Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік органдар өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеуі тиіс

Қазақстан халқы өз президенті жасайтын Жолдауды жыл сайын үлкен қызығушылықпен күтеді. Қай саланы көтеруге басымдық берілетінін, қай мәселені реттеуге пәрмен етілетінін, қандай мамандарға жеңілдік, қай бағытқа артықшылық жасалатынын білу кімге де болса қызық. Бір анығы, осы уақытқа дейін жасалған Жолдаулардың бір де бірінен сот саласын жетілдіруге қатысты мәселелер тыс қалмаған екен. Мемлекет басына келген жаңа президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” деген алғашқы Жолдауында да үшінші биліктің мәртебесін көтеріп, беделін өсіруге септігін тигізетін мәселелер ұмыт қалмаған.

Ең алдымен, азаматтар құқығын қорғауда, қауіпсіздігін сақтауда сот шешімдеріне қатысты талапты күшейту тапсырылып отыр. Мұндай міндеттіңі жүктелуінің өзіндік себебі бар. Қазір әлеуметтік желідегі азаматтардың белсенділігі жоғары. Солардың көпшілігі сот шешімдерінің ала-құлалығына, бірдей екі іске екі түрлі шешімнің шығарылғанына наразы. Сонымен қатар, сот шешімдерін жазудағы судьялар тілінің жұтаңдығы, қасаңдығы да үлкен мәселе. Біз – халықтың қызметшісіміз. Тұтынушымыз халық болғандықтан, олардың талап тілегін ескере отырып жұмыс істеу біздің басты міндетіміз. Ал азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдар болсақ, олар сот шешімдерінің сауатты ғана емес, ұғынықты, қарапайым жазылуын қалайды. Соған орай, қазір судьялар өз шешімдерін түсіндіріп қана қоймай, құжаттың неғұрлым қарапайым тілмен жазылуына мүдделік танытуда.

Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік органдар мен қарапайым халық арасында туындайтын даулардағы теңсіздікке байланысты көтеріліп отыр. Дәл осы түйткілдің Жолдауда шешімін тапқаны орынды болды. Және Мемлекет басшысы тарапынан осындай батыл қадамның жасалуын халық асыға күтті. Өйткені, қалай алып қарасаңыз да мемлекеттік органдар мен халықтың мүмкіндігі тең емес. Мемлекеттік орган айналасына көптеген қызметкерді топтастырған алып машина іспеттес. Олардың материалдық жақтан да, заңдық жақтан да қорқалуы мықты. Осындай жұмысы бір жүйеге түскен алып машинамен жеке адамдар қалай тең дәрежеде күресуі мүмкін? Мұндай дауларда жеке адамдардың жеңіліс табатыны бесенеден белгілі. Осыған орай мемлекет басшысы азаматтардың мемлекеттік органдардың әрекеті мен әрекетсіздігіне қатысты жария-құқықтық дауларында теңдікті қамтамасыз ету мәселесін заңдық тұрғыда шешуді құзырлы орындарға жүктеді. Бұл аталмыш дауларды шешуде әкімшілік әділет жүйесін енгізуді қажет етіп отыр. Қазіргі кезде тапсырмаларды жүзеге асырудың құқықтық негіздері жасалып, жаңа заңдардың жобалары көпшілікке таныстырылуда. Ал соттар алдағы уақытта таразының екі басында мемлекеттік орган мен қарапайым азаматтар тұратын дауларды сараптағанда басымдықты халыққа беріп, мемлекеттік органдардың өз сөзін растайтын дәлелдерді өзі ұсынуын талап етпек. Яғни, бұрын мемлекеттік органның әрекетіне қатысты дау айтқан азаматтар дәлел жинап, сөзінің растығын нақты айғақтармен қуаттауы керек болса, енді керісінше мемлекеттік органдар әрекетінің дұрыстығын, не себепті әрекетсіздіук танытқандарын сенімді уәждармен қуаттауы тиіс. Осылайша деректерді, айғақты жинаумен енді жеке азаматтар емес, мемлекеттік органдар айналысатын болды. Бұл да жаңа Жолдаудың азаматтарға жасаған жағымды өзгерісі.

Толқын Далабаева, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий