Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

“Қой сияқты алып барды”: Көлік қағып көз жұмған оқушы қыздың әкесі кінәлілерді жазалауды талап етті

Биылғы жылдың мамыр айында Нұр-Сұлтанда көлік астына түсіп көз жұмған 16 жастағы оқушы қыздың ата-анасы кінәлілердің жауапқа тартылмағанын айтып шағымданды. Сонымен қатар олар болған оқиғаға жүргізуші ғана емес, білім саласындағылар да кінәлі деп отыр.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамыр айында 16 жастағы қыз сыныптастарымен бірге елордалық білім департаменті стадионда өткізген шараға барған. Оқушыларды стадионға мектеп автобусымен алып келіп, олардың жанында 17 мұғалім жүрген. Алайда балалар үйлеріне өздігінен жетуі тиіс болған. Осылайша, шарадан кейін үйіне қайтпақ болған Аяла мен құрбысын жолдан өтіп бара жатқанда көлік қағып кетеді. Салдарынан ол оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ал құрбысы жеңіл жарақат алыпты.

Марқұмның ата-анасы бұл жағдайға жүргізуші ғана емес, білім саласындағылар да кінәлайды. Егер оқушыларды үйіне мектеп автобусымен жеткізіп салғанда, қайғылы жағдай болмас еді, дейді.

«Білім департаменті, әкімдік, білім министрлігі тарапынан салғырттық болды. Яғни бұл жағдайды бақылауға алмады. Балаларды қорғау күнінде шара өткізу үшін, 8 мың баланы жинады. Балаларымызды қой сияқты алып барып, қайтарып жіберді», – дейді қайғыдан қан жұтқан әке.

Марқұмның ата-анасының сөзінше, қыздарын қағып кеткен жүргізуші содан бері хабарласпаған.

Оқиғадан кейін ата-анасы құқық қорғау органдарына 6 рет арызданғанымен, ондағылар іс қозғаудан бас тартыпты. Жәбірленген тараптың заңгері қыздың өліміне көлік жүргізушісі кінәлі екеніне сенімді.

Оның сөзінше, жүргізуші көлікті айналып өтіп, жолдың екінші жолағына өтпек болғанда жаяу жүргіншілерді көрген. Осы кезде ол тежегішті басудың орнына көлік тізгінін солға қарай бұрған. Ал бұл кезде оқушы қыздар қорыққанынан сол жаққа жүгіріпті.

Арада төрт ай өткеннен кейін прокуратура іс қозғады. Алайда оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Сонымен қатар білім басқармасы мен полициядағылар да жақ ашпады.

Комментарий