Қоғам | Общество

Бұлай бола берсе, 50 жылдан кейін де баспана кезегін шешіп бере алмаймыз – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттар “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің төмен деңгейіне наразылық білдірді. Бұл туралы палата отырысында мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов айтты.

“Қазір “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша сегіз оператор жұмыс істейді. Олардың қызметі халық үшін түсініксіздеу. Пәтерлер мен несиелер беру шарттарын бәрі бірдей біле бермейді. Несие алуға кедергі болып отырған банктердің  азаматтардың төлем қабілеттілігін анықтап, несие беру туралы жеке шешім қабылдауынан. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін операторлардың санын оңтайландыру және ипотекалық несиелерді алу және тарату тетіктерін қайта қарау қажет деп санаймыз. Егер біз осылай жүре беретін болсақ, 50  жылдан кейін де баспана кезегін шешіп бере алмаймыз. Қолымызда бар деректер тұрғын үй құрылысының қарқыны халықтың өсуінен артта қалып отырғанын айғақтайды”, – деді Нұртай Сабильянов.

Оның айтуынша, “Нұрлы жер” бағдарламасының көрсеткішінің төмендігі қаражатты сапасыз және мақсатсыз пайдаланумен байланысты. Депутат сонымен бірге мемлекеттік тұрғын үй құрылысының сапасы мен құрылысын да сынға алды.

2017-2019 жылдары “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша жалға берілетін және ипотекалық тұрғын үй салу мен сатып алуға 414 млрд теңге бөлінді. Осы күні 512 мың азамат тұрғын үй алу кезегінде тұр, оның ішінде 30 мыңға жуығы бұл кезекте тұрғанына 10 жылдан астам уақыт болған. Үй кезегінде тұрған 200 мыңнан астам азамат халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жатады. 2017 жылдан 2019 жылғы 1 шілдеге дейін, яғни 2,5 жыл ішінде 30 мың азамат тұрғын үй алған. Бұл кезекте тұрған жалпы адам санының 6,3 пайызы ғана. Мысалы, осы мерзімде тұрғын үй кезегінде тұрған Алматы қаласы бойынша 8 мың адамға (37%), Түркістан облысында – 4 мың адамға (13,5%), Қызылорда облысында – 3300 адамға (12%) пәтер берілді, ал Атырау облысында бар-жоғы 720 адамға, ШҚО-да 855 адамға пәтер берілген”, – деді депутат.

Фото: ашық дереккөз

Комментарий