Аптадағы сұхбат | Интервью неделиҚұқық | Право

Шолпан ЖАНДОСОВА, Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі:«Заңнамаларда экстремизмді залалсыздандыру көзделген»

– Шолпан Мүлікаманқызы, экстремизмге қарсы күрес ХХІ ғасырда трансұлттық сипат ала бастады. Бұл мәселеге қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай?
– Әлемдік қауіп болып табылатын экстремизмге қарсы күрес трансұлттық сипат алып, халықаралық террористік ұйымдардың пайда болуына байланысты, әсіресе, 2001 жылдың 11 қыркүйектегі АҚШ оқиғасынан кейін, аталмыш қауіппен бірлесе отырып күресу мәселесі айқындалды. Қазақстанның лаңкестікке қатысты позициясына келсек, Президент Н.Назарбаев «Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында»: «Халықаралық лаңкестікпен күрес Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі алғышартты бағыты, сондай-ақ, лаңкестікпен ешқандай мемлекет жалғыз, жеке күресе алмайды, өйткені, қазіргі кездегі лаңкестіктің шегі жоқ, демек, әлемнің барлық мемлекеті күшқуаттарын біріктіруі қажет, өйткені лаңкестіктің қауіп-қатері әлемнің әр елінде бар», – деп атап көрсеткен болатын.
Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастыққа конфессияаралық, ұлтаралық қайшылықтарға әкелетін діни экстремизмнен қауіп төніп тұр. Терроризм және трансұлттық сипат алып отырған діни-саяси экстремизммен күрес жаһандық деңгейдегі халықаралық мәселеге айналып, түрлі мемлекеттердің аталмыш құбылыстарға қарсы қимылдарын үйлестіруді талап етеді. Мұндай қызметке ұлттық және діни алауыздықтардың алдын алу қызметтерінің заңдық нормативтік-құқықтық базаларын жетілдіру, экстремизм түрлерінің алдын алуға арналған тиімді құқықтық механизмдерді дайындау, антитеррорлық, жедел іздестіру, саяси, экономикалық және өзге де шараларды жоспарлау мен жүзеге асыру жатады.
Экстремизмнің ерекше белгісі бар ма?
– Бүгінгі таңдағы діни-саяси экстремизмнің ерекше белгісі оның мемлекеттік құрылымды
өзгерту, билікті жаулап алу, мемлекет аумағының тұтастығын жою секілді мақсаттарына қол жеткізуде күш көрсету әдістерін қолдану болып табылады. Діни экстремизмнің салдары тұтас
елдердің рухани, моральдық қалпына кедергі келтірумен бірге экономикалық-әлеуметтік дағдарыстарды еңсеру мәселелерін тереңдете түседі. Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде терроризм, сепаратизм, жалпы экстремизм түрлерімен, оның ішінде діни экстремизммен Халықаралық заңдарға сәйкес, Халықаралық ұйымдар шеңберінде күресу жұмыстарын жүргізіп келеді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы мұндай ұйымдардың негізгі бағыттары діни экстремизм мен терроризмге қарсы келісілген әрі нәтижелі қызмет атқару үшін халықаралық құқықтық базаны дайындау, халықаралық антитеррористік орталықтарды құру және экстремизмге қарсы күресте қарулы күштерді қолдану, қарулы қақтығыстардың ошағы болып табылатын мемлекеттердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларды оңалту болып саналады. Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес принципі және терроризмге қарсы күрестегі мемлекеттердің өзара ықпалдастығының маңыздылығы әмбебап сипаттағы халықаралық конвенцияларды, аймақтық халықаралық келісімдерді, екіжақты халықаралық қылмыспен күрес саласындағы шарттарды, БҰҰ қарарларын, басқа да халықаралық ұйымдардың шешімдерін және мемлекеттердің ұлттық заңдарын қабылдау һәм оларды орындау арқылы жүзеге асырылады.
Терроризммен күрес саласында ынтымақтастық қалай жүріп жатыр?
– Халықаралық терроризммен күрес саласында Қазақстан ТМД, ШЫҰ елдерімен, басқа да ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта. Қазақстан Президентінің бастауымен Достастықтың Лаңкестікке қарсы орталығы құрылды. Сондай-ақ, лаңкестік актілермен күрестегі ынтымақтастық «Шанхай ынтымақтастық ұйымының» қатысушы-мемлекеттерінің арасындағы келісімдердің шеңберінде де жүргізілуде. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Президенттері лаңкестікпен, саяси және діни экстремизммен, трансұлттық ұйымдасқан
қылмыспен және тараптардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне төнетін басқа да қатерлермен
күрес бойынша бірлескен іс-қимылдар туралы келісімшартқа қол қойды. Қазақстанмен лаңкестікке және халықаралық қылмыстарға қарсы әрекет ету саласындағы ынтымақтастық туралы бірқатар мемлекеттермен, солардың ішінде Венгрия, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Молдова, Ресей, Германия, Пәкістан, Түркия, Өзбекстан және Украинамен қостарапты
келісімдер жасалды. Лаңкестікпен күрес мәселесін шешу барлық деңгейдегі мемлекетаралық өзара әрекеттестікті талап ететінін ескере отырып, республикамызбен осы салада бірқатар халықаралық және мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге қол қойылды. Лаңкестікпен күрес саласында республикамыз ТМД елдерімен, сондай-ақ, ШЫҰ шеңберінде Қытаймен тығыз қарым-қатынас жасауда. Лаңкестікпен күрес ісіне қолда бар келісімдердің негізінде түркітілді мемлекеттермен жасалып жатқан ынтымақтастықтар өзінің ауқымды үлесін қосып келеді.
– Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» арнайы
заңы да бар емес пе?
– Дұрыс айтасыз. «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресу әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Атап айтсақ, заңға сәйкес, діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Ата Заң негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ, экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмді алғашқы кезеңінен бастап-ақ залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі.
Экстремизм қирату әлеуетімен ғана емес, сондай-ақ, тұлғаның психологиясын және дүниетанымын құлдырататын идеологиясымен де қауіпті емес пе?!
– Қазақстан діни экстремизм, радикализм, терроризм мәселелерін шешу бойынша әлем қауымдастығы бола отырып, ұлттық қауіпсіздікті – егемендік, конституциялық құрылымды сақтауға, аумақтық тұтастық, тұрақты экономикалық даму, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауға ерекше мән береді. Мемлекетіміз ұлттық және діни қайшылықтардың алдын алу бағытында діни және этносаралық шиеленістердің алдын алу бойынша заңнамалық нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп отырады. Эктремизм және терроризм түрлерінің таралуына жол бермеудің – жедел іздестіру, саяси, экономикалық және өзге де антитеррористік сақтандыру шараларының тиімді құқықтық механизмдерін дайындау, экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған халықаралық келісімдер мен шараларға қатысу сияқты кешенді қызметтерді жүзеге асырады. Діни экстремизм мен терроризм қауіптері айқындалатын және оған қарсы қызметтерді белгілейтін заңдар Қазақстан қабылдаған Конвенциялар мен шаралардың қағидаттары мен ережелеріне, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді. Конституциямыз Қазақстанды «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін көрсете отырып, «мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге,
әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған
қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне» тыйым салады. Сонымен қатар, Конституцияның 20-бабында: «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді,
оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді», – деп көрсетілген. Адамның еркіндіктері мен құқықтарын сақтау және оларды кез келген діни озбырлық, экстремизм мен терроризм көріністерінен қорғау Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы бағыттағы заңдары мен нормативтік-құқықтық құжаттарында сақталатын басты ұстаным.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

 

Комментарий