Экономика

Әлемде бірінші триллионер атағы кімге бұйырады?

«Oxfam» қайрымдылық қоры – әлемдегі байлық пен кедейліктің ара қатынасы мен теңгерімін, сондай-ақ әлем тұрғындарының кедейліктен құтылу жолдарын ұзақ жылдардан бері зерттеп, сіңірі шыққан кедейліктің даму мен тұрақтылыққа тигізер әсері жайлы жүйелі түрде жылдық баяндамалар жасап келе жатқан ұйым. Бұл ұйымның тұжырымдары мен жылдық баяндамалары – әдетте жылдың басты экономикалық жаңалығы ретінде қабылданып, әлемнің айтулы басылымдарында жарияланып жатады.

Қордың кезекті  зерттеуінде әлемнің ең бай 8 адамының тізімі жарияланды. Олардың атын атап, түсін түстесек артық болмас: «Microsoft» корпорациясының негізін қалаушысы – Билл Гейтс ($75млрд), «Zara» дүкендер жүйесінің иесі – Амансио Ортега($67 млрд), американдық кәсіпкер – Уоррен Баффетт ($60,8 млрд), мексикалық бизнесмен – Карлос Слим Элу ($50 млрд), «Amazon» компаниясының иесі – Джефф Безос ($45,2 млрд), «Facebook» компаниясының негізін қалушысы – Марк Цукерберг ($44,6 млрд), «Oracle» корпорациясының басшысы – Ларри Эллисон ($43,6 млрд), ал соңғысы – «Bloomberg» компаниясының иесі – Майкл Блумберг ($40 млрд).

Зерттеулерге қарағанда, әлемнің әрбір 10-шы тұрғыны – кедейлер қатарында, яғни күніне 2 доллардан аз қаржыға өмір сүреді. «Шектен тыс үлкен байлықтың ат төбеліндей ғана, санаулы адамдардың иелігінде болуы – үлкен әділетсіздік. Миллиондаған адамдар кедейлік құрсауынан шыға алмай келеді. Бұл болмыс өз кезегінде даму мен демократияның өріс алуына кедергі болып отыр» дейді қордың атқарушы директоры Уинни Бьянима.

Жарияланған зерттеулерге қарағанда, алдағы 25 жылдың ішінде бірінші триллионер пайда болуы ғажап емес. 1 триллион долларға ие адам күніне 1 миллион доллардан жұмсағанның өзінде оған – 2738 жыл уақыт қажет болады екен.

Кедей адамдардың басым бөлігі – дамымаған, демократиялық үрдістер қалыптаспаған, жыл санап байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық артып бара жатқан елдердің тұрғындары.

Постсоветтік елдер, соның ішінде Қазақстан Республикасы да сол байлар мен кедейлер арасындағы алшақтақ артып бара жатқан елдер қатарында. Әрине, тоқ бала аш баланы ойламайды: Қазақстандағы таптық алшақтық мәселесі – зерттелмеген әлеуметтік мәселелердің бірі.

Бүгін қазақ билігі тұрмысы төмен адамдардың жағдайын зерттеп, астарында жатқан саяси-экономикалық факторларды екшеуге мүдделілік танытып отырған жоқ. Парламенттік және жергілікті маслихаттарға сайланып жатқан депутаттар – негізінен республикалық немесе өңір, қала, кем дегенде – аудан деңгейіндегі олигархтар. Соңғы жылдары ол олигархтар депутаттық мандат пен сайлау округтерін өз меншігіндей көріп жүр. Бүгінгі саяси-экономикалық болмыс байлардың байи түсуіне, ал кедейлердің – әрі қарай кедейлене түсуіне жағдай жасап отыр. Миллиондаған қандастарымыз бұл құрсаудан шығу жолын көріп отырған жоқ. Бұл – бүгіннің басты трагедиясы, ұлттық трагедия: ертеңіне сенбеген ұлттың болашағы да – бұлыңғыр.

Комментарий