Судья мінбері | Судебная система

Сот реформалары халық игілігі үшін!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында халыққа арнаған Жолдауында “Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы” деген болатын. Негізсіз емес. Соңғы жылдары салада жасалып жатқан күрделі реформалардың арқасында сот саласында жаңашылдықтар мен күрделі өзгерістер орын алды. 

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында атап өтілгендей, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары ішінде демократиялық және құқықтық мемлекеттің сұранысына сай келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасты. Құқықтық жүйедегі реформалардың маңыздыларының бірі – сот жүйесінің азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мен оңтайландыруға бағытталған ауқымды шараларды атап өтпеске болмайды. Қазіргі кезде сот жүйесіне сенімділікті арттыру, іс жүргізудің оңтайландыру, оның қолжетімділілігін, жеделдігін арттыру және сот жүйесінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында соттардың іс жүргізуінде инновациялық ақпараттар технологиялары кеңінен қолданылуда. Техниканың қарыштап дамыған заманында ақпараттық технологияларды қолдану сот жүйесінің алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін зор септігін тигізуде.

Айта кетер жайт, мемлекет басшысы өз Жолдауында “Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық” деген болатын. Сондықтан алдағы уақытта азаматтардың құқықтарын қорғау, сапалы сот қызметін көрсету бағытындағы жұмыстар жетілдіріле бермек.

Бұның бәрі еліміздің сот жүйесін жетілдіріп, одан әрі дамытуға бағытталған шаралардың бір сыпырасы ғана. Осындай жүйелі жұмыс арқасында Қазақстан Республикасының сот жүйесі басқа мемлекеттердің сот жүйелерімен, жалпы халықаралық құқықпен өзара тиімді қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігіне қол жеткізді. Сөйтіп еліміз неғұрлым әділ және ашық сот төрелігін қамтамасыз етуге нақты қадамдар жасап келеді. Сот жүйесіне енгізілген барлық жаңашылдықтар мен даму жолдары сапалы сот корпусының құрылып, әлемдік дамыған елдер қатарынан көрінудің бастамасы. Халықаралық стандарттар мен қоғам талабына сай жоғары кәсіби сот жүйесі жыл сайын тың бағыттарды бағындырып, жаңа сатыға өтетініне сеніміміз мол!

Кішібай Ұлан Тұмарханұлы, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий