Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Денсаулықтың формуласы мен құпиясы қандай: Еліміздің үздік дәрігерлері бөлісті

Дәрігерлер мықты дәрігерді қалай таңдау керектігін, науқас басты назарды қандай жайттарға аудары қажеттігін айтып берді. Айтуларынша, ішкі түйсікке зер салған дұрыс. Бұл туралы Алматы қаласында өткен, еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің басты мәселелері қамтылған II Healthcare Forum 2019 форумында айтылды. Шараға қатысып қайтқан Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ақ халаттылардың басқа да кеңестерімен бөліседі.

Дәрігерлер жіберген қателіктің бір емес, бірнеше рет адам өліміне алып келгенін естіп, біліп жүрген жұрттың медицина қызметкерлеріне деген қадір-құрметі мен сенімі төмендеп кеткені рас. Алайда, дертке дауа беріп, аурудан айығып кетуге күш-жігерін жұмсайтын ақ халаттылардың басым бөлігі ісіне адал екенін ұмытпаған жөн.

Медицина ғылымдарының докторы Жанар Шалқарова мықты дәрігерді қалай таңдау керектігін, науқас басты назарды қандай жайттарға аудары қажеттігін айтып берді.

“Мықты дәрігерді қайдан табуға болатынын дөп басып айту қиын. Қатып қалған қағидалар жоқ, Менің ойымша, дәрігердің жақсы не нашар екенін ішкі түйсігіңіздің көмегімен түсінесіз.  Біріншіден, онымен сөйлескенде сіздің дертіңізге бей-жай қарамайтынын, көмектескісі келетінін ұғынасыз. Екіншіден, жақсы дәрігер үнемі өз-өзін дамытып отырады. Медициналық әдебиеттерді оқиды, оның үстелінде мамандығына қатысты бір-екі кітап жатады. Ол медицинадағы соңғы жаңалықтарды жақсы біледі. Ерінбесеңіз, ауруханаларды аралап шығып, науқасына үнемі үлкен көңіл бөледі, жұмысқа ерте келіп, қызметіне кіруге асығатын дәрігерлерді бақылап қайтыңыз. Мықты, жақсы дәрігерді табасыз”, — деп нақтылады Шалқарова.

Медицина профессоры, Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман дәрігер әріптесінің ойын жалғап, дәрігер таңдауда қателеспеу үшін не істеу керектігін түсіндірді.

“Мықты дәрігер атану үшін білімді болу жеткіліксіз. Білімнен кейін, маманның клиникалық тәжірибесі, жұмыс тәжірибесі мол болуы қажет. Дұрыс дәрігерді бірден танып, таба қою оңай емес. Адамдардан сол медициналық қызметкер жайында пікірін анықтаңыз, науқасқа деген қарым-қатынасы қандай екенін сұрастырыңыз, ізденіңіз”, — деді ол.

Сонымен қатар, маман денсаулықты сақтап, жақсартудың жолдарын атап өтті. “Қазіргі уақытта диабет, семіздік, атеросклероз, инфаркт, инсульт, артрит, Альцгеймер ауруы, деменция, рак сынды созылмалы аурулардың саны артып келеді. Мұндай дертке шалдыққыңыз келмесе, денсаулықтың формуласын сақтап, құпиясын біліңіз. Денсаулықтың құпиясы қимыл-қозғалыстан рахаттану, интиутивті тамақтануға көшу, көп су ішу, толыққанды ұйықтау, дертке шалдыққанын айтып, ауру асқынбай тұрып, оның алдын алуда жатыр”, — деді Алмаз Шарман.

Маман салауатты өмір салтын ұстанатын болсаңыз, күніне 10 мың қадам жол жүріп, қимыл-қозғалыстан рахат алуға, тамақ калорийін 2000-нан асырмауға, 8 сағат ұйықтауға, 10 минут медитация жасауға, күніне 8 стақан су ішуге кеңес береді. Дегенмен, адамдардың барлығы әртүрлі болған соң, бұл формуланы әркім шамасына қарай ұстанғаны абзал.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың және медицина саласының үздіктерінің қатысумен өткен шарада әлемдік тәжірибені, жаһандық трендтерді, дүние жүзіндегі білікті мамандармен жасалған жұмыстың нәтижесі талқылады.

Комментарий