Судья мінбері | Судебная система

Заңдар халық игілігіне қызмет етеді

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы жаңарды. Осы заңнамаға сай, тиісті заңдар мен Кодекстер толықтырылды. Ең алдымен айтарлығы, банктік қарыздар бойынша меншік құқығын қорғау күшейтілді. Бұл өзгеріс тараптардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Мысалы, берешегін өтеу үшін борышкердің банктік шотынан бұрынғыдай ақша алынбайды, өзгеріске сай, қарыз алушы шотында айлықтың ең төменгі күнкөріс деңгейі қалуға тиіс.

Бұл норма қаржылық жағдайы қиындаған жеке тұлғаларды әлеуметтік тұрғыда қорғайды. Борышкерге кепілге салынған жылжымайтын мүлікті сатуы үшін Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңымен үш ай мерзім берілді. Бұған дейін мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскелері нарықтық құнмен анықталатын, ал, қазір кадастрлық баға, азаматтық-құқықтық шарт немесе сот шешімі бойынша белгіленеді. Қылмыстық қудалау органы салған тыйым мен үкімді орындау немесе тәркіленген мүліктен өзге де ауыртпалықтарды алып тастау сотпен жүзеге асады. Тағы бір өзгеріс, «Төрелік туралы» заңға сай, мемлекеттік органның не квазигоссектор субъектілерінің қатысуымен дауларды қарауда шетелдік құқықты қолдану мүмкіндігі берілді. Бұл квазигосектор субъектілеріне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының арбитражына жүгінуге жол ашты.

Сот жүктемесін оңтайландыру мақсатында Азаматтық іс жүргізу кодексі мен «Нотариат туралы» заң жаңарып, даусыз талаптар нотариустар құзырына, сонымен қатар, тараптар келісімдеріне негізделген талаптардың біршамасы жеңілдетілген іс жүргізуден бұйрықтық іс жүргізуге өтті. Сот орындаушыларының жекелеген қаулыларын санкциялау, яғни, банк шоттарының нөмірлері, оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты талап ету, борышкердің мүлкіне, сондай-ақ, жосықсыз жеке немесе заңды тұлғаның банктердегі ақшасына тыйым салу туралы қаулыларын санкциялау прокуратураға берілді. Ал, борышкер жеке тұлға мен заңды тұлға басшысының ел аумағынан шығуына шектеу және оларды мәжбүрлі түрде алып келу соттарда қалды.

Экономикалық және салықтық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы да біршама өзгеріс енді. Мысалы, шетелден ұлттық және шетел валютасындағы қаражатты қайтармағаны, басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік артты. Кедендік декларацияда тауар туралы мәліметті жалған көрсету қылмыстық жаза саналып, кеден төлемдерін төлемегені үшін есептелген ірі мөлшердегі өсімақы мен пайыздарды төлеуден жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік алынып тасталды. Қылмыстық жауапкершілікке төлемдерді төлемегендер ғана тартылады. Ал, өсімпұл мен пайыздар міндеттемені орындауға бағытталған әкімшілік ықпал ету шарасы болады.

Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзған және банк ақшасын заңсыз пайдаланғандар залалды, сондай-ақ, салықтар бойынша берешекті өз еркімен өтегендер қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Азаматтық кодекске сай, нотариус мәмілелер бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды депозит арқылы қолдана алады. Сондай-ақ, мұра қалдырушының еңбекке жарамсыз асырауындағылар мұра қалдырушының ата-аналары, жұбайлары мен балалары кіретін мұрагерлік үлеске үміткер болу құқығына ие болды. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Республикадан шығарып жіберу сияқты жаза түрі қылмыстық теріс қылықтар үшін тағайындалатын жазаның түріне енді. Бұл шетелдіктерді соттағаннан кейін бірден шығарып жіберуге мүмкіндік береді. Заңдардағы өзгерістер халыққа оңтайлылық тудыру мақсатында жүзеге асуда.

Гүлназ Оспанова, Алмалы аудандық №2 сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий