Қоғам | Общество

Қарағандылық жалғызбасты анаға маникюрі үшін АӘК беруден бас тартылған

Қарағандыда тұратын Гүлнара Қасымова 4 жасар қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ол пәтерақысын және балабақша ақысын өзі төлеуде. Бұрынғы күйеуі алиментті тұрақты түрде төлемейді екен. Ол атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарын тапсырғанда, маникюрі үшін бас тартылыпты.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Гүлнара Қасымова шілде айында жұмыссыз қалғандықтан, атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттар тапсыруды ұйғарған. Айтуынша, үйіне бір адамнан тұратын комиссия келген. Әйел өзінің жалғызбасты ана екенін айтып, әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін растапты. Алайда оған АӘК беруден бас тартылған.

«Ол жерге мен ешқашан алып көрмеген соманы қосып қойыпты. Шынымды айтсам, реніш қалды. АӘК-ге мұқтаж емес, жағдайы бар, күйеуімен бірге тұратын, жұмыс істейтіндерге де беріп жатыр ғой», – дейді Гүлнара.
Арна мәліметінше, жалғызбасты анаға АӘК беруден бас тартылуына оның маникюрі себеп болыпты.

Ал жұмыспен қамту орталығындағылардың мәліметінше, Қарағандыда 316 отбасы АӘК-ні заңсыз алып келген.

«Біздің мамандар көрсетілген мекенжайларға барып, екі қабатты коттеджі, көлігі барын, жағдайы жақсы екенін анықтады. Алайда олар АӘК алу үшін құжаттар тапсырған. Онда көрсетілген табысы 42 500 теңге. Ал шындығында сол уақытта 4-5 млн теңге табыс түскен», – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Ал құқық қорғаушы Нұржан Жалбыров әлеуметтік жәрдемақы алатындардың үнемі кінәлі бола бермейтінін айтады. Көбіне АӘК беруден заңсыз бас тартылады, дейді.

«Олар табыс ретінде барлығын есептейді.Жылжымайтын мүліктен бастап, гүлге дейін есептейді деуге болады. Гүлдер – қолданыста болған бау-бақша тәрізді. Факт бойынша, ол кіріс әкеле ме, жоқ па, еш жерде белгіленбеген. Ешқандай есеп жоқ», – дейді заңгер.

Комментарий