Қоғам | Общество

Емхананы жылына бір рет ауыстыруға болады

Емхананы тек тіркеу науқаны кезінде ғана емес, жылына бір рет ерікті таңдау құқығы шеңберінде де ауыстыруға болады. Тек таңдаған емхана Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен болуы тиіс. Бұл туралы бүгін «Интерфакс-Қазақстан» ақпарат агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Айтуынша, алматылықтар тіркеліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін көрсетілетін қызмет түрлерін пайдалана алатын емханалардың жартысынан астамы – жеке меншік нысандар. «Бүгінгі таңда Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша 77 емханамен келісімшарт бекіткен. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артып отыр. Емханалардың көбеюі ұзын-сонар кезекті азайтып, учаскелік дәрігерлер жүктемесін төмендетуге мүмкіндік бермек. Бұл мәселені шешуге қосымша ашылатын учаскелер де септігін тигізеді», – деді Тілеухан Әбілдаев.

«Жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайту мақсатында 2019 жылы 88 жаңа учаске ашу көзделіп отыр», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әсел Бисенбаева.

Әсел Бисенбаеваның айтуынша, пациенттерге ыңғайлы болуы үшін Damumed ақпараттық жүйесі негізінде ұялы қосымша әзірленді. Пациенттер аталған жүйе арқылы дәрігерге жазылып, зертханалық талдаулар нәтижелерімен таныса алады. Сондай-ақ, қосымшаның көмегімен үйге дәрігер шақыртуға болады. Осындай кешенді шаралардың арқасында пациенттерге қызмет көрсету уақыты 20 пайызға, кезекке кететін уақыт 30 пайызға қысқаруы тиіс.

Комментарий