Экономика

Отандық өндірістің тынысы ашылады

«ҚОРҒАС» ШЕКАРА МАҢЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА (ШЫХО) 1-15 МАМЫР КҮНДЕРІ ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІҢ БОЙЫНА ҚАН ЖҮГІРТЕТІН ҮЛКЕН ІС-ШАРА ӨТПЕКШІ. БҰЛ ЖАҢАЛЫҚ «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ҰЙЫТҚЫ БОЛУЫМЕН «ҚУАН-ШЫҢҒЫС» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРҒАН ЖОБАНЫ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ӨКІЛДЕРІНЕ ТАНЫСТЫРУ КЕЗІНДЕ АЙТЫЛДЫ.
«Qazlumire» деп аталатын заманауи сауда орталығын жобалау 2016 жылы, құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, 2018 жылдың жазында аяқталған болатын. Оған 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция жұмсалып, жартысын Қытайдағы серіктестеріміз салды. Мақсат – қытайлық туристер арасында зор сұранысқа ие отандық және еуропалық тауарлардың қолжетімділігін арттыру. Сонымен бірге, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына және өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беру», – дейді «Қуан-Шыңғыс» инвестициялық компания директорының орынбасары Ұлан Әренов. Оның айтуынша, бұл үшін Қазақстанда өндірілетін тауарларды сататын 300-ден астам кәсіпкердің басын біріктіретін қауымдастықпен арнайы келісімшарт та жасалған. Енді 1-15 мамыр күндері мұнда халықаралық жәрмеңке өтеді. Онда өндірісшілерге өз тауарларын Қытай нарығына енгізу жолдарын түсіндіретін арнайы семинар-тренингтер де ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қытайлық әріптестерімен келіссөз өткізіп, өзара серіктестік қарым-қатынас орнатуына да барлық жағдай жасалады. Бұл үшін биыл жәрмеңкеге өз өнімдерін ұсынушыларға жаңа пішіндегі және көлемі үлкен 40-тан астам сауда бутиктері тегін беріліп, егер мұнда бұдан ары қарай да сауда жасауға қызығушылық білдіріп жатса оны жалға алуына мүмкіндік берілмек. Қызығушылықты арттыру үшін қазірдің өзінде 200-ден астам отандық өндірушілерге арнайы хаттар жолданып отыр.
Жалпы «Қорғас» (ШЫХО) тарихы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2002 жылы 22-25 желтоқсанда Қытайдағы мемлекеттік сапары аясында жасалды. Ал, 2 жылдан кейін Құлжа
қаласында «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын құру туралы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында шектелмелі келісімге қол қойылды. Сондай-ақ,
«Қорғас» ШЫХО нормативтік-құқықтық базасын дайындауды құру мақсатында Премьер-министрдің 2005 жылғы 25 ақпандағы қаулысымен Қазақстанның шекара маңы
аймақтарындағы индустриалды аймақтарды құру үшін заңнамалық және нормативті-техникалық базаны дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылды. Оның
нәтижесінде ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао 2005 жылдың 4 шілдесіндегі сапарында «Қорғас»
ШЫХО қызметін реттеу туралы келісімге қол қойып, «Қорғас» ШЫХО қызметін құру
тұжырымдамасы бекітілді. «Қорғас» ШЫХО жалпы аумағы 560 гектар болатын екі мемлекеттің шекаралас аумағында орналасқан және мемлекеттік шекара арқылы өтетін «Арнайы өткел» арқылы қосылған қазақ және қытай бөлімдерінен тұрады. Жобаның бірегей ерекшелігі – Орталық территориясында адамдар, тауарлар (жүктер) мен көлік құралдары визасыз еркін түрде қозғала алады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий