Судья мінбері | Судебная система

Дау шешуде бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру басты міндет

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” тақырыбындағы жолдауында “Заман талабына сай тиімді мемлекет”, “Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету”, “Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика”, “Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі”, “Қуатты өңірлер – қуатты ел” бағыттары қамтылып, жан-жақты сараланған. Біз осылардың ішінде екінші бөлімге тоқталсақ, құқық қорғау, сот салаларындағы күрделі реформалар президент айтқандай, реформа күйінде қалмауы керек, яғни, олар ел тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторына айналуы тиіс.

Президент жолдауда сот шешімдерінің сапасын арттыруға айрықша мән берді. “Сотына сенген ел – келешегіне де сенеді” демекші, бұл тұрғыда сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, дауларды шешуде бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажеттігін тапсырды. Мысалы, ел тұрғындары мен билік органдары арасындағы дауда көп жағдайда теңсіздікке орын берілетінін жасырмаған мемлекет басшысы, мұндай олқылықтың алдын алу үшін әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігін айтты. Себебі, Конституцияда көрсетілгендей, сот алдында жұрттың барлығы тең, демек, бұл тұрғыда әкімшілік әділет құрылымы дау-дамай шешудің ерекше тетігі саналады. Жолдауда нақтыланған тағы бір мәселе ендігі уақытта дау шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Әрі бұл міндет, яғни, дәлелдемелерді жинақтау мемлекеттік органға жүктеледі. Оған азаматтар да, бизнес өкілдері де араласпайды. Сонымен қатар, заңдардағы қарама-қайшылықтар мен күмәнді жайттарда ең алдымен азаматтар мүддесі ескеріледі. Ал, бұл заңдылық өз кезегінде қарапайым жұртшылық құқықтарының жоғары деңгейде қорғалуына кепілдік береді.

Президенттің ауыр қылмыстарға қатысты жазаны қатайту туралы тапсырмасы көп көңілінен шыққан мәселенің бірі болды. Өйткені, заңдарды ізгілендіру қылмыстың азаюына емес, керісінше, көбейткенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осыған орай, мемлекет басшысы жолдауда тұрмыстық, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әсіресе, әйелдер мен балалар зардап шеккен қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайту шараларын тез арада қолға алуды Үкімет пен Парламентке жүктеді. Сол арқылы азаматтардың негізгі құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіледі. Бұған қоса браконьерлерге қатысты жаза да қатаймақ. Себебі, жазаның жеңілдігін пайдаланатындар саны азаймай тұр. Президент тапсырмаларын орындау құзырлы органдар тарапынан екі ай мерзімде орындалуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан, президент орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттігін және оған

сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысулары тиістігін нақтылады. Сыбайлас жемқорлық орын алған мекеме басшысының жауапкершілігі бұған дейін айтылғанымен, нақтыланбаған еді, алдағы уақытта осы мәселенің заңнамалық және нормативтік тұрғыда шешілуі де жолдауда көрініс берді. Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлықта арандатушылық әрекеттерге баратын құзырлы органдар қызметкерлері де жоқ емес. Осыны ескерген мемлекет басшысы ондай әрекетке барғандарға қатаң жаза тағайындалу қажеттігін және кінәсіздік презумпциясы сақталуы тиістігін айтты. Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесін толық реформалау, оның ішінде ең бірінші келер жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыруды тапсырды. Жолдауда “Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді” деген президент қазақ тілінің мәртебесін де назарынан тыс қалдырмады. Қорыта айтқанда, мемлекет басшысы Жолдауда азаматтарды ашық диалогқа шақырып, дамыған отыз елдің қатарына кіру жолында жұмыла еңбек етуге үндеді.

Ботагөз Алмасбаева,

Ақтөбе қалалық сотының судьясы

Комментарий