Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

«Пара алған жоқ»: Ермегияевтің ісі тексеруге жіберілді

Талғат Ермегияевтің ісі соттан сұратып алынып, тексеруге жіберілді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысының қорғаушысы Алла Котлова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Ермегияевтің қорғаушысының сөзінше, құқық қорғау органдарының қылмыстық істі тексеріп жатқанына шамамен бір ай болған. Ол мұндай тескеруге не себеп болғанын білмейтінін айтты.

Алайда Котлова аталған тексеріс қылмыстық істің қайта қаралуына себеп болады деп үміттенеді. Ол Ермегияевтің кінәсіз екенін айтып отыр.

«Ермегияев жасамаған қылмысы үшін сотталды. Жекелей алғанда, бұл пара алу дерегіне қатысты. Ермегияев пара алған жоқ», – дейді Алла Котлова.

Еске сала кетсек, Талғат Ермегияев 2016 жылдың маусым айында 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол қомақты көлемде пара алды деп айыпталған.

Бұған дейін Ермегиявтің түрме басшыларының арқасында емін-еркін шалқып өмір сүргені хабарланған-ды. Сондай-ақ, оның колония ішінде жүріп тағы қандай тәртіп бұзғаны анықталды. «Экспо-2017» ұлттық компаниясының экс-төрағасы, жеке аспазшы жалдап, телефон ұстап қана қоймай, ресми әйелімен де және азаматтық некедегі жарымен де емін-еркін көрісіп тұрған. Оған қоса сотталушының заттарды бөлшектеп қораптайтын цехтың ішін жөндетіп, оны өзінің жеке пәтеріне айналдырғаны расталды.

Комментарий