Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы:«СУДЬЯЛАРДЫ МАНСҰҚТАУҒА ЖОЛ БЕРУ – СОТҚА СЕНІМДІ ЖОЯДЫ»

– Мұсабек Тұрғынбекұлы, қыркүйекте елордада Халықаралық судьялар қауымдастығының 62-халықаралық конференциясы өтті. Алдымен осы ұйым жөнінде айта кетсеңіз…
– Жалпы, Халықаралық судьялар қауымдастығы 1953 жылы Австрияның Зальсбург қаласында саяси емес кәсіби халықаралық ұйым ретінде құрылған-ды. Бүгінгі таңда ұйым адамның құқы мен бостандығын қамтамасыз етуде сот жүйесінің қызмет ету негізі сот билігінің тәуелсіздігі деп білетін 90 ұлттық судьялар ассоциациясын біріктіреді. Халықаралық
судьялар ассоциациясы жыл сайын зерттеу комиссияларының конференциясын ұйымдастырып, соттар үшін ашық мінбер қызметін атқарады. Өткір мәселелерді талқылап, оларды тиімді шешу жолдарын бірге іздеу, сот жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау, кәсіби байланысты нығайту үшін өз алаңын ұсынады. Былтыр қазанда Мароккада өткен
61-конференцияда Халықаралық судьялар қауымдастығының мүше-делегаттары Қазақстан Республикасының ұйымның 62-конференциясын Нұр-Сұлтан қаласында өткізу туралы өтінішін мақұлдаған болатын.
– Қазақстан Судьялар одағы Халықаралық судьялар қауымдастығына қашаннан бері мүше? Еліміздегі сот жүйесіне қатысты айтылатын сарапшылар пікірі соншалықты жағымды емес. Бұл жағдай осы ұйымның қатарына енуге белгілі деңгейде кері ықпалын тигізген болар?
– Халықаралық судьялар одағының мүшелігіне кіру сол уақытта Жоғарғы Сотқа басшылық еткен Қайрат Мәмидің бастамасы болатын. Расында, бұл оңайға түспеді. Өйткені, бізде соттың тәуелсіздігіне күмән келтірілген фактілер болды. Алғаш рет еліміз одаққа 2004 жылы Мексикада өткен 47-конференцияда штаттан тыс мүше ретінде қосылды. Толыққанды мүше атану тек 2011 жылы ғана мүмкін болды. Сол жылы Ыстамбұлда (Түркия) өткен отырыста алғаш рет Халықаралық судьялар қауымдастығына ерекше құқықпен толыққанды мүшелікке кірді. Халықаралық ұйым 4 секциядан тұрады. Олар еуропалық, латынамерикалық, африкалық және Азия елдері, Солтүстік Америка және Окения. Қазақстан осы соңғы сессияның құрамында. Форумға сексен мемлекеттен төрт жүзге жуық делегат келді.
– Сонымен, Нұр-Сұлтанда өткен кезекті отырыс не берді? Онда қандай мәселелер талқыланды? Әлемдік деңгейде өткен алқалы жиында сот жүйесінің жілігін шағып, майын ішкен мәртебелі спикерлер сөз алған шығар?
– Онда жоғарыда аталған сессиялардың өз алдына бөлек отырыстары және президенттік комиссияның, құрметті президенттердің басқосуы болды. Сессиялық отырыс болып, төрт зерттеу комиссиясы кеңес құрды. Орталық кеңес жиын жасады. Сөз алғандар ішінде Халықаралық сот қауымдастығының төрағасы Тони Пагоне, АҚШ төртінші аймағының аппеляциялық сотының аға судьясы Эллисон Кей Дункан, Халықаралық судьялар қауымдастығының бас хатшысы Джакомо Оберто болды. Форумда сот саласының біраз
өзекті мәселелері талқыланып, ұсыныстар ортаға салынды. Жалпы әңгіме ауаны негізінен соттардың тәуелсіздігі, оның төрағалар тарапынан қамтамасыз етілуі, судьяның өзінің жеке мүддесін көздеуден аулақ болуы, сот саласының цифрландырылуы, жетілдірілуі төңірегінде өрбіді. Бұл мәселелердің барлығы зерттеулер негізінде жан-жақты талқыланды. Қазір қазақстандық сот жүйесіне қатысты модернистік өзгерістер жиі айтылады ғой. Бізде көбіне сот жүйесін жетілдіруге басымдық беріледі.
– Демек, судьялардың тәуелсіздігі біздің ел үшін ғана емес, өзге мемлекеттерде де өзекті мәселе екен ғой. Қазыларға еркіндік берудің әлем судьялары ұсынып отырған формуласы қандай?
– Көптеген озық елдердің тәжірибесін зерттеп, саралап жүрген форум спикерлерінің сөзінен ұққанымыз, сот саласындағы ең өзекті мәселе – судьяның тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Олар үшін судьяның тәуелсіздігі сот жүйесінің негізгі қағидаты. Судья істі қарауда тек қана заңды негізге алып, әділетті шешім шығаруды көздеуі керек. Бұл ретте оған ешкім ықпал етпеуі тиіс. Өзінің жеке мүддесін көздеу де судьяның тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Мәселен, судья менің көрсеткіштерім бүлініп кетеді деп, жоспарға сай жұмыс істейтін болса, онда оның тәуелсіздігі жоғалады. Судья дұрыс нәтиже шығару үшін, тек қана алдына келген істі заңды да әділ шешуге ұмтылуы қажет. Халықаралық сот қауымдастығының пікірі бойынша, көп қателік жіберген судья кәсіби біліктілігі төмен судья емес.
– Бұл қалай болғаны, бізде қате шешім қабылдаған қазы нашар судья ретінде жазаланып, көп жағдайда қызметтен шеттетіліп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс талап? Осы салада қатардағы судьядан бастап түрлі лауазымдық қызметтер атқарып, сот жүйесінің қыр-сырына қаныққан жан ретінде бұған қалай қарайсыз?
– Шынында да әлемдік тәжірибеде мінсіз судья деген ұғым жоқ. Маған осы жөнінде сұрақ қоятындар көп. Меніңше де судья мінсіз болуы мүмкін емес. Өйткені, мінсіздік абстрактілік-философиялық категория. Адамның өзі мінсіз болмағандықтан қоғам да кемшіліксіз болмайды. Абсолютті шындық жоқ. Себебі, шындық деген салыстырмалы нәрсе. Уақыт ағымына сай ол теріске шығарылады. Сол сияқты сот шешімі де шындықтың көрінісі бола алмайды. Сондықтан, қаралған іс бойынша кеткен қателіктерді, туындаған проблеманы судьяның басына іле беру әділеттілік емес. Мысалы, дәрігерлерді барлық адамның ауырғаны үшін кінәлауға бола ма? Сол секілді судьяны да шығарған шешіміне орай айыптап, мансұқтауға болмайды. Өйткені, судья қоғамдағы әлеуметтің заңға қайшы әрекет етіп, қалыптастырған проблемасымен айналысады. Адамдар өздері шындық деп қабылдаған жағдайды сотқа алып келеді. Әртүрлі айғақтар ұсынып, әркім өзінікін дұрыс санайды. Судья оларды салыстыра отырып, екеуінің бірі ғана шындыққа жақын деген қорытындыға келіп, шешім қабылдайды. Ол абсолютті емес, салыстырмалы шындық. Сондықтан, уақыт өте келе өзгеріп, кейін тіпті қате шешім болуы мүмкін. Мысалы, Коперникті жер дөңгелек деп айтқаны үшін өртеп жіберді. Ақырында жер шынында да дөңгелек болып шықты. Демек, ешнәрсе абсолютті шындық емес. Олай болса, судьяның да қателікке ұрынып, теріс шешім шығаруы табиғи жағдай. Сотта қаралатын әр істің өз ерекшелігі бар. Тағы да айтамын, судья оны ұсынылған айғақтар, материалдар, сараптамалар негізінде қарап, заң аясында тәуелсіз шешім қабылдайды. Онымен келіспеген жан одан жоғары тұрған сот сатысына шағымдануға құқылы. Мұндай жағдайда оның шешімі күшіне енбейді. Яғни, істі қараған судья менің айтқаным ғана болады, басқаның айтқаны болмайды дей алмайды. Келесі сатыда тұрған судья ол үшін жауап бермейді. Ол өзінің қабылдаған шешімі үшін жауапты. Алдындағы шешім заңға қайшы болды ма, онда белгілі бір мәселелер ескерілмей қалды ма, соны анықтап, өзі дербес шешім қабылдайды. Одан жоғары тұрған судья да сөйтеді. Олар бір-біріне тәуелді емес. Бір-бірін жұмыстан шығарып, бір-біріне тәртіптік жаза қолдана алмайды. Сот жүйесінің ерекшелігі сонда. Біздің халықта бұл жөнінде түсініспеушілік бар. Бірден бастыққа жүгінеміз. Ал, өз функциясын жете түсінбейтін бастықтар бұған баға беріп, өз әмірін жүргізгісі келеді.
– Бұл ретте мәселе алдымен сот төрағаларының санасын көтеру сияқты ғой. Әлемдік тәжірибеде бұл үрдіс қалай қалыптасқан?
– Бүкіл әлемдік соттар қоғамдастығы сот төрағасының судьяларға билік жүргізуіне қарсы. Дүниежүзілік тәжірибеде сот саласындағы төраға – бірінші судья. Оған басқа судьялардан бөлек тәртіп белгіленбеу керек. Ол тәртіп – тәуелсіздік, ешкімге тәуелді болмау. Бұл Қазақстанның сот жүйесі үшін тың мәселе емес. Жоғарғы Сотқа әр жылдары келген басшылардың бәрі де осы мәселені шешуге үлес қосты. Мәселен, марқұм Мақсұт Нәрікбаев сот билігі туралы қаулы қабылдап, онда судьяны оңды-солды жауапкершілікке тарта беруге тыйым салды. Одан кейін Қайрат Мәми де осы бағытта жұмыс істеді. Менің есімде ол кезде
кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісі, экономикалық мәселелер бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған соттар енгізіліп, олардың құзыреттері бөлінді. Соттар тәуелсіз болуы үшін облыстық сот төрағаларының кез келген іс бойынша наразылық жазатын, тәртіптік жауапкершілікке тартатын құқы жойылды. Одан Жоғарғы Соттың төрағасы да айрылды. Мұның бәрі бір күнде болған жоқ, бұрыннан жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқан реформаның нәтижесі. Алғашқы кезде соттар каркас қабырғадан тұрғызылған үйлерде жұмыс істеді. Бүгінде олардың орнын барлық жағдай жасалған сәулетті ғимараттар басты. Мемлекеттің отандық сот жүйесіне көзқарасының өзгеруі арқасында саланың материалдық техникалық жағдайы елеулі түрде жақсарып, мүмкіндігі артты. Цифрландыру ісі ең алдымен сот саласында қолға алынып, қазіргі таңда барлық сот үдерісінде оның жетістіктері кеңінен қолданылуда. Сот саласындағы негізгі тұлға – судья. Біз оның еркін, тәуелсіз жұмыс істеуі
үшін ғана жағдай жасауымыз керек. Өкінішке қарай, біздің қоғамда судьяға бәрі қожа. Соның салдарынан ол кейде өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеумен айналысып кетеді. Сонымен қатар, судьяны делдал етіп қойдық.
– Сіздің сөзіңізге қарағанда, жалпы судья өзінің қабылдаған шешімі үшін жазықты болмауы керек сияқты…
– Сот шешімі тар аяда жарияланатын құжат. Оны адамдардың бірі түсінсе, екіншісі ұқпайды. Оны жалпы қауымға жеткізудің салдарынан түрлі қауесет тарайды. Әсіресе, БАҚ-тың сөзі миллиондаған адамдарға жетеді және солардың кем дегенде жартысын сендіреді. Біз сот
мемлекеттік биліктің бір бөлігі екенін ұмытып кетеміз. Бұл қауіпті құбылыс. Өйткені, сотқа сенімсіздік тұтастай мемлекетке сенбеуге әкеліп, оның арты анархияға соқтыруы мүмкін. Ниеті дұрыс, сауатты БАҚ осы жайлы ойлануы керек. Бауыржан Момышұлы «тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген. Жалпы, БАҚ тарапынан пәлен жерде адам өлтірілді, ұрып кетті, соғып кетті деген ақпараттарды майын тамызып тарата беру дұрыс емес. Кезінде кеңес өкіметінде бұған тыйым салынатын. Ол дұрыс еді. Себебі, қылмыстық оқиғалар жайлы жиі айтылу қоғамды қорқынышқа жетелейді. Адамдарды үрейлендіріп, психологиясына кері әсер етеді. Жалпы, қазақ мал құлағы саңырау деп, жаманатты хабарларды жасырып ұстаған. Қылмыс тиісті орындардың айналысатын шаруасы болуы тиіс. Оның ақпараттары адамдарды қорқытуға емес, қылмыстың ашылуына, оны жасағандардың ұсталуына пайдаланылуы керек. Өкінішке қарай, бізде судьяларды қаралау, қылмыстық оқиғалар жайлы айту кейбір БАҚ-тардың рейтинг көтеру амалы болып отыр.
– Демек…
– Әлемдегі ең озық құрылған институт – сот. Адамдар әбден тығырыққа тірелген шақта сотқа барады. Сотта олар өз сұрақтарына жауап алады. Онда негізінен дұрыс ережелер қабылданады. Қалыпты құқықтық мемлекетте бұл мойындалуы керек. Судья осындай шешім қабылдады, оның бірақ даулы тұстары бар деп ұғуы тиіс. Альберт Гор Джордж Бушпен президентке кандидаттыққа ұсынылғаны есіңізде ме, соның барысында туған дауға сот нүкте қойды. Онда Президент Клинтон болатын. Жоғарғы сот Буштың талабын дұрыс деп шешіп, нәтижесінде ол президент болды. Клинтон осыған орай «Мен адам ретінде бұл шешіммен келіспеймін. Бірақ, шешімді қабылдаған сот» деді. Міне, құқықтық мемлекеттің үлгісі. Ал, бізде сотта ұтылған тараптың сөзіне сүйеніп, оны мансұқтай салады. Оны БАҚ қағып алып, тұтас елге жаяды. Осындай жауапсыздықтың салдарынан қалың көпшіліктің көкейінде «Бұл сала әбден біткен екен» деген ой туады. Шын мәнінде, елімізде сот шешімдерінің жеті пайызы ғана шағымдалады. Қылмыстық істердің тек үш пайызына ғана арыз жазылады. Оның көбі кінәларын мойындаған, алайда жазасын азайтуды сұрағандардың өтініші. Қалғандарының бәрі бірінші сатыда шешіледі. Демек, жалпы халық сотқа сенеді. Сот ашық жұмыс істейтін жүйе. Бізде тек мемлекеттік құпияға қатысты іс қана жабық жағдайда өтеді. Қалған істердің бүкіл процесі бүгінде онлаин арқылы алақандағыдай көрініп тұр. Өзге билік құрылымдарында біздікіндей ашықтық жоқ. Сондықтан да сынға көбіне ілініп жататын сот.
Дегенмен, судьялардың кәсіби біліктілігіне қатысты сындарды орынды деп ойлаймыз. Заңға қайшы шешімдер қабылдайтын судьялар да жоқ емес қой, олар жайлы да айтылмауы керек пе?
– Олар жайлы жарияға жар салудың қажеті жоқ. Біліксіз мамандар әр салада да бар. Ең алдымен кадрларды іріктеу мәселесіндегі ойдан шығарылған талаптарды жою керек. Судьяларды тағайындағанда түрлі мінездеме, баға беру деген субъективті пікірге негіз болатын талаптар жойылу қажет. Сол секілді басшылық тарапының да судьяларды сауатсыз,
біліксіз, парақор деп мансұқтауы дұрыс емес. Олардың жұмысына жүйелі түрде
мониторинг жасалғаны жөн. Осы шараның нәтижесінде айқындалған кемшіліктер бойынша ғана шаралар қабылдануы тиіс. Олар бүкіл қоғамға кемшіліктерін жария ету емес, ескерту, сөгіс беру ретінде көрініс тапқаны жөн. Бұдан нәтиже шығармаған, жетекке ермеген судьяларға «белі көтеретін шоқпар» беру керек. Яғни, оларды сот саласындағы басқа әкімшілік жұмыстарға жіберу қажет. Судьялар үшін белгілі бір тақырып бойынша зерттеу жасап, түрлі конференцияларға қатысудың пайдасы зор. Жақсы судья өзін осылай дамытады. Олардың жұмысына баға беруде осы мәселені назарда ұстаған жөн. Жалпы, судьялар үнемі ізденісте болып, жаңа заңдарды біліп отыруға тиіс-ті. Өкініштісі, бүгінде заң саласында қаптап кеткен оқу орындарынан шығып жатқан мамандардың сапасы көңіл толтырмайды. «Пединститут», «мединституттың» жанынан ашылған заң факультеттерін
бітіргендердің дені құқықбұзушылықтың сипатын анықтап, оған дұрыс талдау жасай алмайды. Сондықтан, көбіне тергеушілердің ұсынған қорытындысын місе тұтумен шектеледі. Мұндай судьялар, әрине, қайдан әділ шешім шығарсын. Демек, барлық мәселе кадр дайындау ісінен
басталу керек.
– Форумда сот жүйесін цифрландыру мәселесіне орай да әңгіме қозғалғанын айттыңыз. Ақпараттық технологияның арқасында пайда болған осы үдерістің жетістігі ғана сөз болуда. Шын мәнінде медальдың екі жағы бар емес пе?! Жалпы, сот саласының жаппай цифрлануы қаншалықты дұрыс? Озық елдер бұл жөнінде қандай пікірде екен?
– Жиында, әсіресе, виртуалды сот тақырыбына әртүрлі пікір айтылды. Оны құптамайтындар бар екен. Олардың айтуынша, виртуалды сот қауіпті. Сот шешімі билік және мәжбүрлеу күшіне ие. Дауласып отырған адам сотқа тікелей қатысу керек. Өйткені, адам – сот процесіндегі ең басты фактор. Өз басым мұны құптаймын. Себебі, кез келген жаңалықтың
жағымды және жағымсыз тұсы бар. Сол секілді сәнге айналған виртуалды соттың да екі қыры көрініп отыр. Оның бірі яғни, көлеңкелі тұсы жайлы айтайын. Мысалы, Атырауда бір судья виртуалды процесс арқылы жауапкермен сөйлеседі. Ол түрі фотошоппен өзгертілген мүлде
басқа адам болуы мүмкін. Бұған қазіргі технология толық мүмкіндік береді. Бірақ, құжаттардың бәрінде жауапкердің атыжөні. Әлгі адамға оның жеке куәлігінің көшірмесін көрсетеді. Ол виртуалды қарап отырады. Сөйтеді де жауапкерден миллион теңге өндіріледі. Сосын оны орындауға жібереді. Ал, жауапкер соттың болғанын білмейді. Бірақ, соттың алдында өзінің процеске виртуалды түрде қатысқанын растайтын құжаттар мен суреттер тұр. Шешімді сот орындаушы алады да, шотынан ақшаны шешіп алады. Сотқа қатыспағанын жауапкер қалай дәлелдейді? Виртуалды сотта осындай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін.
Жаңа технологияны тек сот процестерін жазып алу үшін ғана пайдалануға болады. Ал, соттың процесін виртуалды түрде жүргізуге болмайды. Бұл адам тағдыры. Онымен бұлай ойнауға болмайды. Әрбір жаңа технологияны енгізгенде оны жанжақты зерделеу қажет. Сол секілді қазір енгізіліп жатқан «Отбасылық сот» дегенді де құптамаймын. Екі адамның некесіндегі ең басты құндылық – бала. Біз уақытында оның тағдырына қатысты даулардың заңдылыққа сай, әділетті шешілуін көздеп, ювениалдық сот құрғанбыз. Прокуратура мен полиция органдарында ювениалды бөлім бар. Оған қосымша отбасы сотын құру мемлекет үшін қосымша шығын болатын артық шара… Иә, бұл қадам некелердің бұзылуының алдын алып, отбасыларды сақтау ниетінен туғанын түсінемін. Бірақ, мұндай шаралардың мемлекет
есебінен жасалуы дұрыс емес. Отбасын сақтау үшін ең алдымен қоғамдағы моралдық-адамгершілік ахуалды дұрыстау керек.
– Әңгімеңізге рақмет
Сұхбаттасқан
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий