Аймақ | РегионҚоғам | Общество

«Судың түсі адам шошырлық»: Қызылордада көпқабатты үйдің тұрғындары судың ластығына шағымданды (ВИДЕО)

Суда шөгінділер пайда болуы мүмкін.

Қызылордада көпқабатты үйдің тұрғындары судың түсінен шошып отыр. Сумен жабдықтау ұйымының өкілдері бұл уақытша құбылыс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды sputniknews.kz .

Олар тұрғындарға суды тазарғанша ағызып жіберуді ұсынды. Қызылорда қаласының тұрғыны Айболат Жәдігер пәтеріндегі краннан лас су ағып жатқанын көрсету үшін желіде видео жариялады. Видеодан ас үйдегі краннан какао түсті судың ағып жатқанын көруге болады.

«Ауыз су — Сәулет шағын ауданы, бірінші үй, тоғызыншы пәтер», – деп нақтылады Айболат Жәдігер.
«Қызылорда су жүйесі» коммуналдық кәсіпорны роликке түсініктеме беріп, ескі сумен жабдықтау желілерінде су уақытша тоқтатылып жатқанын мәлімдеді.

«Ғимараттардың төртінші-бесінші қабаттарына су бармайды, бұл мәселені шешу үшін ескі қалалық сумен жабдықтау желілері ажыратылып жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде суда шөгінділер пайда болуы мүмкін. Суды жүзінділерден тазарту үшін оны алдымен ағызу қажет. Жағдайға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, су арнасының мамандары шағым түскен мекенжайларда тексеріс жүргізілетінін атап өтті. Лас су туралы жазбаның астына басқа қалалықтар ондаған шағым қалдырған.

 

Комментарий