Экономика

Қандастарды қолдау жұмыстары жалғасады

Әлемнің көптеген мемлекеттері Қазақстанның ядролық қарусыздану туралы бастамасын қолдайды. Олардың кейбірі бұл құралдан тұрақтылығының қауіпсіздігін сақтау мақсатында бас тартпай отырғаны да мәлім. Ал, Қазақстан дүниежүзінде бейбітшіліктің салтанат құруына зор құлшыныспен атсалысуда. Оның бір көрсеткіші – еліміз төмен байытылған ядролық отын банкінің депозитары болып отырғаны. Бұл банк бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда орналасқан.

Жалпы, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері адамзат өмірінің қауіпсіздігі жолында сындарлы да батыл бастамалар жасап, оларды жүзеге асыруда өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатыр. Соның бір мысалы осыдан 25 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа
ресми сапары кезінде сол кездегі осы елдің президенті Б. Клинтонға ядролық қаруды таратпау туралы шарттың депозитары ретінде оларды ратификациялауға тапсыруы. Бүгінде осы бағытта тағы бір келісім жасалып отыр. Қазақстан Республикасының Парламенті «Ядролық қарусыздану туралы» деп аталатын жаңа келісімді ратификацияласа, осы арқылы
еліміздің әлемдегі тұрақтылыққа қосқан үлесі арта түспек. Бұл жөнінде кеше Парламент Мәжілісіне келіп, Үкімет сағатын өткізген Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов депутаттар сұрағына жауап беру барысында мәлімдеді.
Үкімет сағатында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы миссиясының орындалу деңгейі талқыланған болатын. Министрдің айтуынша, 2018 жылғы 31 желтоқсанда еліміз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапкершілік жүктелген БҰҰ-ның
басты органы Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2 жылдық мүшелігін табысты аяқтады. Ондағы жұмыс негізінен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеуін толыққанды іске асыруға бағытталды.
Бұл құжат Мемлекет басшысының «Бейбітшілік. 21 ғасыр» манифесіне негізделіп жазылған болатын. Министр Б.Атамқұлов Қазақстан халықаралық ұйым алдындағы өз миссиясын абыроймен орындағанына сенімді. Өйткені, Мемлекет басшысы белгілеген барлық басымдық іске асырылып, еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл істе барлық мемлекеттік құрылымдар үйлесімді жұмыс істеді. Сонымен қатар, Парламент депутаттары да нақты бағыттағы заңдарды дер кезінде қабылдап, халықаралық алаңдарда белсенді қолдау көрсетті. Осы ретте, министр бұл міндет Қазақстан үшін оңайға түспегеніне айрықша тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі жаһандық саяси процестердегі шиеленістердің бұрын-соңды болмаған жағдайына және әлемдік державалар арасындағы қайшылықтардың асқынып
тұрған кезеңіне тап келді. Өзара сенімге түскен селкеулер өз ізін салмай қойған жоқ. Ол мемлекеттердің келісімге келу ниетіне және тұтастай Кеңес жұмысына теріс әсер етті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Африкадағы шиеленісті дағдарыстар мен қақтығыстар, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Иран мен Украинадағы және басқа да елдерде қалыптасқан жағдайлар еліміздің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын, жұмыс тәсілдерін сан рет сын тезіне алды. Тығырықты сәттерден Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ортақ тиімді мәмілені көздеген теңгерімді де сауатты сыртқы саясаты алып шықты. Соның арқасында ядролық державалармен әріптестік жаңа бағыттарда өріс алып, Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси беделі арта түсті.
Мұны сөз алған депутаттар да тілге тиек етті. Жиында қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұқтар Ерман Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ең маңызды саяси орган саналатын Қауіпсіздік кеңесінің жұмысына қатысу еліміз үшін ерекше мәнді әрі аса жауапты шара екенін атап көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап Елбасы жүргізіп келе жатқан сындарлы және көреген саясат
жаһандық кеңістік төріне лайықты енуге мүмкіндік берді. Қазақстанның БҰҰның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы ең алдымен Елбасымыздың бейбітшілік пен келісім орнатудағы жеңістерін мойындау болып табылады. Қауіпсіздік кеңесіне мүше болған Қазақстанның алдынан көптеген жаһандық, өңірлік проблемалардың шешімдері, қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері сапындағы әлемнің аса ықпалды елдерімен өзара қарым-қатынасты сапалы жүргізудің мүмкіндіктері ашылды. Және ең маңыздысы, бұл мүмкіндіктерді
толық қолдана алдық. Өз кезегінде депутаттар сыртқы саясатқа қатысты елді алаңдатып отырған шетелден инвестиция тарту, сыртқы сауда, тауарлар экспорты мен өзге елдердегі қандастар жағдайына қатысты шетін мәселелерді де айналып өтпей, олардың жай-жапсарын білуге айрықша мүдделілік танытты. Мәселен, депутат Берік Дүйсенбинов соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жиі талқыланып, жұртшылық тарапынан алаңдаушылық тудырып
отырған Қытайдағы қандастарды қолдау мақсатында қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады. Министр де жауаптан тосылмады. Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері қос азаматтығы бар 33 қазақстандық Қытай түрмесіне қамалыпты. Қазіргі таңда олардың 20-сы елге қайтарылды.
Негізінде қазақстандық елшілер жүргізген тегеурінді жұмыстардың арқасында Қытайдағы қайта тәрбиелеу орталықтарында жатқан осындай азаматтар 80 пайызға азайған. Жалпы, Сыртқы істер министрлігіне Қытайдың еңбекпен түзеу орындарында жатқан мыңнан астам азаматтан өтініш келіп түскен. Атамқұлов мырза олардың әрқайсысымен дербес жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Өйткені, әрбірінің басында әртүрлі жағдай, бөлек тарих. Оларды анықтап, зерделеу үшін тәуелсіз сарапшылар тартылып, дипломаттар Қытай түрмелеріне барып қайтқан. Қытайда бүгінде 1,5 млн этникалық қазақ тұрып жатыр. Былтыр 2,5 мыңы Қазақстанға көшіп келген. Бейбіт Атамқұловтың сөзінше, жазықсыз жапа шеккен қандастарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий

Бөлісу | Поделится