Аптадағы сұхбат | Интервью неделиСаясат | Политика

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері: «Билікке баға бергің келсе, тоңазытқышты ашып қара»

«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ XVIII СЪЕЗІНДЕ ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҮКІМЕТКЕ НАҚТЫ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ ЖӘНЕ ОНЫҢ КӨПШІЛІГІ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛДЫ. ОСЫҒАН ОРАЙ БЕЛГІЛІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ЖӘНЕ САЯСАТКЕР ДОС КӨШІМ МЫРЗАҒА ЖОЛЫҒЫП, СЪЕЗДЕ КӨТЕРІЛГЕН БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРГЕ ТАЛҚЫЛАДЫҚ.
– Президент «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық съезіндегі баяндамасының басында «Тәуелсіздік жылдары 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 1 400 заманауи аурухана, 2865 мектеп, колледж, балабақша салынды» деді, ал осы игіліктердің жарқын көрінісі халық тұрмысынан сезіле ме?
– Кеңес жүйесіндегі тәжірибеден әлі де шыға алмай жүрген біздің партиялар өмірдегі болып жатқан табиғи өзгерістерді – өздерінің табысы ретінде көрсеткісі келеді. Бұндай «рапорттар» бұрынғы компартияның съездерін есімізге түсіреді. Онда да бірнеше жылдың ішінде қанша шаршы метр үй салынғаны, қанша шойын, болат қорытылғаны туралы әңгіме болатын. Әрине, өмір бір орнында тұрмайды, сондықтан 20 жылдың ішінде көптеген әлеуметтік құрылыстардың – балабақшалар, мектептер мен жоғары оқу орындарының салынуы – бәріміздің еңбегіміз. Жерімізге құдайдың берген байлығының нәтижесі мен халқымыздың ерен еңбегінің арқасында біздің еліміз көрші елдерге қарағанда бір саты жоғары тұр. Алайда, әлі де үш ауысымды мектептердің бар екендігін, студенттердің басым көпшілігіне жатақханадан орын жетпейтіндігі де өтірік емес. Меніңше, барлығы салыстырудан байқалады. Егер қазба байлығы жағынан бірінші орын алатын Қазақ елінің төменгі жалақысы тақыр жерге орналасқан Эстониядан бес есе аз болса, бұл – бізді де, билікті де, биліктің партиясын да ойландыру керек. Біз өзімізді Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдермен салыстырып, бір марқайып қаламыз. Алайда, менің ойымша, біздің экономикалық мүмкіндігіміз Чехия не Польша сияқты елдермен салыстыруға толық келеді. Сондықтан, халық тұрмысының «жарқын» көрінісін көріп жүрміз деп мақтана алмаймыз.
– Елбасы съезде «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасына тоқтала келіп, Ұлттық бірлік доктринасының 4 тірегіне сүйенеді. 1.Ортақ тарих; 2.Ортақ құндылықтар; 3.Ортақ Отан; 4.Ортақ болашақ. Сіздіңше осы төрт тірекке өзге ұлттар илана ма, ортақ пейіл таныта ма?
– Бұған «Мемлекеттің Ортақ тілінің» енбей қалғаны өкінішті-ақ… Мойындауымыз керек, тамаша тіркестер, бәрімізге ортақ құндылықтар. Бірақ осы құндылықтардың қабылдану деңгейі қандай деген сұрақ туады. Ортақ тарих – Қазақ еліндегі азаматтардың біртектілігінің
негізгі факторының бірі, бірақ неліктен жыл сайын 17 желтоқсанда боздақтарымыздың қаны төгілген жерге қазақтан басқа ұлт өкілдері келмейді? Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдеріне осы мәселені талай рет айттым, шақырдым, «ол жерде біздер тоталитарлық әділетсіз жүйеге қарсы шықтық. Өкінішке орай, Сіздер біздің қасымыздан табылған жоқсыздар. Енді жыл сайын біздермен қатар тұрып, құранды бірге бағыштайық. Бұл бәріміздің тарихымыз! Ұлттар достығы сол жерден басталады» деген сияқты сөздерді айттым. Бірақ, оларды қозғай алмадым… Олар үшін Желтоқсан көтерілісі – қазақтың тарихы,
Жаңаөзен, Шаңырақ, керек десеңіз Семей-Невада да – қазақ мәселесі. Әлі де көптеген азаматтар «Қазақ елінің тарихы – сол жерде өмір сүретін барлық азаматтардың тарихы» дегенді қабылдамайды. Осы көзқарас елді мекендердің атауларын ауыстыруда ерекше көзге түседі. Олар үшін Кутузов пен Суворовтан асқан батыр жоқ, ал осы жерді қорғаған Қабанбай, Бөгенбайлардың аттарын да білмейді. Ортақ құндылықтар бұл – адами құндылықтар, сондықтан, оның ұлтқа, дінге деген бөлінісі болмайды. Ортақ Отан – бәріміз мойындаған талассыз шындық. Бірақ, жыл сайын 30-40 мың отандасымыздың қыр асып, шетелге кетіп жатқанын көргенде, бұл сөз де қадірін жойды ма деп ойлайсың. Ортақ болашақ – бәріміздің арман, мақсатымыз, бірақ, соңғы уақытта, орыстілді қауым осы болашақ үшін күресті
қазақтарға өз еріктерімен беріп қойған сияқты. Байқайсыздар ма, қоғамдық-саяси өмірге (біздің мемлекетіміз қайда бара жатыр деген мәселеге) өзге ұлттар мен орыстілді азаматтар араласпауға тырысады. Жер комиссиясының тоғыз отырысының барлығы дерлік қазақ тілінде өткені де соның айғағы. Көшеге шығатын да, биліктің алдына талап қоятын да, осы елдің болашағын ойлайтын да – қазақ қоғамы болып қалды.
– Қоғам белсенділері әлеуметтік проблемалар жөнінде бұрын да талай айтқансыздар, сонда оны Үкімет әшейін ғана оппозициялық көзқарас деп қабылдағандай болған. Көпбалалы аналардың ащы айқайы ғана көздерін нақты жағдайға жеткізгендей. Сіздіңше, болашақта тағы қандай әлеуметтік теңсіздіктер туындауы мүмкін, болжам, талдауларыңыз қандай?
– Егер бұл өзгерістердің (әлеуметтік бағыт) қажеттілігіне аналардың айқайынан кейін ғана көздері жетсе – бұндай биліктің болашағы жоқ. Атқарушы биліктің негізгі міндеті де осы – әлеуметтік мәселені, халықтың тіршілігін жақсарту. «Билікке баға бергің келсе – тоңазытқышты ашып қара» деген сөз бар. Меніңше, билік әлі күнге дейін халықтың жағдайын білмейтін сияқты. Шынында да, оны қалай біле алады? Әр әкімшіліктің алды – Пентагонның кіреберісі сияқты, оған кіріп-шығу – Рейхстагты алғанмен бірдей. Депутаттар мен министрлердің ресми кездесулеріне мемлекеттік қызметкерлер мен «бәрекелді» дегенді айтатын ақсақалдар ғана жіберіледі. Сондықтан болуы керек, біздің билік үшін басшыларға арналған Пантеон салу – көпбалалы аналарға жағдай жасаудан гөрі кезек күттірмейтін жоба болып саналады. Қордаланып қалған мәселе шаш етектен! Мен осы жобалар науқандық сипат алып, халықты тыныштандырумен шектеліп қалады ма деп қорқамын. Бұл жерде, сөз жоқ, қоғамдық бақылаудың тиімді жолдары қарастырылуы шарт. Ал егер «болашақта қандай әлеуметтік теңсіздіктер туындауы мүмкін» десеңіз, менің ойымша, әлеуметтік теңсіздіктен
көрі қазақ тілінің бүгінгі деңгейі, ахуалы халықты көшеге алып шығады ма деп ойлаймын. Бұл – жарылуға шақ тұрған мәселенің бірі.
– Съезде осы жолы әлеуметтік саланы дамытуға 980 миллиард теңге бөлінетіні жөнінде айтылды. Әрине қомақты қаржы. Алайда бұл қаржыны нақты қыжалат көріп отырған тұрғындарға жеткізудің жүйесі бар ма, әлде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете ме?
– Біріншіден, бізде ақшаның иісі шыққан жерде жемқорлық та қатар жүреді. Осы күнге дейін де әрбір ірі жобаға мемлекет қомақты қаржы бөліп келеді. Бірақ, оның жұмсалуы кезінде басым бөлігінің «жұтылып кететіні» де құпия емес. Бұл аурудың жалғыз дәрісі – ашықтық пен жариялылық. «Демократия – халықтың бақылауындағы халық билігі» деген сөз бар. Өкінішке орай, тәуелсіз баспасөзі жоқ, оппозициялық саяси күштердің жұмыс істеуіне ешқандай мүмкіншілік жасалмаған, азаматтық қоғам аяғынан тұрмаған Қазақ елінде «халықтық бақылауды» жүзеге асыру аса қиын мәселе. Бұған саяси мәдениеті өте төмен, халықпен қалай сөйлесуді білмейтін басшылар мен журналистерден қашып жүрген депутаттарды қосыңыз… Екіншіден, өз басым, Қазақ еліндегі жалақы жүйесін қайта қарап, еңбекті нақты, әділ бағалау бағытында шешім шығарған соң ғана еңбекақыны көтеруді жүзеге асырған дұрыс деп есептеймін. Егер ең төменгі жалақы 42 500 теңге болса, оған 25-30 пайыз қосылатын болса, шамамен 57 000 теңгеге жетеді екен. Егер «ең төменгі жалақы мен жоғарғы
жалақының айырмасы 8 есе болса, ол елді революция күтіп тұр» деген тұжырымды
есімізге алсақ, біздегі айырмашылық жаға ұстатады. Қазақстанда ең жоғары жалақы 1 118 млн екен. Әрине, бұл сирек кездесетін рекорд болар. Басқаларды былай қойғанда, депутаттардың жалақысының өзі ең төменгі жалақыдан 16 есе артық. Демек, Қазақ билігі алдымен еңбектің өлшемін қайта қарап, байлық пен кедейліктің арасындағы миға симайтын
алшақтықты барынша қысқартуы шарт. Өркениетті елдерде адам еңбегін бағалаудың тағы бір жолы бар. Бұл – сағаттық еңбек өлшемінің ең төменгі деңгейін заңмен бекіту. Нарықтық жағдайда ең жоғарғы не ең төменгі жалақыны мемлекеттік қызметке қолдануға болады. Бірақ, жоғарғы жалақы мөлшерін белгілеу – жұмыс берушінің құқығына жатады. Осы жағдайда бір сағаттық еңбектің бағасын белгілеу – адамды қанауға, оның еңбегін бағаламауға қойылған нақты тосқауыл деп түсіну керек. Бұл мөлшер әр елде әртүрлі. АҚШ та 1 сағаттық еңбектің
бағасы 7,25 доллардан кем болмауы шарт, ал Жапонияда – 6,88, Англияда – 10,13. Австралияда – 12,28 доллар. Қытайдың өзі аз да болса, 1 сағаттық еңбектің өлшемін (1,4 доллар) белгілеп алған. Бұндай елдерде жеке жұмыс беруші болсын, мемлекеттік қызмет болсын, бұл деңгейден төмен жалақы тағайындай алмайды.
Осы съезде Елбасы көпбалалы отбасының әр баласына 20 789 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырды. Осы жеткілікті ме? Оны төлеудің жүйесі сіздіңше қалай болуы керек?
– Меніңше, осы «көпбалалы отбасының әр баласына осыншама ақша жәрдемақы төлеу» дегенді ұранға айналдырмай, басқаша жеткізген дұрыс болар. Бұл жерде отбасының ай сайын алатын ақшасының есепке алынатынын ұмытпалық. Бес баласы бар отбасының әкесі – министр, ал шешесі – жеке зауыты бар кәсіпкер, олардың айлық табыстары миллионнан асып кетсе, бұлардың да балаларына жәрдемақы беріледі деп ешкім ойламайтын шығар. Бұл жерде отбасының табысы есептеледі. Оның жолдарын қайталап жатудың қажеті жоқ. Біздің қазіргі жағдайымызда, теңге күннен күнге құнсызданып жатқанда жәрдемақы мөлшерін не доллардың курсына, немесе айлық есептік көрсеткішке, не инфляцияға байлап тастаған дұрыс сияқты.
– Мемлекет басшысы әкімдерге әрбір отбасына баруды және көмекке мұқтаждарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есебінен күшейтуді тапсырды. Елбасының айтуынша, толық емес көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау, ал, ауылдағы көп балалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген квотасын бөлу қисынды болмақ деді. Сіздің қандай ұсынысыңыз бар?
– Бұл бағытты толық қолдаймын. Әрине, әкімдердің әрбір отбасына барып, үй кезіп жүргенін көз алдыма елестете алмаймын және оның қажеті де жоқ деп ойлаймын. Әкімшіліктің осы жұмыстарды жүргізетін арнайы бөлімдері бар, бұл – солардың жұмысы. Ал, жергілікті бюджеттен қосымша көмек берілуі – мұқтаж отбасыларына артық болмайды.
Елбасы облыс әкімдерінің аудан, ауылдарды араламайтынын, ондағы нақты жағдайды білмейтінін сезіп отырғандай. Осы ретте ауыл жастарына жұмыс тауып беріп, оларды ата-аналарына қарап, қалаға сабылтпау жөніндегі ұсынысын қалай бағалайсыз?
– «Ауылдан жұмыс тауып беру» деген жақсы сөз, бірақ, сол жұмыс табылар ма екен? «Әкесін өлгенді де естіртеді» дегендей, сол елді мекенде жұмыс орнының жоқ екендігі ашық айтылуы керек. Жаңаөзендіктерге менің де жаным ашиды, бірақ, әрі кетсе 80 мың адамға жоспарланған елді мекенде 140 мың адам тұратын болса, бұл жердегі жұмыс орнының тапшылығы – біріншіден, жергілікті атқарушы биліктің, одан қалса, үкіметтің кінәсі. Бұл мәселені барлығы көріп, біліп келеді, алайда болашаққа бағытталған ешқандай жоспар, жоба жасалмаған. Меніңше, бұл тығырықтан шығудың кешенді жолдарының бірі – азаматтарды
жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші аз аймаққа қоныстандыру. Әрине, бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр, бірақ кемшіліктер де жетерлік. Ең басты кемшілік – материалдық ынталандырудың жетімсіздігі. Бұл жерде Кеңес өкіметінің Сібір аймағын өркендетуде, мәңгілік мұз құрсауындағы жерлерде ірі өнеркәсіп орындарын салуда қолданған тәсілдерін есімізге түсіру керек сияқты. Ұмытпасам, Сібірде тұрақтап 3 жыл жұмыс істеген адамдардың айлық жалақысына 15 пайыз, 5 жыл жұмыс істегендерге 50 пайыз, ал, сол жердегі еңбек уақыты 7 жылдан көп болса 100 пайыз «сібір коэффициенті» қосылатын (Бұндай ынталандыру Ресейде әлі де бар). Егер Шымкентте 80 мың алатын мұғалім Солтүстік Қазақстанның бір ауданында 160 мың алатын болса, Қостанай, Солтүстік Қазақстанның аудан әкімдері Жамбыл, Түркістан облыстарының ауылдарын
араламай-ақ, келгендерді қабылдап отыра берер еді.
– Съездегі бір сөзінде Елбасы «Сонымен қатар табысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін баспана алудың қолжетімділігін арттырған жөн. Азаматтардың осы санаттары үшін Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй қарыздарын ұсынудың жеңілдікті тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Тұрғын үй жинақ банкіне осы мақсатқа жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінетін болады» деді. Президент осы сөзі арқылы біздегі банктердің пайыздық мөлшерлемелерінің бұған дейін өте жоғары болып келгенін мойындап, 2-3 пайызға түсіруді тапсырып отыр. Ендеше 12-19 пайызбен тұрғын үйге несие алғандардың пайызын қайта есептететін де уақыт келген шығар, өйткені олар өтей алмай жүр ғой.
– Бұл мәселе сан рет айтылды. Біздің банктеріміз шетелдік банктерден 3 пайызға ақша алып, өзіміздің азаматтарға 15-20 пайызға несие береді де, несиелері қайтпай қалса, мемлекеттен миллиардтаған көмек алады. Ал, Президенттің мына сөздеріне және тапсырмасына қарасақ – ақша жетерлік сияқты. Әрине, тұрғын үйге несие алғандардың пайызын қайта есептесе жақсы болар еді, бірақ бұл әзірше арман ғой.
– Елбасы «Әр өңірде бәсекелес 2-3 ЖОО, 4-5 колледж болуы керек» деді. Алайда Елбасы кеше Астанада осы мәселені талқылап жатқанда еліміздің бірнеше ЖОО аукционға қойылды. Оның арасында Абылайхан атындағы әлем тілдері университеті, Сәулет бас құрылыс академиясы сияқты белгілі оқу орындары бар. Осыған көзқарасыңыз қалай?
– Өз басым, алдын-ала кесіп, пішуді ұнатпаймын. Нарықтық заманда әр облыста қанша ЖОО, қанша колледж болуы керектігі белгіленбеуі шарт. Егер бір аймақта 10 оқу орны ашылып, барлығы да әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бәсекелес дәрежесіне көтерілсе, оларды зорлап қысқарту керек пе? Меніңше, сапасы төмен оқу орнында оқуға ешкім ықылас білдірмесе, бір жылдан кейін өздері-ақ банкротқа ұшырамайды ма? Оксфорд пен Кембридж де Лондонның ортасында орналасқан оқу орындары емес қой. Екіншіден, ЖОО автономия алуында, жеке қолға көшулерінде тұрған қауіпті көріп тұрған жоқпын. Өркениетті елдердің барлығындағы білім жүйесі – жекеменшікке негізделген. Алайда, бұл
– мемлекеттің бақылауынан тыс болады деген сөз емес. Әңгіме, сол аукциондардың қалай өтуінде, сол жеке қолға көшкен ЖОО білімнің сапасында болуы керек.
– «Нұр Отанның» бұған дейінгі съездерін көріп жүрсіз ғой, бұл съездің өзгешелігі не болды?
– Бұл съездің саяси партиялардың жиындарынан бөлекше бір жаңалығы болды. Президент өзінің Парламент немесе Үкіметтің алдында айтуға тиісті сөзін партияның съезінде айтты… Партия – халықтың бір бөлігі ғана, сондықтан мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік бағдарламаның бір партияның съезінде айтылуы – қисынға келмейтін мәселе немесе сайлаудың жақындап қалғандығының белгісі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрболат АБАЙҰЛЫ

Комментарий

Бөлісу | Поделится