Қоғам | ОбществоҚұқық | Право

«Қорқытпақ болған»: Нұр-Сұлтанда жас мұғалім ата-анаға «қоқаңдаймын» деп басы дауға қалды

Қазір мектеп оның ата-анасына 5000 теңге көлемінде айыппұл салуда.

Елордада гимназия мұғалімі оқушының ата-анасынан қызының білім ордасына былқылдақ ойыншық (слайм) әкелгені үшін айыппұл төлеуді талап еткен. Бұл туралы Ольга Чапурина Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.

«Мұны қалай түсінуге болады? Мектепте ақша жинауға тыйым салынады! Бірақ біздің гимназия ата-аналардан ақша жинаудың жаңа әдісін ойлап тапқанға ұқсайды. Үзіліс кезінде оқушы былқылдақ-жабысқақ ойыншықпен ойнаған. Жәй ойнап отырған! Қазір мектеп оның ата-анасына 5000 теңге көлемінде айыппұл салуда. Елорданың білім басқармасына сауал: Бұл заңды ма?» – деп жазды автор әрі «айыппұл салған» мұғалім мен оқушының ата-анасы арасындағы хаттың қиындысын желіге жүктеген.

Zakon.kz бұл оқиғаның Нұр-Сұлтан қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы № 2 мектеп-гимназиясында болғанын анықтады. Сөйтіп бұл жайтқа түсінік алу үшін осы мектептің директоры Гамиль Шаймердиновке жүгінді.

Оның айтуынша, гимназияда ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл туралы тиісті бұйрық бар, одан оқу орнының барлық қызметкерлері хабардар. Айыппұл туралы мүлде сөз жоқ. Бұл сот билігінің құзыретіндегі нәрсе. Егер қандай-да бір бұзушылықтар орын алса, әкімшілік хаттама жасалып, мектеп полиция инспекторы арқылы ол сотқа жолданады екен.

«Бұл арада жас мұғалім, сынып жетекшісі айыппұлды өзі ойдан шығарып алған. Ол бізде екінші жыл жұмыс істеп жатыр, оқушыларды тәртіптеуге шамасы жетпей, қорқыту тәсіліне жүгінген секілді. Яғни, жай қорқытпақ болған. Қазір өзі де маңдытып ештеңе түсіндіре алмай отыр. Онымен сөйлестік, түсініктеме алынды. Кейін біз оған қандай тәртіптік шара қолданатынын ұжыммен бірлесіп шешеміз», – деді Хамил Шаймердинов.

Комментарий