Қоғам | Общество

Бөгендіктер ауыл мектебінің ғасырлық тойын атап өтті

Қызылорда облысының, Арал ауданына қарасты Бөген деген ауыл бар. Кезінде ауыл халқының көптігі соншалық Бөген, Көне Бөген деп екіге бөлінген. Ауыл халқы теңіздің толқынына, тулаған балығы мен шулаған  шағаласына бауыр басқан, балықшылардың ұрпағы болатын. Кейін теңіз қайтып, ауылдың біршама халқы ауылдан көшті. Көне Бөген ауылының тұрғындары көшіріліп, таратылып, Бөген ауылы қалды. Жақында осы Бөген ауылында ерекше той өтті. «З. Шүкіров атындағы №20 орта мектептің негізі қаланғанына 100 жыл»!  Ғасырлық тойға осы мектептен түлеп ұшқан түлектері жиналып, туған жерге құрмет көрсетті.

Кіндік қаны тамған, туған жердегі мектептің мәртебесін асқақтатып, мерейтойға орай арнайы Қазақстанның түкпір түкпірінен түлектердің жиналуы теңіз суына шомылып өскен, ауыл түлектерінің тектілігінен хабар берсе керек. Өйткені тойлатар болса ғасыр жасаған мектептер жетерлік емес пе?! Осы орайда айта кетер жайт, Елбасымыз, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы алдыңғы жылы «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын… Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» деген болатын. Елбасы тарапынан айтылған ұсыныс, бүгінде жер жерде қолдау тауып жатыр.  Осы орайда Бөгендік түлектер де өздерінің Туған жер алдындағы парыздары мен білім алған оқу ордасына құрметтерін көрсету мақсатында туған жерде бас қосты.

Басынан бастап айта кетсек… Мектептің ғасырлық тойын атап өту туралы бастаманы мектептің ұжымы ең алғаш жыл басында көтереді. Осы мақсатта сыртта жүрген түлектерге хабарласып, кімде қандай ой-пікір, ұсыныстар бар екенін сұрап, мерекені өткізуге көмек көрсетіп, атсалысу туралы өтініштерін жеткізеді. Осыдан құлағдар болған түлектер өздерінің бұған ықыласты екенін білдіріп, бәрі мақұлдаған соң, дайындық жұмыстарына кірісіп кетеді.

Еліміздің түкпір түкпіріндегі түлектерді тауып, игілікті іске жұмылдырып, ортақ байланыс жүйесін құрып дайындық жұмыстарын бастайды. Алдымен Қызылордада жұмыс комиссиясы құрылып, төраға, мүшелер сайланады. Әр жылғы түлектерден жауапты тұлғалар бекітіліп, түлектердің өз еркімен қаражат жинай бастайды. 5-10 мың теңгеден бастап 50 мың теңгеге дейін әр азамат өзінің қаржылай қолдауын көрсетеді. Комиссияның мәжілістері қажетіне қарай өтіп, онда жүз жылдықты атап өтудің бүге-шігесі талқыланып отырады. Сонымен түлектердің қаражаттарын бір орталыққа топтап, жинау жұмыстары тойға дейін жалғасады.

Сол кезеңде ұйымдастыру шарасының басы қасында жүрген осы мектептің түлегі Үрзия Жұбатырқызы «жиналған қаражатқа сай мектепке алатын сыйлықтарымыз, өткізетін іс-шараларымыз жоспарланды. Алдымен бағдарлама жасалынды. Оны комиссия отырысында талқылап, пысықтап, тиянақтап, мақұлдап алдық. Комиссиядан тыс, түлектер чатында жұмыс қызу жүріп жатты. Жан-жақты пікірлер болды, керектісін, орындыларын алып, жұмыс барысында ескеріп отырдық. Мектепке жасайтын сыйлығымыз – көлік алу, ашық, жасанды көгал төселген, футбол, волейбол, баскетболға арналған спорт алаңын салып беру, мектеп тарихы туралы естелік кітап шығару деп жоспарладық. Бұл жұмыстар абыроймен орындалды, бәрі жүзеге асты. Ашық спорт алаңын мектептің 1971 жылғы түлегі, кәсіпкер Темірхан Шүкіров жеңілдікпен салып, балалардың игілігіне берді. Ауылдың бірнеше азаматтары, мектеп түлектері қосымша 50000-нан қаражат жинап, жалпы жиналған қордан  комиссия тарапынан 300 000 теңге бөлініп, көптеп-көмектеп көлікке де қол жеткізілді. «Бөген мектебі ғасыр биігінде» атты кітапты дайындау жұмысымен «Сыр бойы» газетінің бұрыңғы редакторы, 1972 жылғы түлек Жұматали Әбдіраманов айналысты. Жан-жақтан түлектерден естеліктер, суреттер жинақталып, кітапқа енгізілді. Жалпы кітап 400 данамен шықты. Мектептке тағы 330 000 теңгеге үлкен заманауи теледидар сыйға берілді. Оқушыларға спорт құралдары, бокс қолғаптары, қапшығы, ойын доптары сыйға берілді» дейді.

Мерейтойға шақыруды дайындаудан бастап, спорт алаңына естелік мрамор тақта ілу, мектеп тойының арнайы қалта-пакеттерін дайындау, Қызылордадан шығатын үлкен икарус автобусты безендіру, сыйға тартылатын газелді безендіру, айтысқа жүлде тағайындау, футбол жеңімпаздарына жүлде тағайындау, Зейнолла ескерткішіне гүл қою секілді майда шүйде жұмысқа дейін ойластырылып, дайындық жұмыстары бірнеше айға созылады.

«Сонымен көш басын ауылға қарай бұрып, қазанның 4-і күні сағат 9:00-де Қызылордадан үлкен икарус автобус, бір газель толып түлектер жолға шықтық. Жолға шығар алдында автобустағы үлкен ағамыз батасын беріп, ақжол тілеп, аттандық. Ауылға барар жолда басқа да өз көліктерімен келе жатқан түлектер Кәрібөгеттің басында тоғысып, кездесіп, сыйлыққа әкеле жатқан көлігімізді  безендіріп, жинақталып алдық та, ауылға бет түзедік. Жиырма шақты жеке көлік, икарус автобус, екі газель толған түлектерді ауылға кіреберісте, З.Шүкіровтың бейнесі тұрған арка жанында ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай қарсы алды. Қызық осы жерден басталды. Шашу шашылды. Бір-бірімен қауышқан халық, бір-бірін танымай қалып, танып алғасын көз жастарына ерік берді. Толқыған жүздер, айқасқан құшақтар, қуанған күлкілер, жарқын үндер – бәрі-бәрі ерекше әсерлі көрініс болды. Бұл жерде мектептің тек бір жылғы түлектері емес, 64-65-ші жылы бітіргендерден бастап 50 жыл ішінде бітірген түлектердің өкілдері жиналды. Мектеп оқушылары дайындаған құттықтау рәсімі өтіп, көптен көріспеген түлектер бір-бірімен кездесіп, мауқын басқаннан кейін, «қош келдіңіздер» деген ақ тілекпен, ауылға кіріп, алғашқы қадамды «Нұржан ата ишан» мешітіне бас сұғып, аруақтар рухына қатым құран бағыштаудан бастадық. Содан соң ауылдағы Тәжімбет мақсым атындағы тағы бір мешітке де кіріп, құран оқытылды. Одан шығып жаңа мектепке бет алдық. Мектеп алдына жиналып болған соң, Зейнолла ақынның ескертікшіне гүл қою рәсімі өтті. Мұны мектептің түлектері – 70-тен асқан зейнеткер Сахи Біданов, эколог-жазушы, Парасат орденінің, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы Сайлаубай Жұбатырұлы және ауыл әкімі Шөмен Биқожаұлы Андызбаев құрметпен атқарды» дейді Үрзия апай.

Одан соң мерейтойға жиналғандар арнайы дайындалған сценарий бойынша жаңа мектепке бас сұғады. Жаңа үлгіде салынған, 2015 жылдан бастап пайдалануға берілген мектеп, 100 жылдық тарихы бар ескі мектептің жолын жалғастыруда.

«Мектеп ұжымы безендіру жұмыстарына барын салған, өте жақсы дайындалған. Кіреберісте қолөнер үйірмесінің бұйымдарынан көрме қойылған, мектепке сыйлаған теледидарымыз да шекесіне гүлін тағып, осы жерде тұрды. Әрі қарай мектептің стендтері, тарихи мәні бар суреттер, грант иелерінің суреттері ілінген. Мектептің мұражайы өз алдына бір әлем. Ауылдың бар тарихынан жәдігерлер тұр. Ескі мектепте оқып жүргенде бізге шәй қайнатып қоятын үлкен самаурын, кеменің үлкен якоры, теңіздің ортасында түнде жанып тұратын шамшырақ шам, балық аулары, қайықтардың макеті, атақты балықшылар, Лениннің хатына жауап берген аталарымыздың суреттері, мектептің атақты, белгілі түлектері туралы мәліметтер берілген. Сондай-ақ, экология бөлмесі ұйымдастырылыпты, онда аквариумдағы балықтарды көресіз, Арал экологиясы мәселесіне де мән берілген» дейді мерейтой кезіндегі әсерімен бөліскен Үрзия апай.

Түлектердің алғашқы күнгі кездесуінің соңы «Дала-концертте» жалғасын тауып, сағынышпен кездескен ауыл халқы әзер тарқасады. Келесі күні 5-ші қазанда сағ.9:30-да аудан әкімі келіп, алдымен ашық спорт алаңының ашылу рәсімін өткізіп, лентасын қияды. Содан соң жан жақтан келген футбол командаларының жарысымен жалғасады. Осы жарыстың қорытындысында Аманөткел ауылының футболшылары жеңімпаз атанып, 1-ші орын иеленіп, оларға жиынды қортындылау кезінде жүлде табысталып, кубок, ойын добы және 20 мың ақша иеленген. Одан кейінгі 2-ші, 3-ші орындарды Бөген аулының екі командасы иеленіп, оларға да кубоктар, ойын доптары, ақшалай сыйлықтар беріледі.

Шара барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев түлектер сыйға тартқан футбол алаңын ашып бергеннен кейін, құттықтау сөз сөйлеп, жүз жылдық іс-шараны өткізуге атсалысқан мектеп түлектерін мараптаттау рәсімін өткізді.  Мектептің мұғалімдері Нұрекешова Ұлбике, Жұбаева Сәнімкүл ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, Шүкіров Темірхан, Сайлаубаева Райкүл, Әбдіраманов Жұматали, Жұбатырова Үрзия, Әбдиев Ержеңіс және мектеп директоры Мадиярова Клара  аудан әкімінің Алғысымен марапатталды. Одан соң сахнаға ауылдың үлкені, бұрынғы мектеп директоры, ұстаздардан қалған көнекөз Әбдікаримов Әділхан аға көтеріліп, мектеп түлектерінің сыйға тартқан газель көлігінің кілтін мектеп директорына табыстады.

Одан соң мерейтойлық іс-шара «Бөген мектебі ғасыр биігінде»  тақырыбындағы тарихи-танымдық конференцияға ұласқан. Бұл жиында бұрынғы балық министрі Құдайберген Саржанов, жазушы Сайлаубай Жұбатыров, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, мектеп түлегі Манасбай Қожанов, дәрігер-журналист, «Нұр-Жан» журналының редакторы, мектеп түлегі Аманкелді Суханберлиев сөз сөйлеп, келелі, танымдық, тағылымдық әңгімелер қозғайды. Осы конференция барысында  «Бөген мектебі ғасыр биігінде» кітабының таныстырылымы болып, тұсауы да кесіледі.

Конференциядан соң ауыл азаматтарының арнайы дайындаған үлкен дастарханынан дәм татылып, түстен кейін облыстық ақындар айтысы басталды. Оны белгілі айтыскер ақын, ұстаз, мектеп түлегі Ержеңіс Әбдиев жүргізіп отырды. Айтысқа белгілі айтыскер ақын Айдос Рахметов және жаңа шығып келе жатқан жас ақындар қатысқан. Бас жүлдені Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті Бексұлтан Орынбасар иеленіп – 120 мың, 1-ші орынды Айдос Рахметов -80 мың, 2-ші орын – Қайрат Құлекешов – 60 мың, арнайы жүлде – Бекжан Әмір – 50 мың, ынталандыру – Алмат Қойбағаров -40 мың, Бақдәулет Әбілда – 30 мың теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталған. Одан бөлек Сәндібек аға Нұржігіт ақынға ел алдында тай мінгізді. Айтысты ұйымдастырушы осы ауылдан шыққан Ержеңіс Әбдиев «айтысқа демеушілік жасаған ауылдағы жас меценаттар – Мәди, Мақсат, Ринат деген інілеріме зор алғыс айтқым келеді!»  дейді.

Тойды қорытындылай келе, «Нұр-Жан» журналы ұйымдастырған мектеп, ұстаздар туралы мақалалар бәйгесіне қатысушылар марапатталды. Оның қорытындысы бойынша мектеп түлегі, журналист Әлішева Нұржамал, осы мерейтойды белсенді ұйымдастырушы Райкүл Сайлаубайқызы «Мәртебе» медалімен марапатталды. Осы идеяға бастамашы болған журнал редакторы А.Суханберлиев медальді өз қолымен табыстады.

Тойға келген мектеп түлектерінің бәрі ескі мектепте оқығандар, сондықтан олар ескі мектепке бармай көңілдері көншімейтіні анық. Бәрі өздері оқыған мектепке барып, ішін аралап, баяғы өздері оқыған сыныптарын тауып алып, естелік суретке түсіп, мектеп алдындағы аппақ құмға отырып, балалық шақтарын еске алысты. Айта кетер жайт, туған жерге деген құрмет көрсетуде Бөген ауылы тұрғындарының әрекеті үлгі боларлықтай. Жоғарыда аты аталған адамдардан бөлек қаншама белсенділердің көзге көрінген, көрінбеген жұмыстарының арқасында мерейтой өз дәрежесінде өтті. Сондай-ақ ескі мектеп апатты жағдайда болса да, жеңіл желпі жөндеу жүргізіп, тазалап сырттан келген түлектердің өткен күндерінің естелігі үшін бар жағдайды жасаған. Көненің көзі, тарихи жәдігер, талай ұрпаққа білім беріп, тәлім-тәрбие беріп қанат қақтырған киелі мекеннің сақталуына жағдай жасаған. Оның әлі де болса мектеп түлектерін қарсы алып тұруы, сырттан келген түлектерді ерекше қуантып, керемет сезімге бөлеп жатқанын байқадық. Ескі мектеп 1954 жылы салынып, 2015 жылы жұмысын тоқтатқан. Жалпы ауыл мектебі 1919 жылдан 2019 жылға дейін мыңдаған шәкірттерді ұшырған.

Және бір атап өтер жайт, бүгінде теңіз суын қайтаруға жасап жатқан жағдайдың арқасында ауылға теңіз суының жақындап келе жатқанын және сол судың үстінде аппақ аққулардың жүзіп жүргенін де байқап, көңілді қуаныш кернеді. Мектептің дүбірлі тойында аққулардың сән беріп, басқа да топ тобымен теңіз үстінде ұшып жүрген құстардың шуы ауыл тіршілігіне жан бергендей.

Жыл бойы ұйымдасып, көптеген кедергі-қиындықтарды аттап-таптап өткен іргелі мектептің еңселі түлектері осындай үлкен еңбектің нәтижесін түйіндеп, жан-жаққа қимай қоштасып тарасты. Талай түлек сағынышын басып, туған жерінен нәр, күш, жігер алып қайтты. Теңізі тартылмағандай, Көне Бөген ауылы тарамағандай… Өйткені ауыл халқының да, тіршілік қамымен сыртқа көшіп кеткен ағайынның да болмысы бәз баяғы, пейілі сол қалпы екен…

Мақаланы даярлау үшін көмек көрсеткен Ұрзия Жұбатырова апайға алғыс білдіремін.

Қуаныш Әбілдәқызы

 

 

Комментарий