Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Ел спортшыға, спортшы жерге қараған заман

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, кез келген елдің атын айдай әлемге танытудың төте жолы екені белгілі жәйт. Мәселен, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі мемлекет дәл осы салаға қыруар қаржы құйып, қазақтың көк байрағын желбіретемін деушілерге көп көңіл бөліп келеді. Десек те, әлемдік деңгейдегі додаларда еліне жеңіс тарту етіп, артынша сол елді «жерге қаратып» жатқан спортшылардың да қатары артып келеді.

Мәселен, жуырда ғана ел үмітін арқалап Австрияның Зеефильд қаласына әлем шаңғышыларының чемпионатына аттанған отандасымыз күтпеген жерден жарыс жолынан шеттетіліп, елімізге «тосын сый» жасады. Халықаралық Шаңғы федерациясының президенті Джанфранко Каспердің айтуынша, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Алексей Полтораниннің қан құрамынан тыйым салынған дәрі-дәрмек белгісі табылған көрінеді. Жалпы, А.Полторанин допинг дауына ұшыраған қазақстандық спортшылардың алғашқысы емес. Арғысын айтар болсақ, 1996 жылы қазақстандық желаяқ Ольга Шишигинаның да басы допинг дауына қалған болатын. Осы оқиғадан кейін екі жыл жарыс жолында жүгіре алмаған Шишигина 1996 жылы өткен Атланта
Олимпиадасына қатысу құқығынан да қағылған еді. Екі жылдық үзілістен кейін үлкен спортқа қайта бет бұрған жеңіл атлет О.Шишигина 1998 жылы Бангкокта өткен Азия ойындарында елімізге алтын медаль тарту етсе, 2000 жылы ол Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды. Ал, 1998 жылы әлем спортшылары Сидней Олимпиадасына қызу дайындалып жатқанда, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Евгения Ермакованың да «қанынан допинг табылды» деген ақпарат «жарқ» ете қалды. Алдағы әлемдік додаға қатысу үшін Австралияға арнайы барып дайындалып жатқан Ермакованың қан құрамын тексерген мамандар оған «допинг қолданды» деген айып тағып, елге қайтарғаны есте.
Бергісіне келсек, 2008 жылы Бейжің олимпиадасынан кейін қазақстандық триатлоншы Дмитрий Гааг та «допинг қолданды» деген желеумен екі жылға спорттан қуылды. Осы оқиғадан кейін ол Азия чемпионы атағынан айырылып, Бейжің Олимпиадасындағы жетістіктері де жойылды.
Өкінішке қарай, допингтің қара тізіміне ілінгендердің қатарында аты әлемге әйгілі қазақстандық велошабандоз Александр Винокуров та бар. Тарқатып айтар болсақ, 2007 жылы велоспортшы Александр Винокуров «гемотрансфузия препаратын қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілді. Аталған айып қазақстандық велошабандозға Францияда өткен «Тур-де Франс» көпкүндігінде тағылып, ол Халықаралық антидопинг
қауымдастығы мен Халықаралық велоспорт федерациясының шешімімен 2009 жылдың наурыз айына дейін спорттан шеттелген-ді.
Сол сияқты, кезінде қазақстандық жеңіл атлет, 2006 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ольга Терешкова да «допинг қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілді. 2011 жылы Жапонияның Кобе қаласында өткен Азия чемпионатында еліне жеңіс сыйлаған
Ольганың қанынан допинг табылып, оған тиесілі алтын медаль қытайлық Чен
Жигвенге берілгенін қалай ұмытармыз. 2006 жылы Халықаралық Ауыр атлетика федерациясы еліміздің бес бірдей спортшысын екі жылға спорттан аластатты. Азия чемпионаты мен Әлем чемпионаты кезінде Ирина Гереева, Владимир Седов, Станислав Копутов, Сергей Истомин, Игорь Башановқа «қанынан допинг табылды» деген айып тағылса, 2007 жылы Камилла Багаудинова, Мұхит Үсенбаев, Вячеслав Ершов та «допинг пайдаланды» деп айыпталып, екі жылға спорттан алыстатылды. Соңғы үшеуі осы даудан кейін спортқа қайта оралмады. 2008 жылы тағы бір қазақстандық ауыр атлет Дмитрий Стрига, 2009 жылы Александр Дзюба мен Игорь Ким де допинг дауымен екі жылға спорттан шеттетілді. Бұл спортшылар да келеңсіз жадайдан кейін спортқа қайтып оралмады. Ал, Олимпиада ойындарының екі дүркін, Әлемнің төрт дүркін (2005, 2006, 2011, 2014 жылдары) чемпионы атанған әйгілі қазақстандық зілтемірші Илья Ильинге қатысты допинг дауы еліміздің ауыр атлетикасына ғана емес, жалпы қазақ спортына аса ауыр соққы болды. Ең қызығы, Халықаралық Ауыр атлетика федерациясының (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильинге таққан айыбы 2016 жылы жер-жаһанға жария болды. Айтуларынша, Илья 2008 жылы Бейжің олимпиадасында және 2012 жылы Лондон олимпиадасында «тыйым салынған
заттар қолданған» көрінеді. Осы келеңсіз жағдайдан кейін оның Олимпиада ойындарында еншілеген екі бірдей алтын медалі кері қайтарылды. Дәл осы жылы қазақстандық спортшыларға қатты шүйліккен IWF біздің бетке ұстар спортшыларымыз Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло және Майя Манезаны да спорттан шеттетіп, алған медальдарын қайтаруға мәжбүр етті.
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий