ВидеогалереяҚоғам | Общество

Ақша табу үшін мұғалім болып жұмыс істемеймін: қазақстандық ұстаздар жалақысы туралы айтып берді

Қазақстандық ұстаздар көп ақша табады ма? Көптеген қазақстандықтар олардың жалақысы аз деп санайды. Біз педагогтардан табысы жайлы сұрадық. Ерең еңбекпен алған ақшасы күн көріске жетеді ме? Өздері үшін қандай жалақыны әділетті деп табады? – деген сұрақтарға жауап алдық.

Сафура Темурбаева — Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Мен ұстаздықты ақша табу үшін таңдаған жоқпын. Ұстаз  болу үшін жүректің батырлығы керек. Сол кәсіпті шексіз сүюің қажет. Айды айға, жылды жылға соғып, қазіргі таңда еңбек өтілімім 25 жылға тартып барады екен. Еш уақытта ұстаздықты табыс көзіне айналдырмаппын. Ол — мен үшін бір бақыт, шығармашылық шабыт беретін кәсіп. Сондықтан, мен ұстазбын, менің ақшам аз, төмен, болмаса жағдайыма келмейді деп кері шегіну ешқашан болған емес. Бір сөзбен айтқанда ұстаздық — шығармашылық шабыт алаңы. Шәкірттердің жетістігімен қуанатын тамаша әлем дегім келеді. Сондықтан ешқашан табыс көзіне айналмайды.

Айкүміс Бесірова — Бастауыш сынып мұғалімі

Ұстаздық мен үшін табыс табу көзі емес. Алатын жалақыма толық қанағаттанамын. Маған табыстан гөрі балалардың біліммен сусындауы, өмірге жол тауып кетуі қымбат. Егер алдымда отырған отыза бала мен берген білімді ұштастырып, нәтиже шығарып, өмірге қадам басып жатса, ол — үлкен мақтаныш, нәтиже. Ең алғашқы оқытқан шәкірттерім қазір үлкен қызметте отыр. Телевидение саласында, өнер саласында жүр. Соларды көріп, шүкіршілік етемін. Бір кездері мен сіңірген еңбек пайдасына жарап,  өмірде өз орнын адаспай тапқан екен деп қуанамын. Сондықтан мұндағы бірінші мәселе — ақша табу емес, өзінде барыңды балаға жеткізе білу. Адамның білген сайын білмегені көбейе түседі дейді ғой, қанша жылғы тәжірибем болса да,  күн өткен сайын менің білмегенім де көбейе түседі. Соның соңындамын. Ұстаздың әр күні ізденуден, білімнен тұрады. Содан жалыққан емеспін.

Дәурен Сағынғалиев — Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі

Ұстаздық пайда табу көзі деп айта алмаймын. Кез келген ұстаз өз саласын жетік меңгерген болса, қашанда сұраныста болатындығы белгілі. Өз басым мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығын толық сезініп жатырмын. Қазір ұстаздар үшін ынталандыру көздері өте көп. “Үздік педагог”, “Үздік педагогикалық ұжым” сынды байқаулар бар. Өзім қызмет етіп жатқан мектеп сондай көптеген кәсіби байқаулардың жеңімпазы болып үлгерді.

Қазіргі уақытта мектептердің басым бөлігінде көптеген кәсіби мамандар үлкен сұранысқа ие. Әсіресе түлектерді қандайда бір сынақтарға дайындау барысында, мейлі ҰБТ, зияткерлік мектептерге дайындау болсын, білімді ұстаздарға сұраныс әр уақытта бар. Мұғалім тек қана айлықпен шектеліп қалмауы тиіс деп ойлаймын. Бүгінде қосымша әдістемелік құралдар шығаруға мүмкіндіктер өте жоғары,  бұларды қосымша табыс көзі деп атауға болады. Сондықтан өзімнің алатын жалақыма толықтай қанағаттанамын, ал қосымша табыс көзі болса, оның несі айып?

Берікханов Баласұлтан — География пәнінің мұғалімі

Мұғалім болу мен үшін пайда табу көзі емес. Ұстаздық етіп те, қосымша пайда табуға болады. Мысалы, менің өзімнің екінші кәсібім бар. Түске дейін мұғалім болсам, түстен кейін кәсібіммен айналысамын. Барлығы мұғалімнің тапқан пайдасы өте аз ғой деп айтады. Жоқ, мен мұнымен де келіспеймін. Өзіме мұғалімдіктен түсіп жатқан пайдам жеткілікті.

 

Комментарий