Судья мінбері | Судебная система

Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндет

Жолдау – елдің болашағына жасалған бағдар. Мемлекеттің дамуына ықпалын тигізетін, жаңа бастамалардың жарыққа шығуына серпін беретін маңызды құжат. Биыл жаңа президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауын жария етті.

Алғашқы қадамды жасау қаншалықты қиын болса, сенім артып отырған елдің алдына шығып, тұңғыш стратегиялық жоспарыңды таныстырудың да салмағы қаншалықты зор екені айтпай-ақ белгілі. “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” деген тақырыппен таныстырылған Жолдауға мемлекет басшысының тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұр. Қазақстанның ілгерілеуіне кедергісін тигізетін, көлеңкесін түсіретін кемшіліктерді жіті қарап, терең сараптап қана қоймай, олардың түбегейлі оң шешімін табуына ықпал ететін тетіктерді тізбелеген бұл құжаттан сырт қалған сала жоққа тән. Соның ішінде құқықтық құрылымдар, сот билігі, заңдық сауаттылық мәселесі де арнайы тарауда рет-ретімен көрсетілген екен.

Жолдаудың екінші бөлімі «Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталып, онда осы салаға қатысты назарда ұсталуы тиіс көптеген мәселелер көрсетілген. Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі ортақ қауіпсіздікті сақтап, азаматтар құқығын бұзбаудың негізі сот саласы мен құқыққорғау құрылымдарын терең, сауатты реформалауға байланысты. Соның ішінде «сот шешімдерінің сапасын жақсарту бойынша маңызды шараларды қолға алу керек» деген тапсырмасын үшінші билік өкілдері өзара талқыға салып, сапаны көтеруге ықпал ететін іс-шараларға қолға алып отыр. Расында, сот шешімі – судья жұмысының қорытындысы ғана емес, соттың бүкіл қызметінің нәтижесі іспеттес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні жасалатын бұл шешімді бір қараған көзіқарақты жан судьяның қаншалықты сауатты, тілге шебер, заңды жетік білетінін аңғара алады. Сондықтан, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов сот шешімдеріне қойылатын талапты қатайтып, судьялардан өз шешімдерін халыққа түсінікті, ұғынықты етіп жазуды талап етуде. Әртүрлі заңнан сілтеме келтіріп, баптарды бірінен соң бірін тізбелеген, заңның қатып қалған қасаң тілінде жазылған сот шешімдерін азаматтар түсіне бермейді. Өйткені, халықтың бәрі заңгер емес. Елдегі заңдарды тұрақты қадағалап, жаңа құжаттармен танысып жүретіндер де сирек. Сондықтан, оларға заң терминдері таныс деп айта алмаймыз. Қанша заңнан сілтеме жасалғанмен, оларды не үшін қолданғаныңды, бұл заң қандай міндеттемелер жүктеп, қандай жауаптылықтарды қарастыратынын қарапайым тілмен айтып бермесең азаматтардың сотқа да, судьяға да сенімсіздік танытуы ғажап емес. Жоғары сатыларға арызданатындардың көбі аудандық соттының шығарған шешіміне көңілі толмайтындар. Егер оларға әрбір судья өзінің шешімін түсіндіріп берсе, заңдық қырларын толық ашып көрсетсе өз уақытын текке кетіріп арызданатындар саны азаяр еді.

Қазірдің өзінде бұл бағытта елеулі өзгерістің бары байқалады. Өйткені, Жоғарғы Соттың бастамасынан кейін қазылар өзі шығарған шешімді тараптарға түсіндіруді қолға алған. Мұндай жаңашылдықтың тағы бір

артықшылығы азаматтар судьяға көкейінде тұрған сауалдарды еркін қойып, жауап ала алады. Судья мен қарапайым азаматтар арасында кедергісіз диалогтың орнауы тараптардың құқықтық сауатының артуына, сотқа деген сенімнің нығаюына, даукестіктің төмендеуіне айтарлықтай әсерін тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн.

Әбіш Жиренчин,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий