Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықпен күрес басты назарда!

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, жегі құртпен күрестің түрлі тәсілдері қолданылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да жақында халыққа арнаған Жолдауында жемқорлық мәселесіне айрықша тоқталып өтті.

“Жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу  ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ” деген мемлекет басшысы онымен күрестің алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді. Әлемнің көптеген елдері секілді, біздің  мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Айта кетер жайт, Қазақстан – бұрынғы кеңес Одағы аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданылатын заң қабылдап, осы мәселе жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылған алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз. Сондықтан жемқорлықпен күрес бүкіл қоғам тарапынан жүргізілуі керек. Жемқорлықсыз қоғамды мақсат еткен еліміздің ұстанымы келешекте өз нәтижесін беретіні даусыз! Бүгінгі күні жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан шаралар соның дәлелі болмақ.

Куспантай Айым Тулегеновна, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының жетекші маманы.

Комментарий