Судья мінбері | Судебная система

Азаматтар құқықтарын қорғау бұдан әрі күшейтіледі

ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» деп аталды. Ондағы бес бөлімде ел дамуының басты он бағыты айқындалған, нақты айтқанда, халықтың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, әділетті әлеуметтік саясат және өңірлерді дамыту, т.б.

Сот, құқық саласына қатысты келсек, жолдаудың екінші бөлімінде президент азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне тоқталып, сот шешімдерін мұқият саралауды, дау шешуде бірыңғай сот тәжірибесі қамтамасыз етілуін, әкімшілік сот төрелігін енгізуді, заңнамадағы барлық қарама-қайшылық пен түсініксіз тұстар азаматтардың пайдасына қарастырылуы керектігін айтты. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы. Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет» деді. Сот пен құқық қорғау жүйесіндегі реформалар азаматтар құқықтарын қорғаудың және қауіпсіздігінің кепілі, сондықтан, олардың жүйелі орындалуын күшейту қашан да маңызды фактор болмақ. Сот шешімдерінің сапасын арттыру, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру, соттардың дауларды шешу барысында қосымша айғақтар жинау құқығы, жолдауда айтылған жайттардың қай-қайсысы да өзектілігін жоймайды.

Мемлекет басшысы заңдарымызды ізгілендіруге басымдық беру жолында азаматтардың негізгі құқықтары назардан тыс қалғанын да жасырмады. Бұған қатаң жазалау тәжірибесінен бас тартсақ та, елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұрғанын дәлел етті. Сондықтан, бірқатар қылмысқа қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін ұсынып, Парламент пен Үкіметке тапсырма берді. Жолдауда көтерілген тағы бір мәселе, мемлекеттік қызметшілердің жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес. Бұл тұрғыда президент орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттігін, аталған шараға сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысулары және кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиістігін тапсырды. Өйткені, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да қылмыстар қазіргі таңда расында кеңінен таралып бара жатыр. Оларды тоқтатудың бірден-бір жолы жаза, мемлекет тарапынан қолданылатын мәжбүрлеу шарасы. Ал, жазаның дәл осы сипаттағы қылмыстарға қатаң болуы – заман талабы.

Бұдан өзге стратегиялық құжатта азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Әрине, бұл тікелей

мемлекеттік қызметті жүзеге асырушы аппаратқа қатысты. Халық пен билік арасында өзара тиімді диалог болмайынша, түйінді мәселелердің тарқамайтыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, жолдауда еліміздің келешегіне қатысты барлық сұрақ қамтылған. Жұмыс берушілердің зейнетақы қорына аударуы тиіс 5 пайыздық жарнаның кейінге шегерілуі де көп көңілінен шыққан қадам болды. Соңғы жылдары елімізде заңды тұлғаларға несие беру деңгейі күрт төмендеп кетті. Ал, несиесіз экономика алға баспайды, дамымайды. Осы себепті, Мемлекет басшысы ҚР Ұлттық банкі мен Үкіметке кәсіпкерлерге қолжетімді ұзақ мерзімді несие берудің тетіктерін қарастырып, осы сұрақты шешуді тапсырып отыр. Жалпы алғанда, бұл құжатта шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты жаңашылдықтар көп.

Мемлекет басшысының жолдауы ел өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып саналады. Оны жан-жақты талқылап, алдағы атқарылар ауқымды істердің сара бағыты ретінде белгілеп, жүзеге асыру әрбіріміздің абыройлы міндетіміз.

Жомарт Асқаров,

Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий