Қоғам | Общество

Жай отындай жарқ еткен

Қазақтың дәстүрлі музыкасында өзіндік орны бар Жетісу әншілік мектебінің көрнекті өкілі Садықожа Мошанұлы есімі бүгінде өнер сүйер қауымға біршама таныс. Өзіндік ерекшелігі бірден менмұндалап тұратын оның шығармалары соңғы ширек ғасырда ғалымдар мен зерттеушілер назарын өзіне ерекше аударуда. Сазгердің туындылары ән байқауларында жиі орындалып, музыка мамандарын дайындайтын оқу орындарында арнайы оқытыла бастауы соның нақты дәлелі. Сондықтан ақын, сазгер Садықожа Мошанұлының 100 жылдық мерейтойын атап өту туралы Үкімет қаулысы да жарық көрген еді. Көптен күткен ұлы тойды қазан айының алғашқы аптасында  Алматы облысындағы Кетпен тауының етегіндегі  Ұйғыр,Кеген, Райымбек аудандарының халқы барлық сән-салтанатымен дүбірлетіп өткізді.
Алдымен мерейтой иесінің еңселі ескерткіші ашылып, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік балалар мен жасөсапірімлер театрының артистері дайындаған театрландырылған қойылым көрсетілді. Астанадан, Алматыдан арнайы ат арытып келген өнер майталмандарының орындауындағы Садықожа әндері мен жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасы да жұртшлықтың көңілінен шықты. Аудандық деңгейде өткізілген әншілер байқауының жеңімпазы мен жүлдегерлері де көрерменнің көзайымына айналып, тойшыл қауым қазақ күресінен өзара күш сынасты. Кетпен тауының бөктеріндегі екі ауданның тұрғындары тіккен киіз үйлерде жиналған барша жұртқа ас берілді. Түстен кейін Қарадаланы дүбірлеткен 6 шақырымдық тай, 25 шақырымдық ат жарысына арғысы Қырғызстаннан бастап, еліміздің Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының атбегілері жүйріктерін қосып, өз бағын сынады. Үздіктер ауылына көлік мініп, жүлдегерлер қаржылай сыйлықты қанағат етіп қайтты.
Ұлттық мәдениет пен өнерде жасындай жарқ етіп, 29 жасында бақилық болған Садықожа Мошанұлының тағдырын да қазақ тарихының бөлінбес бір бөлшегі деуге болады. 1917 жылы Кетпен тауының баурайында өмірге келген ол аталас ағайындарымен бірге 1930 жылғы қолдан жасалған ашаршылық кезінде Қытайға бас сауғалайды. Жасынан ән мен жырға құмар болып, сал-серілердің ізімен ұлы өнердің соңына түсіп, оның көрігін қыздырған Садықожа бірден халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Той-томалақтағы ақындар айтысында ғана емес, ән мен жыр додасында да өз ортасынан жарқырап көрінген оның ел ішін жайлаған сүзек дертінен мезгілсіз көз жұмғаны дәстүрлі қазақ өнері үшін де үлкен өкініш боп қалды. Өмірлік жарынан ғана емес, азамат болып қалған үш бірдей ұлынан айрылған ананың басындағы қасіретті жағдайдан кейін ағайындары енді оны сақтап қалу үшін ауылдастарынан Садықожаның есімін атамай, оның әні мен жырын айтпауды өтінеді. Осылайша 1960-70 жылдарға дейін оның есімі де, шығармашылығы да еріксіз ұмытылып, бірлі-жарым шығармалары халық әні деп орындалып жүрді. Артында тікелей ұрпағы қалмағандықтан Садықожа Мошанұлы жоқтаушысыз қалып бара жатқандай көрінетін. 1960 жылдары Қытайдағы ағайындардың алғашқы легі туған жерге орала бастаған кезде Садықожа шығармалары да халқымен қайта қауышты.
– Садықожаның тойда айтылған әндері халық жадында сақталып, үзік-үзік боп жетті. Болашақта тағы қандай әндерінің табылатыны уақыт еншісінде. Зерттеу, іздену, стильдік ерекшелігі туралы пікірлер бола беретіні сөзсіз. Сазгердің есімі қазір Сәдіғожа аталып жүргенімен, негізінде азан шақырып қойған есімі – Садықожа болатын. Оның әндері анасының жағдайына байланысты табиғи түрде жойылғанымен, оны есіне сақтап қалған кіші әкесі боп келетін, 3-4 жас ғана айырмасы бар Қуанияз Бұқыжанұлы деген қария. Бұл кісі де жасынан өлеңге, әнге әуес боп айтыстарда, тойларда замандастарымен айтысып отыратын болған. Оны Молдасан Шәпиев, Жақсылық Мырқаев үшеуміз ары қарай жалғастырдық. Алғаш рет үлкен сахнаға шығарған Жақсылық Мырқаев болды. Ол «Сары бидайды» Молдасан Шәпиев ағамыздан үйреніп, Талдықорғанда жұмыс істеп жүргенде 1980 жылы Әміре Қашаубаев атындағы әншілер конкурсында дипломант атанды. Сол байқаудан кейін радиодан, кейін телевизиядан шыға бастады, – дейді сазгердің аталас туысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев.
Облыс әкімі Амандық Баталов да тойшыл қауымға жолдаған өз құттықтауында: «Ақын , сазгер С. Мошанұлы кешегі Біржан сал, Ақан сері, жаяу Мұсалардың заңды жалғасы – сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі еді. «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ» дейді халқымыз. Сондықтан ақындығы мен сазгерлігі бір арнаға тоғысып, талантымен тәнті еткен Садықожа қазақ халқына ортақ тұлға. Өнерпаздың әндері бүгінде Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейсов сынды көмейіне құс қонған кемел әншілердің орындауында халықтың сүйікті шығармаларына айналып үлгерді. «Сары бидай» әні де сол жауһарлардың қатарында. Шынайы талант, дара дарынның сырлы әндері құлашын кеңге жайып, елімізде ғана емес алыс-жақын шетелдерде шырқалды. Өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел руханиятына елеулі мұра қалдырған ақынның торқалы тойы бүгін Қарадала өңірінде ыстық ықыласпен аталып өтіп отыр. Ұйғыр ауданы халқының ұрпаққа үлгі болар тұлғаларды танып білу, есімін ардақтап, еңбегін насихаттаудағы қадамдары құптарлық деп есептеймін. Халықтың қазынасы, ұлттың қайнары, асыл мұрасы өнерінде. Сондықтан жақсылықтар жалғасты, өнер тойы құтты болсын», – дегенді айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, зерттеуші ғалым Сағатбек Медеубеков: «Садықожа халық жадынан ұмытылған жоқ. Кеңес саясаты ұлттың ұлы тұлғаларын әдейі айтқызбай, насихаттатпай тұншықтырып келді. Айтайын дегендердің аузына сөз салынбады. Тұншығып елдің жүрегінде келген тұлғаның есімі 1970 жылдардан бастап ел арасында айтыла бастады. Жарты ғасырдай оны ел өзі насихаттап келді. «Сары бидайды» ел алғаш халық әні ретінде айта бастады. 1989 жылы Жәнібек Кәрменов қазылар алқасының төрағасы болған Алматы облысының жыршы-термешілерінің байқауы өтті. Сонда Тоқтасын Әблезов деген ағамыз «Сары бидайды» айтып, әншілер арасында бірінші орын алды». Кейін Құныпия Алпысбаев «Қазақ әндерінің антологиясында» Садықожаның 7 әнін енгізіп, насихаттады. С.Мошанұлының бұл 7 әнінің өзі 7 қазық сияқты қазақ дәстүрлі әндерінде. Халықтық стильде, авторлық мәнерде Садықожаның жеке менімен, әуезді әнімен айтылған соң олар жұғымды, сіңімді боп жұрттың жүрегінде ұялап қалған. Мәтінінде қазақтың қара өлеңінің, халық әнінің ішкі иірімдерін сақтай отырып, жаңа өрнек салған. Бұл әсіресе қайырмадан көп көрінеді. Орындаушылар да сүйсініп айтатыны содан. Өзегі стильде тұр. Сондықтан Садықожа тойы басқа да есімі, шығармалары ұмытылып қалған басқа да ақын, әнші, композиторларды ұлықтау үшін үлкен серпін беретін той болып отыр», – дейді.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»

Комментарий