол Сирияға 2015 жылы келген. Биыл Алла жолында қайтыс болды.Оны мен шақырған жоқпын. Тек шекарадан өтуіне ғана көмек көрсеттім. Менің Қазақстанға қайтатын ойым болмады. Себебі, жақындарымның барлығы сонда қалды, оның үстіне кетерден 3 күн бұрын әйелімді атып тастады», – дейді Газинур Бақытжанов.

Адвокаттардың айтуынша, 14 күдікті жасаған қылмыстарының деңгейіне сай 8 жылдан 12 жылға дейін жаза арқалуы мүмкін.

Сириядан оралған 14 күдіктінің ісін сотта тыңдау процесі әзірге аяқталып, оларды арнайы көліктерде уақытша тергеу изоляторына алып бара жатыр. Сот ісін қайта тыңдау процесі 29 қазан күні жалғасатын болады.

https://youtu.be/sOkCN4w8yVA

Комментарий