Аймақ | РегионҚоғам | Общество

Үйінді арасында өмір сүріп жатқан төрт балалы отбасыға пәтер берілді

Түркістанда сүрілген үйінің үйіндісінің арасында тұрып жатқан көпбалалы ана Аяжан Абдуллаеваның оқиғасы жалғасын тапты. Төрт балалы отбасыға пәтер берілді. Сонымен қатар отбасының оқиғасына қатысты тың мәліметтер шықты.

Бүгінде Аяжан Абдуллаева жаңа пәтеріне көшіп кіріп, орналасып жатыр. Ол бірнеше апта бұрын сүрілген үйінің орнында көз жасын төгіп, қиын жағдайы туралы айтқан еді.

«Осындай сыйға көп рахмет. Әкімдікке баспаналы болуға көмектескені үшін алғыс білдіремін. Қатты қуаныштымын. Ендігі балаларым ел қатарлы өмір сүре алады», – дейді көпбалалы ана.

Белгілі болғандай, Аяжан Абдуллаева таяуда көшіп кірген пәтердің оған берілгеніне 3 жыл болыпты. Тұрғын үй инспекциясындағылардың сөзінше, нысан пайдалануға берілген кезде олар Аяжанды таба алмапты.

«Қазір Аяжан Абдуллаева пәтердің заңды иесі болып табылады. 2017 жылы қызметкерлеріміз Аяжанға хабарласқан. Алайда ол сот болып жатқандықтан уақыты жоқ екенін айтыпты. Ол үйіне көшіп кіргеннен кейін құжаттарын рәсімдейміз», – дейді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Әбутәліп Асанов.

Сонымен қатар бұған дейін Аяжан Абдуллаева алаяқтардың құрбаны болып, үйінің сот шешімі бойынша сүрілгенін айтқан еді. Алайда қалалық соттағылар оның сөзін жоққа шығарды. Үйді сүру туралы сот шешімі болмаған. Құжаттарға сәйкес, Абдуллаева баспанасын сатып, артынша үйін босатпай қойған. Мұнан кейін үйді босату туралы сот шешіміне шағымданбаған. Нәтижесінде үйдің жаңа иесі оны сүріп тастапты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістанда төрт балалы отбасының үйінді арасында өмір сүріп жатқаны хабарланған еді.

Дереккөз: 31 арна

Комментарий