Судья мінбері | Судебная система

Тіл – тәуелсіздік тірегі

Қазақ тілі тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тіл мәртебесін алып, мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді. Соған орай, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Елбасының бастамасымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылды. Бүгінде мемлекеттік тілді дамытып, оның қолданыс аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар аз емес.

Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында мемлекеттік тіл ұлттық сананың басты кілті екенін айрықша атады. Мақалада айтылғандай, ұлттық код бұл – ең алдымен, тілде. Ұлт көшбасшысының: “Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл”, “Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде”, “Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлтты тұтастырудың тегеуренді тетігі болуы тиіс”, “Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас” деген сөздері барша қазақстандыққа бағдаршам іспетті.

Ал, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы жолдауында ел азаматтарын қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру үшін жұмыла жұмыс жүргізуге шақырды. Яғни, президент: “Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек” деді. Тәуелсіздіктің басты тірегінің бірі – мемлекеттік тіл екені талассыз, 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған еліміздің даму стратегиясында да мемлекеттік тілге ерекше назар аударылған.

Сондықтан, қазақ тілінің болашағы Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Олай дейтініміз, мемлкеттік тілді құрметтеу әрбір азаматтың борышы. Өзіміз еңбек етіп отырған салаға келсек, сот жүйесінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтерудің өзекті мәселелері ұдайы көтеріліп, сот төрелігін атқарудағы тіл қолданысы мәселесіне жіті көңіл бөлінуде және бұл тұрғыда пәрменді шаралар қолға алынуда. Мысалы, еліміздің Жоғарғы Сотында “Сот жүйесінде мемлекеттік тілді жетілдіру” тақырыбында өткен кеңесте Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатаятынын, сондықтан, тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіздігін алға тартты. Бұл мәселеде төраға сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіру қажеттігін, ол үшін алдымен сөйлей және жаза білу міндетін қойды. Сот актілері түсінікті әрі қарапайым тілде жеткізілуі үшін судьялар бос уақыттарында шешендік өнерді меңгерулері тиіс. Сонда ғана сот шешімдері жалпы жұртшылыққа түсінікті болмақ. Бұрынғы билеріміздің барлық дау-дамайды ақылдың күшімен, тілдің қуатымен шешіп, тентекті тезге, жазықтыны жөнге салып, ел бірлігін сақтағанын төраға үлгі етті.

Үлгі етіп қана қойған жоқ, нақты шаралар қолға алынуда. Мысалы, бүгінде мемлекеттік тілдегі сот актілерінің стандарттары біркелкі қалыптасты. Сот актілерінің мемлекеттік тілде сапалы шығарылуына баса

назар аударылуда. Жоғарғы Сот сот шешімдері мен үкімдеріне қойылатын тілдік талаптарды күшейтіп, нормативтік қаулылар қабылдады. Ендігі жерде мемлекеттік тілдегі сот актілеріне тұрақты мониторинг жүргізілмек. Сот тіл заңдылықтарының сақталуына кепілдік беріп қана қоймай, мемлекеттік іс жүргізуді сапалық белеске көтеруге бағыт алып отыр.

Ұлттың рухани жаңғыруында тілдік сананың жаңғыруы айырықша десек, қазақтың тілі мен ұлттық рухы рухани жаңғырудың негізгі өзегіне айналған, әлемдік өркениетте өз орны бар мәңгілік елдің жарқын болашағы үшін жұмыла еңбек ету ел алдындағы басты парызымыз.

Талғат Садықов,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий