Қоғам | Общество

ӨНЕРГЕ ҚАПАСТА ДА ОРЫН БАР

   Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаментіне қарасты ЛА-155/18 мекемеcінде сотталғандар арасында кезекті «Күзгі бал» шарасы өтті. Алматының шет аудандарының бірінде орналасқан бұл мекеменің тыныс-тіршілігі әдетте құлаққа ұрған танадай. Мекеме ғимаратының кіре берісіндегі фронд-офистегі келушілердің абыр-сабырын қоспағанда, іштегі тыныштықты темір есіктердің шиқылы ғана бұзып тұрғандай. Мұн-таздай таза ауладан да бейсуарт жүрген адамды көрмейсің. Көше жақтан ерсілі-қарсылы ағылған көліктердің гүрілі де естілмейді.

1300 жуық адамға шақталған мекеменің шаруашылық бөлімінің қызметіне алпысқа жуық сотталушы тартылыпты. Олар мекеме ішілік жұмыстардан бөлек, ара-тұра түрлі мерекелік шараларға да белсенді араласып тұрады екен. Осылайша, төрт қабырғаның ішіндегі сұрықсыз өмірге сәл де болса сәуле түсіруге тырысқан мекеме басшылығы сотталушылар арасында «Күзгі бал» ұйымдастырып, оған журналисттерді шақырыпты. Бірі ән салып, екіншісі өлең оқып, енді бірі актерлік шеберліктерін паш еткен жиында біз өнерге қай жерде де орын бар екенін ұғындық. Темір тордың арғы жағындағы жаза басқан жандардың түсіне бостандық кіретінін де олардың әзіл-оспақ қойылымынан білдік. Ал, шаруашылық отрадтағы қыз-келіншектер келушілерге өз қолдарымен әзірлеген тәттілерді ұсынып, қонақжайлық танытты. Десек те, сырт көзге сыр бергісі келмеген сотталушылардың жанарларынан әлде бір сағыныш пен өкініштің ұшқыны анық байқалып тұрды.

Мысалы, олар әр түрлі журналдардың қиындыларынан құралған «фотоколлажға»  өздерінің алдағы арман-мақсаттарын сыйғызуға тырысыпты. Онда бірі бостандыққа шыққан соң шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болуды армандайтынын бейнелесе, екіншісі жеке кәсіп ашуды жоспарлап жүргенін, үшіншісі отбасына оралып, жаңа өмір бастағысы келетінін айтып ағынан жарылды.

ЛА-155/18 мекемеcінің тәрбие бөлімінің инспекторы, әділет лейтенатты Балжан Рысбаеваның айтуынша, мекеме ішіндегі мұндай мерекелік шаралар сотталушыларды тәрбилеп, қалыпты өмірге оралуына да көп септігін тигізетін көрінеді. Ол: – «Мұндай шаралар бізде жиі ұйымдастырылады. Сотталушылар бағдарламаны бастан аяқ өздері жасап, дайындалып, қолдарынан келгенше өнерлерін көрсетіп, барынша көзге түсуге тырысады Осындай қоғамдық өмірге белсенді атсалысқандардың еңбегі елеусіз қалмайды. Оларға алғыс хат, мадақтама беріледі. Өз кезегінде бұл сотталушылардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына немесе жазаларын біраз жеңілдетуге берілетін таптырмас мүмкіндік» – дейді.

 Камила ЫСҚАҚОВА, «Заң газеті»

Комментарий