Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

“Қатаң жазаланады”: Бас прокуратура 26 қазанда митингіге қатысатындарға ескерту жасады

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды 26 қазанда елімізде заңсыз митингіге қатысуға шақыруда. Осыған байланысты еліміздің бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желілерде сотпен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, қатысуға шақырулар таратуда. Аталған ұйымның мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр. Олар тұрғындарды құқыққа қарсы іс-әрекеттерге айдап салып, адамдардың қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне залал келтіру, қоғамның қалыпты тіршілік әрекетін бұзу қауіпін туындатуда», – дейді бас прокурордың орынбасары.

Дембаевтың сөзінше, аталған тұлғалардың қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін іс-әрекеттеріне жол берілмейді және олар шектеуге жатады. Себебі Конституцияның нормаларына және елдің заңдарына, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19, 20, 21-баптарына қайшы келеді.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабына сәйкес экстремистік ұйымдарды тарта отырып, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізуге, олардың айырым белгілерін пайдалануға, экстремистік материалдарды таратуға жол берілмейді.

Осыған байланысты, мемлекеттік органдар сотпен тыйым салынған экстремистік ұйым бастамашылық етудегі рұқсат етілмеген наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданатын болады», – деп ескертті Болат Дембаев.

Заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабы (ҚР бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша жауаптылық мәселесі қойылатын болады. Ол бойынша заңсыз митингіге қатысқандарға 50 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылған.

«Егер осы іс-әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулі зиян келтірсе, ол Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша (Рұқсат етілмеген акцияларды ұйымдастыру және қатысу) жауаптылыққа әкеп соғады», – дейді Дембаев.

Бас прокуратура құқық бұзушылықтың алдын алу, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында азаматтарды арандатушылық шақыруларға берілмеуге және экстремистік ұйымдардың заңсыз акцияларына қатысудан бас тартуға шақырады.

Комментарий