Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

“Мұғалімнің не айтқанын естімей келеді”: Бір сыныпта 48 оқушы отыратын мектеп жұрттың жағасын ұстатты

Баламыз сауатсыз болатын түрі бар! Осылай деп Алматыдағы Алатау ауданының тұрғындары дабыл қағуда. Бірінші сыныпта 48 оқушыдан білім алатындықтан мұғалімнің не айтқанын ұқпай келеді деп ашынуда. Сондықтан сыныптарды екіге бөліп, үш ауысыммен оқытуды талап етуде. Ал аудандық білім бөліміндегілер жаңа мектеп салмай мәселені шешу мүмкін емес деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия Бірінші арнасына сілтеме жасап.

Оқушылары сыймай жатқан №201 мектеп-гимназия биыл ашылған. Алайда мұндағы білім сапасына ата-аналардың көңілдері толмайды. Мәселен бірінші сыныптардың әрқайсысында бала саны 48 балаға жеткен. Әр сыныпта парталар төрт қатардан орналасыпты. Адам саны шамадын тыс болғандықтан оқушылар мұғалімнің сөзін естімей, түсіндірген сабақты ұқпай келеді екен. Ал қосымшаға беруге көптеген ата-аналардың қалтасы көтермейді. Наразылық білдіргендер әр балаға жіті көңіл бөлуді талап етуде.

“Бұл мәселенің аяқ асты көтерілу себебі менің қызымның мектепке деген құлшынысы жоқ. Біріншіден, бала шаршап келемін деді. Әркез айқай-шу, балалар шулайды. Апайдың не айтып жатқанын естімеймін деді. Сол себепті осы мәселені талқыға алсақ болар еді. Шешімін тауып берсеңіздер”, – деді оқушының анасы Раушан Ақшиева.

Мектеп директорын орнынан таба алмадық. Аудандық білім бөлімінің басшысы 60 орынға арналған мектепте мыңнан астам баланың білім алып жатқанын жеткізді. Мәселені жаңа мектеп салмай шешу мүмкін емес, дейді. Ал ата-аналардың үш ауысымға ауыртыруы негізсіз көрінеді.

“Баланың өмір қауіпсіздігіне байланысты үш смен болатын болса, үшінші смен түнгі уақытта қайтады. Сондықтан бұл баланың өміріне өте қауіпті. Кеш уақытта бала үйінде болуы тиіс. Сондықтан үш сменге ауыстыра алмаймыз!”, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмырзаева.

Білім бөлімі басшысының айтуынша, 2021-22 жылдары 1200 орынға арналған мектеп салу көзделіпті. Сол кезде ғана мәселе шешімін табуы ықтимал. Оған дейін сығылысып оқи тұруларына тура келеді. Айта кетейік бұл мектеп-гимназия ашылмай жатып дауға ілікке болатын. Дәл жаңа оқу жылы басталуға бірнеше күн қалғанда ғана құжаттарды қабылдауды бастап, түнгі 12-ге дейін жүруге мәжбүр болған ата-аналар шу шығарған болатын.

Комментарий