Қоғам | Общество

Оқушылар да генерал болуды армандайды

 Алматылық 200-ден аса жоғарғы сынып оқушылары еліміздегі ең ірі әскери оқу ордасы Құрлық әскерлері Әскери иниститутында болып, бір күн курсант кейпіне енді. Ал, мектеп оқушыларын жылы қарсы алып, оларды курсанттық өмірдің қыр-сырымен таныстырған иниституттың 3-4 курс курсанттары бұл кездесуге жан-жақты дайындалыпты. «Бір күн курсанттардың қатарында» атты акция аясында ұйымдастырылған шараға Алматы қаласынан барлығы 26 мектептің оқушылары қатысып, өздерін жаңа қырынан тануға зор мүмкіндік алды.

Темірдей әскери тәріптің дәмін татқан мектеп оқушылары сапқа тұрудан бастап, әскери формаға жаға тігуге дейін үйренді. Үйреніп қана қоймай, өз ара сайысқа түсіп, барлығы ер жігітке тән мінез танытуға тырысты. Сапқа тұрып, атыс және дене дайындықтарын сынап көріп, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бойынша тәп-тәуір көрсеткіштер көрсеткен олар алғаш рет қолдарына автомат ұстады. Иниститут басшылығы оқушыларға автоматты шашып, қайта жинап көруіне рұқсат берді. Өз кезегінде, Құрлық әскерлері Әскери институтының 3-4 курс курсанттары оларға көмектесіп, жинаған-терген тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңында балалар сарбаздар ботқасынын дәм татып, артынша курсанттардың концерттік бағдарламасын тамашалады.

Осылайша, бір күннің қалай өтіп кеткенін сезбей қалған жеткіншектер уақытты өте қызықты өткізгендерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті. Ал, курсанттар балаларға өздерінің иниститут қабырғасындағы өмірлерінен қызықты әңгімелер айтып, жетістіктерімен бөлісіп, одан бетер қызықтырып қойды. Нәтижесінде, оқушылар «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» деген қанатты сөздің мәнін ұғып, болашақта әскери қызметкер болғысы келетіндердің қатары көбейді.

Мектеп оқушылары бір күндік бұл шарада біраз нәрсені үйреніп қана қойған жоқ. Сондай-ақ, олар ерекше көзге түскендерді үшін түрлі сыйлықтар мен марапат қағаздарын қанжығаларына байлап қайтты. Атап айтқанда, бас жүлде – кубок, 78 мектеп-гимназиясының «Түріксіб» әскери-патриоттық клубына бұйырса, барлық оқушылар көрсеткен жетістіктеріне сай марапаттарға ие болды. Осы ретте Құрлық әскерлері Әскери институтының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі бастығының орынбасары полковник Жұмабек Хасенов: – «Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – бұл Қазақстан Қарулы Күштер қызметінің бағыттарының бірі. Акцияның басты мақсаты – оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беріп, әскери және азаматтық жастар арасында өзара іс-әрекетті нығайту», – деп атап өтіп, оқушыларға сәттілік тіледі

. Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Комментарий