КОНКУРС ДЕТЕКТИВ

СЫРҒА

Адам сойып тұрғаны алғаш рет. Қолтық тұсынан қидалап жатып, алдымен оң қолын кеудесінен ажыратты. Пышағы өтпей ме, әлде бойын билеген үрейдің әсері ме, аяқ-қолын бөліп алғанша ырс-ырс етіп, қара терге түсті. Басын кесіп алса, екі дорбадағы жүк теңшелетіндей көрінген. Неге екенін, қолы бармады. Томардай денені қытайдың ала дорбасына сала бергенде қолына қап-қатты бірдеңе батқандай көрінді. Қараса, марқұмның сырғасы екен. Шешіп алып, төс қалтасына салды. Сосын шөлмектегі арақтан бір-екі ұрттады да, биіктеу жерге қыстырып қойған телефонын алып, жарығын сөндірді. Үсті-басына жұққан қан дақтарын сүртуге де мұршасы болған жоқ. Асығыс-үсігіс шапанын киіп, мысықтабандап жертөледен шықты.

Сөмкедегі «олжа»

Ақпан деген аты болмаса, күн жылы екен. Қылаулаған қар жерге түсер-түспестен еріп кетіп жатыр. Бұл Жандосов көшесін бойлай жүріп отырып, Саин даңғылына жақындау тұсқа келіп тоқтады. Түн жарымы ауып кеткендіктен, көлік сирек. Оның өзі тоқтамай, әбден сарғайтты. Бір такси тоқтап еді, жүгі бар екенін көрді де, қайтадан жүріп кетті. Бұлай тұра беруге болмайтынын түсінген бұл такси қанша ақша сұраса да, беруге бекінді.

– Бауырым, мына жақтағы бір ауылға баруым керек. Ақыңды жақсылап төлеймін. Ауылдың атын ұмытыппын. Бірақ көрсетіп бере аламын, – деді, батыс жақты нұсқап. Таксист келіскеннен кейін екі сөмкені мықшия көтеріп, көліктің жүк салғышына тастай салды.

Бірақ қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Ақысын алатын болған соң, таксистке де бәрібір, «жүр» деген жағына жүріп келеді. Алдымен жұрт аузында «Жоғарғы трасса» аталып кеткен тас жолмен күнбатысқа қарай бірнеше шақырым жүрді де, Райымбек ауылына бұрылды. Осы бетімен еш жерге аялдамастан, төменгі тас жолға бір-ақ шықты. Жүргізуші «Енді қайда?» дегендей мұның бетіне қараған. «Солға» деді бұл. Әйтсе де көп жүрген жоқ. Бірер шақырымнан кейін көлік үлкен жолдан шықты. Терезеден сыртқа қарап келе жатқан бұл ағаштары қалыңдау бір тұсқа келгенде «осында тоқта!» деді.

Екі дорбаны ағаштың жанына қойып, мәйітті көметін жер іздеді. Жауын суы орып кеткен бір жыралау жер бар екен. Күрек ала шыққаны мұндай жақсы болар ма?! Жыраны кеңітіп, біраз мықшыңдады. Бағанадан бері қазғаны бір метрге де жетпейді. Сүлдері құрып, шаршады. Сосын екі сөмкені орға тастап, қар аралас топырақпен көме салды.

Анамды іздеймін!

Тергеуші Бақтияр Қасымды мұқият тыңдап болған соң, өзіне сауал қойды.

  • Анаңыздың жасы нешеде?
  • 72-де.
  • Бұрын осылай хабарсыз кеткен кезі болды ма?
  • Жоқ.
  • Алыс аймақтарда туыстарыңыз бар ма? Соларға кетуі мүмкін бе?
  • Туыстар бар. Бірақ мен барлығына да хабарластым, ешбіріне бармаған.
  • Бүгін неше күн болды дедіңіз?
  • Төртінші күн.
  • Түсінікті. Менің телефонымды жазып алыңыз. Кез-келген уақытта хабарлассаңыз болады. Уайымдамаңыз, қолдан келгенін жасаймыз.
  • Рақмет! Тауып беріңіздерші, өтініш!

Осыны айтқан Бақтияр көзіне жас алып, кемсеңдеді.

Келесі күні Райхан Ықыласованың суреті барлық ішкі істер бөлімдеріне таратылды. Алматыдағы барша ауруханаларға, уақытша қамау изоляторларына сауал жолданды. Өмірбаянына қарағанда, кейуана байыпты, мәдениетті адам болғанға ұқсайды. Бұрынғы педагог зейнетке шыққан соң, уақытының көбін шаңырағында өткізген. Үйден адасардай қарттық, болмаса ұмытшақтық дерті меңдемеген. Жүйке жүйесінде еш ақау болмаған. Сапар шегіп, алысқа шықпаған. Бір сөзбен айтқанда, зейнеткердің жоғалуына ілік болардай себеп жоққа тән.

Көпке дейін іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. Көршілері де, туыстары да жоғалған адамға қатысты қандай да бір ақпарат беруге дәрменсіз болып шықты. Барлығы да «жақсы адам еді» деседі. Оның әлдебіреумен ренжіскенін ешкім көрмеген. Іздестіру жұмыстары тұйыққа тірелді. Ақпанда жоғалған кейуанадан желтоқсан туғанша еш хабар болмады.

Суреттегі құпия сыр

Бүгін тергеуші жұмысынан тым кеш шықты. Күні бойы қағазға шұқшиып ұзақ отырып еді, бойы құрысып қалған екен. Салқын ауа жанын сергітті. Үйіне жеткенше жоғалған кейуана ойынан бір шыққан жоқ. Себебі өз тәжірибесінде мұндай оқиға болған емес. Сан түрлі қылмыстық істерді қараған, араға бірнеше ай салып, барлығы да ашылған. Қандай да бір ілік таба алса, соңына түсер еді. Егер тірі болса, сегіз айдың ішінде бір дерегі шығуы тиіс-тін. Ал егер өлген болса ше? Онда сүйегін іздеуге тура келеді. Мәйіт табылмаса, оның неден өлгенін анықтау, яғни, не оқыс жағдайда ғұмыры қиылғанын, не қастандықтың құрбаны болғанын білу мүмкін емес.

Екі апта бұрын тергеуші бір адамға тапсырма жүктеген. Ол тәжірибеден өтуге келген студент, болашақ із кесуші еді. «Мына мекен-жайды бақылауға аласың! Пәтерге кім келіп-кетеді, барлығы туралы мәлімет жина! Бірақ түпкі мақсатыңды ешкім білмейтін болсын!» деген еді оған.

Сол жігіт кеше келіп, алдына бір буда қағаз тастаған. Ұзын-ырғасы оншақты адам екен. Студент барлығын да жасырын суретке түсіріпті. Оның төртеуі – Ықыласованың туыстары болса, екеуі – көршісі.

Студент ұқыпты жігіт екен. Әр адам туралы мәліметті қағазға жазып, суретке қыстырыпты. Арасында бір бойжеткен бар. Студент ол туралы былай деп жазыпты: «Кәмила Ержанова. 1989 жылы 14 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Бақтияр Қасым оған 10 күннің ішінде үш рет барды. Бұл қыз жезөкше. Бірақ Бақтияр мұны біле ме, білмей ме, оны анықтай алмадым».

Тергеуші суретке үңілді. Үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыз екен. Енді Бақтияр Қасымның суретін қолына алып, екі суретті қатар қойып еді, күлкісі келді. Екеуі сезім жетегіндегі ғашықтардан гөрі әкелі-балалы адамдарға көбірек ұқсады. Жас айырмашылықтары көзге ұрып-ақ тұр. Шешесі жоғалып жатқанда желігіп, жезөкшемен әуейі болған Бақтиярдың бассыздығына налыған. Артынан бұл ойынан айныды. Өмірбаянына қарағанда, Бақтияр шешесі жоғалардан екі жыл бұрын ажырасқан. Кәмелетке толмаған екі ұлы бар. Оларды бағып-қағып өсіру – жалғыз өзінің мойнында. Отбасын ұйытып отырған әйел болмағаннан кейін де еркек байғұсқа не сын бар?! Тағдырдың тоқпағынан шаршағанда, жанына керекті жын-жыбырдан іздеп, сандалып жүрген шығар…

Әйтседе жаңағы қызды бір жерден көрген сияқты бұл. Бірақ қайдан көргенін есіне түсіре алмады. Әйтеуір суретінде бұл түйсіне алмаған бір сыр бар. Ертең міндетті түрде тағы бір қарап шығайыншы, – деп ойлады тергеуші, төсекке бас қойып жатып.

Жұмбақ қыз

Сол сурет, сол қыз. Иә, қайдан көріп еді мұны? Әлде қаланы жезөкшелерден тазарту іс-шараларында көзіне ілікті ме екен. Кенет… кенет тергеушінің көзі қыздың құлағындағы сырғаға түсті. Жалма-жан шкаф сөресіндегі қағаздарды ақтарып, кейуананың суретін тапты. Иә, тура соның өзі! Ықыласованың сырғасы жезөкшенің құлағында қайдан жүр? Студенттің мәліметін қайта қарады. Тергеуші орнынан атып тұрды.

Екі күн дегенде Кәмила туралы барлық деректі қолына түсірді. Бұл қыздың шын аты-жөні Кәмила Ержанова емес, Севара Рустамова екен. Өзбекстанның Ташкент облысында туған. Ұлты – өзбек. Алматыға 17 жасында келіп, жезөкшелердің қатарына қосылған.

Тергеуші мен жезөкшенің әңгімесі былай өрбіді:

  • Аты-жөніңіз кім?
  • Кәмила Ержанова.
  • Туған жылыңыз?
  • 14 ақпан, 1989 жыл.
  • Ал Севара Рустамова деген кім?
  • Мен.

Тергеуші таң қалды. Бұл қыз өз өтірігіне ұялып отырған жоқ. Керісінше, күле жауап береді. Кейде тоқтамай сөйлейді, кейде тілін жұтып алғандай үнсіз қалады. Жанарынан қиналғаны да, қысылғаны да білінбейді. Тергеуші қылмысын жасыру үшін неше түрлі бәлені ойлап табатын суайттардың сан түрін көрген. Бірақ бұл олардың ешқайсысына ұқсамайды. Шамасы, жүйке-жүйесінде аздап ауытқу бар секілді.

  • Севара, сен мені алдаймын деп әуре болмай-ақ қой, кім екенің маған әбден белгілі. Бірнеше сұрақ қоямын, тек нақты жауап бер! Түсіндің бе? Ендеше былай, мына суреттегі сырға қайда?
  • Үйде.
  • Ол кімдікі?
  • Менікі.
  • Енді мына суретке қара! Танисың ба, бұл кісіні?
  • Иә, Бақтиярдың шешесі.
  • Қайдан танисың?
  • Бақтияр апарып таныстырған.
  • Жақсы. Ал сырға сенде қайдан жүр?
  • Бақтияр берді.
  • Қашан?
  • Туған күнімде.

Тергеуші Севарамен 2 сағаттай сөйлесті де, оны уақытша қамау изоляторына тапсырды. Сегіз айдан бері іздеп жүрген адамының бұл өмірде жоқ екеніне көзі жеткендей. Тек оны кім өлтірді? Мәйіт қайда? Тергеушінің жүрегі бұл сұрақтың жауабын әне-міне табатындай лүпіл қақты.

Күдікті

  • Бақтияр, мен сізге бір жайсыздау хабар айтқалы тұрмын, – деп бастады тергеуші әңгімесін.
  • Қандай? Анам табылмады ма?
  • Табылып қалатын шығар, бірақ ол кісінің тірі екеніне күмәнім бар.

Осыны айтқан тергеуші Бақтиярдың бетіне зер сала қарап отыр.

Мұның түпкі ойын Бақтиярдың ұққан-ұқпағанын аңғару қиын еді. Ол көз алдында шөгіп бара жатқандай көрінді.

  • Сіз осы Севара Рустамова деген қызды танисыз ба?
  • Жоқ, танымаймын.
  • Өтірік айтасыз.
  • Құдай ақы, танымаймын.
  • Онда танып қойыңыз, мына суретте қасыңызда тұрған қыз сол!
  • Бұл Кәмила ғой. Иә, мұны танимын.
  • А, Кәмила ма еді, араларыңызда қандай байланыс бар? Сіз оның жезөкше екенін білесіз бе?
  • Жоқ, жезөкше емес. Бұрын сондай жүрісі болғаны рас. Қазір бәрін қойды, біз бір-бірімізді жақсы көреміз.
  • Ендеше келесі сауалға жауап беріңізші, Кәмиланың сіздің анаңызға қандай да бір қастық ойлауы мүмкін бе?
  • Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мен бұған жүз пайыз сенімдімін. Егер сіз Кәмиланы күдікті санасаңыз, қателесесіз.
  • Байқаймын, Кәмиланы сіз менен гөрі аздау білетін сияқтысыз. Ендеше жақсылап, оң құлағыңызбен тыңдап алыңыз!

Осыны айтқан тергеуші Севара Рустамованың төлқұжатының көшірмесін көрсетті. Құжатта туған жылы да, ай-күні де басқа. Севара 1991 жылы 1 қыркүйекте өмірге келген екен. Мұны көргенде Бақтияр «қаншық» деп үстелді бір қойып, отыра кетті.

  • Ал сен осындай адамға шаң жуытқың келмейді! Оған шешеңнің сырғасын сыйға тартасың! Және «үйіңде ғана тағасың, сыртқа шыққанда алып таста», деп оны сақтандырасың! Не үшін? Неге шешең тура 14-і күні, Кәмиланың туған күні кезінде жоғалады? Ал 15-інде сен сыйлық жасайсың! Оңбаған! Шешеңнің қаны сенің мойныңда!

Соңғы сөзді қалай айтып жібергенін тергеушінің өзі де аңдамай қалды. Сұрақ-жауаптың соңына қарай, Севараға деген күдігі сейіліп, Бақтиярдың өзіне күмәнмен қарай бастаған. Сізден сенге көшіп кеткені де соның әсері болуы керек. Ең қызығы, Бақтияр мен емеспін, шешемді мен өлтірген жоқпын демеді. Орнында отырған күйі жас бала құсап егіліп жылады.

Азғын

Полиция көлігі қалың ағаштың арасына келіп тоқтады. Бір топ адамды кісендеулі кісі бастап келе жатыр. Тура сондағыдай қар жауыпты. Айналаға қарап біраз тұрды да, солға қарай сәл жүріп, бір ағаштың түбін нұсқады. Адамдар күрекпен қарды арши бастаған, бір жерден дорбаның жыртығы, енді бір жерден топыраққа жабысып, тоң болып қатып қалған адам сүйектері шығып жатыр. Шамасы, мәйітті ала жаздай ит пен құс сыртқа шығарып тастаса керек. Криминалистер әрбір сүйекті жеке-жеке суретке түсіріп, арнайы қапшықтарға салды. Бірақ қанша іздесе де, марқұмның жарты сүйегі табылған жоқ.

Осы топ енді Р.Ыдырысованың үйіне келді. Қылмыскер оқиғаның қалай болғанын әңгімелеп тұр. Тергеуші Бақтиярдың бетіне қарап еді, «анам жоғалды» деп арыз айтып келген кезі ойына оралды. Арсыздыққа шек болмайды екен. Сол кезде зар жылаған адам міне, алдында анасын қалай, қайтіп өлтіргенін көрсетіп жатыр. Тергеушінің жүрегі айныды. Құдды, Бақтиярдың дауысы құлағына жаңғырып жетіп жатқандай.

Бір түсінгені, марқұм Р.Ыдырысова ұлының жезөкшемен жүргенін қаламаған. Үйленем дегеніне қарсы болған. Тіпті бірнеше мәрте Кәмиласымен қосып, үйінен қуып шыққан. Өйткені тәнін сатқан ұждансыз адамды ақ босағасынан аттатуға ары жібермеген. Бірақ Бақтияр оған тоқтамапты. Шешесінің косметикалық заттарын ұрлап, жезөкшеге сыйлауды әдетке айналдырыпты. Қайғылы оқиға болатын күні де марқұм ұрлықтың үстінен түссе керек.

  • Шешем кіріп келді де, қолымдағы сөмкені жұлып алды. Айтпаған сөзі жоқ, әбден тілдеді. Сосын мен оны бар күшіммен кеудесінен итеріп жібердім. Басы еденге соғылып, ес-түссіз қалды. Білегін ұстасам, тамырында лүпіл жоқ. Тоңазытқышты ашып, арақ әкелдім. Одан кейінгісі бұлыңғыр. Есімді жисам, жертөледен шығып келе жатыр екенмін.
  • Істеген сұмдығыңа өкіндің бе?
  • Өкіндім.
  • Ендеше, неге анаңның сырғасын Кәмилаға сыйға тарттың?
  • Енді оның иесі жоқ қой.. иесі сол болатын шығар дедім.

Бақтиярдың осы сөзі көпке дейін тергеушінің ойынан кетпей қойды. Қанша қылмысты көріп жүрсе де, дәл мұндай сұмдықты кезіктірмеген екен. Адам болмысы қабылдай алмайтын сұмдық! Бірақ амал не, шындық  та осы! Туған анасын өлтіріп, денесін ит-құсқа жем қылғаны аздай, оның құнды дүниесін де жезөкшенің бойына жапсырған. Дегенмен әр нәрсенің сұрауы болады. Ол, әрине, дәл осы арсыздығы кейін өзін ұстап беретінін білген жоқ.

Кетерінде тергеуші сырғаны қолына алып, тағы бір қараған. Салмақты, шеңбері адамның көзіндей ірі екен. Оны төрдегі портреттің шегесіне іліп кетті. Мүмкін, әжелерінің көзі ғой, әкесі білмеген құндылықты балалары бағалар…

 

P.S

2012 жылы Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім кесті. Бір үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, ойранын шығарған жезөкше тергеу деректерінде тек куәгер ретінде қарастырылыпты. Өйткені ол кісі өлтіру қылмысына қатыспаған. Сондықтан сот Севара Рустамованы тек Қазақстаннан аластауға ғана пәрмен берді. Ал қағынан жеріген қаніпезер ұзақ жылға бас бостандығынан айрылды. Бір анық дүние, ана мен баланың тартысында бәрібір ананың дегені болды. Қасіретті өліммен көз жұмса да, марқұм өз перзентін «жезөкшенің жары» дейтін жиіркенішті аттан сақтап қалды. Кім біледі, Құдіреттің күшімен қайта тіріліп келсе, мейірімі шексіз ана ақымақ баласын бауырына басып, кешірім жасауы да мүмкін еді-ау.

Сансызбай Молдажанов

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично Баға беріңіз | Оцените

Загрузка...

Комментарий