Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

42 500 теңге жәрдемақы алатын қазақстандық көпбалалы отбасылар АӘК-ден қағыла ма?

 

«Қазақстанда 2 миллиондай адам атаулы әлеуметтік көмек алады» деген үкімет өкілдерінің ақпараты қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Кейбір сарапшылар «бұл – еліміздегі кедейшіліктің көрсеткіші» деп үкіметтің отставкасын талап етіп жатыр. Ал қарапайым халықты үкіметте айтылған көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мәселесі алаңдатып отырған сыңайлы.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет жеті ай бұрын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда жәрдемақыны кіріске қоспаймыз деген еді. Ал енді шенеуніктер көпбалалы отбасының табысына қарамастан, әр баласына 10 600 теңгеден берілетінен және осы жәрдемақыны алғаннан кейін де мұқтаж отбасының санатында болса, 21 мың теңгелік көмектің төленетінін айтты. Алайда мұнан кейін 21 мың теңге жәрдемақыны алу қиындай түседі екен.

«Атаулы әлеуметтік көмекті алып жүрген отбасылардағы балаларға қатысты төлемді үлкен кісілердің қателіктерінен және басқа да жағдайлардан сақтандырып қалу үшін, біз оны бөлек мемлекеттік жәрдемақы дәрежесіне өткізгелі жатырмыз. Сондықтан сол жәрдемақы аз қамтылған отбасының табысының көлемінде ескерілетін болады», – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Яғни кірісі 83 мың теңге болып, жан басына шаққандағы табыстары 20 789 теңгеден аз болғандықтан АӘК алып келген төрт балалы отбасы енді 42 500 теңгені алғаннан кейін 21 мың теңге жәрдемақыдан қағылады. Себебі кірістері шекті межеден 120 теңгеге асып кетеді.

Айта кетсек, елімізде атаулы әлеуметтік көмекті 2 миллионға жуық адам алады екен. Экономистер бұл кедейшіліктің шынайы көрсеткіші деп, түбегейлі өзгеріс жасауды ұсынып отыр.

«Бүгінгі таңда бзде жұмыс істейтін 9 миллион адам бар. Оның 7 миллионының несиесі бар. Яғни бұл да кедейшіліктің көрсеткіші ғой. Адам неге несие алады? Өйткені ақша жетіспей жатыр», – дейді кәсіпкер Мұхтар Тайжан.

Келесі жылдың қаңтар айынан бастап беріле бастайды деген жәрдемақыдан үміттің жұрттың бәрі: «Қандай құжатты қайда апару керек?» – деп елегізіп отыр. Ал үкімет өкілдері мұның бәрі енді нақтыланатынын айтты.

Комментарий