Судья мінбері | Судебная система

Құқықтық саясат тұжырымдамасы тұтас қоғамды дамытуға ықпал етуде

Қазіргі таңда еліміздің құқықтық даму саясаты саласында, оның ішінде ұлттық заңнаманы жетілдіру ба­ғытында жаңа мақсат-міндеттерді көздеп отырған Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының маңызы өте жоғары. Құқық қорғау мен сот жүйесін дамыту, сондай-ақ бүгінгі әлемдік тәжірибені ескере отырып, құқықтық-демокра­тия­лық қоғам құру осы тұжырым­даманың басты мақсаты болып табылады.
Бұл құжат тұтас мем­лекеттік институттар мен білікті мамандардың бірлесе отырып жасаған тұжырымдамасы. Жаңа стратегиялық құжатты – 2002 жылдан бері қолданыста болып келген осындай тұжырымдаманың заңды жалғасы болып табылады десе де болады, ал ол кезеңнің құқық саясатының басты нәтижесі – ұлттық заңнаманы түбегейлі реформалау, оны озық әлемдік стандарттарға жақындату болғаны белгілі. Алғашқы тұжырымдама өзінің көздеген межесіне жетті. Бұл кезеңде елімізде зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет пен қоғамның нормалары, барлық құқық қолданушы жүйені, әсіресе қылмыстық жазаны қолдану мәселелерін ізгілендіру қағидалары заң және іс жүзінде орнықты.
Бұл ретте отандық қылмыстық кодексте өлім жазасы қарастырылған санкцияларды елеулі қысқартып, жазаның осы түріне мораторий енгізуді еске алсақ та жеткілікті сияқты. Сонымен бірге 2002 жылдан бастап барлық нормативтік базаны жүйелеу жөнінде кең көлемдегі жұмыстар жүзеге асырылып, еңбек, бюджет, жер, экология, салық сияқты республикамыздың аса маңызды кодекстері жасалып, бекітілді. Сондай-ақ, еліміз үшін соны жаңалық болып табылатын Адам құқықтары жөніндегі өкіл институты жұмысын сәтімен бастап, сот реформасы түбегейлі жүргізілді. 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасымен еліміздегі құқықтық саланың жаңа дәуірі басталды. Оның қабылдануымен ұлттық заңнама жүйесі жетіле түсті. Осыған орай елімізде заңнамалық актілер қабылданды. Атап айтсақ, Орман, Жер, Кеден ісі, Су, Еңбек, Бюджет, Салық кодекстері қабылданды. Алдағы уақытта да ол өзіне артылған міндетті толығымен орындай бермек.
10 жылға межеленген ұзақ мерзімді құжат құқықтық жүйенің барлық саласын жетілдіруді көздейді. Тұжырымдамада ұлттық құқықтың негізгі салаларын дамыту мен құқық қорғау және сот жүйелерінің қызметін нығайтуға баса назар аударылады. Бұл орайда, құқықтық саясаттың негізгі буыны – қылмыстық саясатты жетілдіру жағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан Құқықтық саясат Тұжырымдасы тұтас қоғамның дамуына өзінің елеулі ықпалын тигізіп отыр деп айта аламыз.

Аймекен Тілеубергенова, Алматы қаласы Әділет департаменті Түрксіб ауданының аумақтық сот актілерін орындау бөлімінің сот жетекшісі.

Комментарий