Қоғам | Общество

Қазақ тілінің «ұлттық корпусы» әлі жоқ

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын дамытуда қазақ тілінің ұлттық корпусын жасаудың маңызы өте зор. Алайда оны қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтар тұрмақ, тіл мамандарының өзі әлі толық біліп болған жоқ. Бұл мәселе Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы арнайы өткізген «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» деген республикалық семинарда да жан-жақты сөз болды.
Биыл «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың
2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аяқталады. Қазір мемлекеттік тілді дамытудың жаңа бағдарламасы дайындалуда. Тілтанушылар алдағы жылы қабылданатын жаңа мемлекеттік бағдарламаға қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау керек деп жоба енгізді. Қарапайым тілмен қазақ тілінің ұлттық корпусы дегенді қазақ мәтіндерінің ақылды базасы деп түсіндіруге болады. Қазір интернетті қолданушылар ағылшын, жапон, орыс тілдеріндегі қандай да бір сөздің түсіндірмесін іздеген кезде анықтаманың бәрін қысқа уақытта оп-оңай таба алады.
– Сол сияқты қазақтың сөзінің электрондық базасы ұлттық корпуста жасалады. Барлық дамыған, өзін сыйлайтын мемлекеттің барлығында ұлттық корпус бар. Олардың ең мықтысы ағылшынның Бритиш корпусы. Одан кейін жапон, фин, орыс тілдерінің ұлттық корпусы келе жатыр. Ал Ресей құрамында отырған автономиялық башқұрт тілінің де ұлттық корпусы бар. Қазақ тілінің корпусы әлі жоқ.
Ұлттық корпустағы мәтіннің қай сөзін бассаңыз да оның жеке паспорты шығатын болады. Қай тілден енгені, этимологиясы қандай, қазақ мәтіндерінде қолданылуы қай ғасырларда жоғарылады, қай ғасырларда төмендеді, қазіргі кезде бұл сөздің орыс, ағылшын тілдеріндегі аудармасы қандай? Бұл сөздің сөз жасауда қандай жұрнағы бар? Соны түгел талдап береді. Яғни корпусты жасап алсақ, қазақ тілінің интернет кеңістігіндегі сауаттылығына, контентінің сауаттылығына көмектеседі және кез келген қазақ тілін білем деген азаматқа қосалқы көмекші құрал болады. Қазақ тілін зерттеушілерге қай сөз нормаға айналды, қай сөз салғырт қорға өтіп кетті, қай сөз пассив қорда жатыр деген сұраққа оп-оңай жауап беретін болады, – дейді «Тіл-Қазына» орталығының орфография бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова.
Баспагерлерге өз базаларындағы қазақ мәтінін халықтың игілігіне пайдалануға берулерін сұраған ғалым ұлттық корпуста олар баспаның мәліметімен қоса шығып тұратынын айтып, бұл олардың қызметіне тегін жарнама болатынын да түсіндіріп өтті. Анар Мұратқызының сөзіне қарағанда, Мәдениет және спорт министрлігінің әлуеметтік маңызды әдебиеттер бағдарламасы бойынша жылына шамамен 50 шақты баспа өніміне үкімет тарапынан қаржы беріледі. 2018 жылы шыққан кітаптарды арнайы сараптап көрген кезде оның 50 пайыздан астамы қазақ тілін оқытуға арналған әдістемеге және тек екі-үшеуі ғана балаларға арналғаны белгілі болды. Сондықтан баспа мен қазақ тілді ақпарат құралдарының басшылары балаларға арналған дүниелерге көбірек көңіл бөлсе дұрыс болар еді. Ұлттық контентті тек ересектерге арналған, қандай да бір зияткерлік ұжымға арналған өнімдермен көтере алмаймыз. Өйткені қазіргі балалар таңның атысы кештің батысы ұялы телефонмен ағылшын және орыс тілді өнімдерді тұтынады. Соның орнын басатын сапалы қазақ тілді балаларға арналған өнімдер керек.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Оқушылардың білім жетістіктерінің халықаралық қауымдастығымен бірге зерттеу жүргізеді екен. 2016 жылы жасалған мәтінді оқу және түсіну сапасын бағалау бойынша сараптамасында Қазақстан 50 елдің ішінде 27 орында тұр. Сондай-ақ, оқушылардың 37 пайызы мәтінді, ақпаратты электрондық форматтан іздейді екен. Үй тапсырмасын орындаған кезде де 40 пайызы интернетті пайдаланатын көрінеді. Сондықтан бізде қазір баспа ісі тек қана қағаз нұсқада емес, электрондық нұсқада молынан болса деген талап қоюға негіз бар. Қазақстан интернет қауымдастығының мәліметі бойынша, бүгінде отандық сайттардың 12 пайызы ғана қазақ тілді контент дайындайды. Бұл өте аз. Балаларымыздың болашағы зор болсын десек интернет кеңістікті қазақшаландыру керек», – дейді А. Фазылжанова.
Осы арада 2018 жылдың наурыз айында үкімет басшысы бекіткен латын графикасына көшу жөніндегі мемлекеттік жоспарды тағы бір еске сала кеткен артық болмас. Онда 2022 жылы бұқаралық ақпарат құралдарының 30 пайызы латынмен басылады деп жазылған болатын.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий