Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Тоғжан ДҮЙСЕНБЕКОВА, Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:«БАҚЫЛАУСЫЗ БАЛА ҚЫЛМЫСҚА БЕЙІМ»

Тоғжан Айбекқызы, сот қарауына кәмелетке толмағандарға қатысты көбіне қандай санаттағы қылмыстық істер түседі?

– Өкінішке қарай, Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскен қылмыстық істердің ішінде бүгінде тонау мен ұрлыққа қатысты істер көп болып отыр. Әрине, жастардың мұндай қылмысқа баруының сан түрлі себебі бар. Алайда, осынау қылмыстар санының артуы көбіне ата-ананың баланы уақтылы қадағаламауынан, үлгілі отбасының болмауынан, баланың бұрыс ортаға түсуінен орын алып жатады. Анасынан немесе әкесінен аяқ тартпайтын бала қандай да бір бұрыс әрекетке барады, ал баланың теріс қылығы жақсылыққа апармайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, өкініштісі, бір емес бірнеше жерде жұмыс істейміз деп ата-аналар кейде перзентіне көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Ал, ата-ананың баласымен тұрақты қарым-қатынастың болуы маңызды.

– Азаматтық істер бойынша не айтасыз? Бұл тұрғыда арызданушыларды көбіне нендей мәселе мазалайды?

– Азаматтық істерге тоқталатын болсақ, мұнда ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу не қалпына келтіру, баланың тұрғылықты мекенжайын анықтау, баламен араласу тәртібін анықтау, бала асырап алу немесе асырап алуды жою не жарамсыз деп тану секілді іс санаттарын атап өтуге болады. Осылардың ішінде ата-ана құқығынан айыру туралы талапарыздар көп түседі. Ал, тәжірибе көрсеткендей, бұл жайт некенің бұзылуынан басталады. Кейбір аналар өкпе-ренішке бой алдырып, ортадағы баланы әкесіне көрсеткісі келмей жатады. Алайда, ата-ана құқығынан айыру – өте күрделі мәселе. Арызданушылар баланың болашағына балта шауып жатқанын түсіне бермейді. Әртүрлі негіздерді келтіріп, қоярда қоймай сотқа жүгінетіндер азаймай отыр. Сот мұндай жағдайда өз тарапынан барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ата-ана құқығынан айыру туралы арыз тек баласына қатысты қылмыс жасаса, алкоголизм, нашақорлық секілді диагноздарымен емделген және тағы да өзге ауыр себептер болған жағдайда ғана негізді болады. Яғни, «Неке және отбасы туралы» заңның 75-бабында көзделген негіздерге сай келмеген жағдайда мұндай арыздар қанағаттандырылмайды. Жалпы, түсіністік танытып қоя салатындар да, мүлдем ақылға келмейтін тараптар да бар. Әкімшілік істерге келсек, кәмелет жасқа толмаған баланың түнгі 23:00-ден соң үйінде болмай, көшеде заңды өкілінсіз жүруі, ұсақ бұзақылық, кәмелет жасқа толмаған балаларға темекі бұйымдарын сату сияқты әкімшілік істер жоқ емес. Бұл ретте ата-ананың баласымен профилактикалық әңгіме жүргізуі оң нәтижесін беретіні анық. Яғни, балаға әкімшілік жауапкершіліктің не екенін, әкімшілік жауапкершілік қай жастан басталатынын, қандай әрекет (әрекетсіздік) үшін әкімшілік жауапкершілік көзделетінін және мұндай әрекетті (әрекетсіздікті) болдырмау, алдын алу туралы жеткізген дұрыс деп санаймын.

– Балаларды асырап алуға қатысты қандай мәселелер бар?

– Бұл сұрағыңызға орай өзімнің тәжірибемде болған жағдайдың бірін мысалға келтіре кетейін. Ерлі-зайыпты жандар балалар үйінен 4 айлық нәрестені асырап алады. Ол өскесін мектебіне апарып, күнделікті өміріне қажетті барлық ұсақ-түйектерін әперіп, отбасыға тән барлық іс-әрекеттерді жасайды. Бала төрт құбыласы тең болып, жұбайлар ата-ана бақытын сезініп жүреді. Алайда, балалар үйінен алған қызы 14 жасқа келгенде асырап алуды жою туралы арызбен сотқа жүгінеді. Мұндағы басты проблема есею кезінде бала мен анасының арасында келіспеушіліктің пайда болуы екен. Яғни, бір-бірін түсінбейді, өзара реніш туады. Осы жердегі ең қиын жағдай – анасының балаға «сен менің қызым емессің» деп айтуынан туындаған. Бұл сөз, әрине, 14 жастағы қыздың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Мәселені толығырақ зерттеп зерделеу үшін қыздың асырап алған әкесін шақырып, түйткілді шешуге бағыттап көрдік. Сөйтсек, әкесі қызын жақсы көреді. Яғни, бар проблема анасында болып шығады. Әрине, арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Психологтың көме гімен түсіндіру-татуластыру шараларын жасадық. Менің осы жердегі айтпағым, баланың мүддесі біз үшін бірінші орында болуы тиіс. Көзін ашқаннан көргені осы жандар болғандықтан, қыз бала оларды өз ата-анасы ретінде қабылдады. Баланың орнына өзімізді қойсақ, жағдайдың оңай тимейтінін сезінуге болады. Сондықтан, баланың жауапкершілігіне атүсті қарамайықшы дегім келеді. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – балалар арасындағы суицид туралы да айта кеткім келеді. Бұл бүкіл әлем мемлекеттерін ойландырып отырған мәселе. Бала көз алдымызда есен-сау жүрсін, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстасын десек, балаға бастысы ата-ана тарапынан тиісті деңгейде көңілдің дұрыс бөлінуін қаперде ұстағанымыз абзал. Иә, нарық заманында күн кешіп жатқан біздер, бар уақытымызды табыс табуға сарп ететініміз рас. Негізінен, балаға уақыт тауып, онымен сөйлесу керек. Өйткені, баланың өз өміріне керекті кеңесті интернеттен, сырттан алмауына бақылау жасау аса маңызды. Қалай десек те, басты жауапкершілік оны өмірге әкелген ата-анасында. Әсіресе, есею кезеңінде балаға өте мұқият болған жөн. Баласы сырын ашып ақтарыла алмаса, психологқа жүгінсін. Ол ұят емес. Осыны дер шағында қолға алмасақ, бала сырласу мен сөйлесуді сырттан іздеп, оның соңы өкінішті жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Жасөспірім жаман ортаға түсіп кетсе, баланы «жоғалтып» алу қаупі туады. Сол себепті, бұл тұрғыда профилактикалық жұмыстарды күшейткеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені, перзент пен атаанасының ортасында ортақ сенім болуы керек.

– Бұл ретте кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары қандай қызмет атқарып, үлес қосады?

– Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының басты міндеті – қиын жағдайды жеңуге көмек көрсету және отбасымен табыстыру. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу жүйесінде отбасын қолдау қызметі, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қызметтері, қоғамдық қабылдаулар құрылады. Бейімдеу орталықтарында 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар 3 айға дейін уақытша орналастырылады. Бұл жерде өмірде қиын жағдайға тап болған балалар анасын немесе заңды өкілін анықтау үшін орналастырылады. Аталмыш орталықтар Білім және ғылым министрлігіне тікелей қарайды. Бұл орталықта балалар үшін барынша жанұялық атмосфера жасалған. Бастысы, психологтар, әлеуметтік педагогтар, тәрбиешілер баланың өмірге деген көзқарасын жағымды жаққа өзгертуге тікелей ықпал етеді. Әсіресе, қазіргі заманда психологтың рөлі өте үлкен болып отырғандықтан, кәсіпқой психологтардың қатарын көбейткен маңызды.

– Балаларды, көбіне, қылмысқа не итермелейді деп ойлайсыз?

– Кәмелет жасқа толмағандардың қылмысы деген құлаққа түрпідей тиетіні рас. Қазіргі заман балалары кішкентайынан «ақша», «байлық» деген түсініктерді біліп өскендіктен де жағдай қиындап тұр. Қылмысқа итермелейтін себептердің көбісі – оңай жолмен ақша табу, бөтеннің мүлкіне көрсеқызарлық, ата-ана тарапынан қадағалау мен өзара байланыстың жоқтығы десек те болады. Баланы қалай өсіп кеткенін байқамай қалдық деп жүре бермей, әр уақытта оған дұрыс көңіл бөлгеніміз пайдалы. Айталық, жапондықтар баланы тәрбиелеу ананың құрсағынан басталады деп бекер айтпайды. Бойына бала біткен сәттен бастап, онымен тілдесуді қолға алады. Психологиялық байланыс орнатуға олар қатты мән береді.

– Ал, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған қандай кешенді жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бұл арада ең бірінші айта кетерлігі, өкінішке қарай, қазіргі уақытта неке бұзу фактісі көбейіп барады. Сондықтан, мемлекет тарапынан отбасы институтын нығайту мәселесі қолға алынып жатыр. Осы бағытта ҚР Жоғарғы Сотынан бастама алған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске асуда. Бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тарапынан да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Соның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясымен арнайы Меморандум жасалды. Меморандум шеңберінде Қазақстан халқы Ассамблеясы, Аналар кеңесі ұйымы өкілдерінің қатысуымен Алматы қаласында дөңгелек үстел өткізілді. Мұндағы басты қозғалған мәселе – балалар қылмысын азайту және оның алдын алу. Талқылау нәтижесінде бірнеше рет сотталған балалармен етене жұмыс жүргізуді қолға алдық. Ол бойынша 18 баланың тізімі жасалды. Бүгінгі күні ол балалармен Аналар кеңесі жұмыс істеп жатыр. Яғни, баланың өмірге, еңбекке, оқуға, болашаққа көзқарасын өзгерту үшін өмірдің жағымды, жақсы жақтарын көрсетіп, оларды дұрыс жолға бұруға барынша атсалысу. Сонымен қатар, спортқа бейімдеу, психологиялық көмек көрсету, Отанды, табиғатты сүюге және басқа игі дүниелерге тәрбиелеу жұмыстары жүргізіледі. «Отбасылық сот» пилоттық жобасы шеңберінде Қазақстанның психологтар қауымдастығымен де Меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – сотқа келген тараптарды максималды түрде татуластыруға бағытталған шаралар қолдану. Ол үшін сот ғимаратында «Отбасы орталығы» құрылған болатын. Онда медиатор, татуластырушы судья және психолог маман қызмет атқарады. Ювеналды сот балаларға тікелей қатысы бар сот болғандықтан, ғимаратымыз балаларға арналған ойын бөлмесімен жабдықталған, яғни сотта барынша отбасылық жылы атмосфера жасауға тырыстық. Ерлі-зайыптыларды татуластыру шарасы оң нәтиже берсе, қоғам үшін де, жаңағы сіз сұраған кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмысты азайтуға да пайдасы зор. Өйткені, көріп жүргеніміздей, теріс жолға түсуге көбіне толық емес отбасыдан шыққан балалар бейім болып жатады. Бала көз алдымызда есен-сау жүрсін, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстасын десек, балаға бастысы атаана тарапынан тиісті деңгейде көңілдің дұрыс бөлінуін қаперде ұстағанымыз абзал. Иә, нарық заманында күн кешіп жатқан біздер, бар уақытымызды табыс табуға сарп ететініміз рас. Негізінен, балаға уақыт тауып, онымен сөйлесу керек. Өйткені, баланың өз өміріне керекті кеңесті интернеттен, сырттан алмауына бақылау жасау аса маңызды. Қалай десек те, басты жауапкершілік оны өмірге әкелген ата-анасында. Әсіресе, есею кезеңінде балаға өте мұқият болған жөн.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мөлдір БЕГІМБЕТ,

«Заң газеті»

Комментарий