Құқық | Право

Допинг дауы немен бітуі мүмкін?

Ақпан соңында австриялық полиция өз ұлттық құрамасының екі шаңғышысын, екі эстондық және қазақстандық спортшы Алексей Полторанинді ұстады. Австрия прокуратурасы спортшыларды чемпионаттан бірнеше күн бұрын және чемпионат кезінде бақылап, нәтижесінде допингпен ұстаған. Мұндай жағдай негізді ме, әлде астарында басқа да дүниелер жатуы мүмкін бе? Енді спортшымызды қандай жаза күтіп тұр?

Ақжүрек ТАҢАТАРОВ, спортшы, күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:
– Тағы бір отандасымыздың қанынан допинг табылды деген ақпарат бізге қаралы хабардай әсер етті. Себебі, бұл – тек Полтораниннің ғана емес, тұтас еліміздің беделіне нұқсан келтіретін жағдай. SILA International Lawyers заң фирмасының серіктесі Михаил Прокопецтің пікірін көзім шалып қалды. Ол «Полтораниннің мәселесіне екіжақты қарауға болады. Оны сөзсіз біліктілігінен айырады. Ал, енді жаза мерзіміне келсек, ол қан құйғаннан басқа тағы қандай дәрі-дәрмектер қолданғанын білу керек. Алайда, барынша қатаң жаза қолданатын секілді, сондай қауіп байқалады. Себебі, нәтижеге қол жеткізу үшін мақсатты түрде допинг қолданған адамға берілетін жаза оңай болмайды», – депті. Ал, ақпараттарға сүйенсек, шаңғышылар стартқа 1,5 сағат қалған кезде ұсталған. Яғни, осының өзі олардың мақсатты
түрде барғанын білдіреді. Австрияда допинг қолдану қылмыстық жазаға тартылады. 2009 жылы австриялық Парламент антидопингтік заңбұзушылыққа қатысты заңды қатаңдатуға дауыс берген болатын. Егер ондай заңбұзушылық 100 еуродан көп зақым келтірсе, онда ол ірі алаяқтық ретінде қарастырылады, ал ол үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жаза тағайындалуы мүмкін.
Олай болса, спортшымыз Полторанин тек біліктілігінен айрылып қана қоймай, біршама мерзімге бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Бұл жағдай тек Алексейге ғана емес, баршамызға сабақ болуы керек.

Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
– Допинг мәселесі бізде ҚР «Денешынықтыру және спорт туралы» заңнамасында қарастырылған. Заңның 44-бабында допингке қарсы іс-әрекеттер мәселесі толығымен көрсетілген. Бұл заң жалпы халықаралық деңгейде орын алып отыр. Өйткені, бізде Халықаралық олимпиада комитетінің қарамағында 1999 жылы Бүкіләлемдік допингке
қарсы агенттік ашылған-ды. Сол негізде 2003 жылы бізде допингке қарсы әрекеттерді анықтау үшін арнайы кодекс қабылданған. Осы заңнама негізінде ҚР халықаралық келісім шарттарға қол қойды. Сондықтан, егер де спортшы өз кінәсін мойындаса, оған әрине
жауапкершілік бар. Қазіргі кезде ҚР БАҚ ақпараты бойынша айтсақ, министрлік заңгерлер тарапынан қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеген. Өйткені, Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс негізінде бізде допингке кірген, тыйым салынған дәрі-дәрмектердің атауы көрсетілген. Спортшының бойынан солар табылса, онда оның абыройына нұқсан келеді. Сол себепті, шыққан қорытынды расталса, оған жауапкершілік бар. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда ҚР спортшыларын осындай негізбен айыптау әлі бірде-бір рет толығымен расталған жоқ. Оның қорытындыларын жоққа шығарып, біздің заңгерлеріміз, мемлекетіміз толық ақтап шықты да. Сондықтан, алдын ала кесіп-пішіп ештеңе айтпай-ақ қояйық. Дүниежүзі бойынша тиісті нормаларды сақтап, егер бұл кодексте және заңда көрсетілген, тыйым салынған дәрі-дәрмектер болып шықпаса, бұл расталмайды. Онда
спортшылардың атақ-абыройы толығымен сақталады. Бұл не себеппен жасалып отырғанын білмеймін, мүмкін Қазақстанға қысым көрсеткісі келді ма?! Өздеріне тиімді бірнәрсе жасау үшін қазір осындай шара қолданатын да жағдайлар бар. Қазақстанның Халықаралық сотқа шағым беріп, қайтадан сараптама тағайындатуға мүмкіндігі бар. Әйтсе де, олар қандай шешім шығаратынын біз білмейміз және оған араласа да алмаймыз. Рұқсат беруі мүмкін, бермеуі де мүмкін.

Сауалнаманы әзірлеген Мәриям ӘБСАТТАР, «Заң газеті»

 

Комментарий