Қоғам | Общество

«16 жасқа дейін және кейін қозғалуы тиіс әңгімелер» пікірталасында не талқыланды?

Әр жыл сайын Қазақстанда кәмелетке толмағандардың жүкті болуы, көшеде тастанды нәрестелер, балалар мен әйелдерге қарсы бағытталған сексуалды және физикалық зорлық-зомбылық, суицид жағдайлары мыңдап тіркелуде.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Бала және денсаулық» әлеуметтік жоба аясында «16 жасқа дейін және кейін қозғалуы тиіс әңгімелер» тақырыбында пікірталас өтті.

Шара қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, «Шығармашылық бастамадағы әйелдер лигасы» ҚБ, Uyatemes.kz жобасы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Y-PEER Kazakhstan қозғалысы, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен өтті.

Іс-шараға Қарлығаш Қабатова – Uyatemes.kz жобасының авторы, Камила Тұяқбаева – ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы басшысының орынбасары, сексуалды және репродуктивтік денсаулық мәселелері бойынша  Y-PEER желісінің халықаралық тренері, Балнұр Сүгірәлиева – «ZhastyqTalk» қоғамдық қорының басшысы және басқа да қоғам өкілдері қатысты.

Әр жыл сайын Қазақстанда кәмелетке толмағандардың жүкті болуы, көшеде тастанды нәрестелер, балалар мен әйелдерге қарсы бағытталған сексуалды және физикалық зорлық-зомбылық, суицид жағдайлары мыңдап тіркелуде. Мұндай жағдайда жас қыздар мен жігіттер өзін физикалық және эмоционалдық тұрғыдан қорғай білуі тиіс.

«16 жасқа дейін және кейін қозғалуы тиіс әңгімелер» пікірталас әдеттегі форматта өтпеді, қатысушылар қызықты спикерлерді тыңдап, өздері үшін маңызды тақырыптарды талқылады.

«Біз қазақ тілінде жыныстық сауаттылыққа байланысты мағлұматтарды айтарлықтай деңгейде дамытып жатырған жоқпыз. Әлі де терминдерді аударудамыз, бірақ маңызды және қызықты тақырыптар жайлы сөз қозғамаймыз. Яғни кәмпиттің қабығын әсемдеп жүрміз де,кәмпиттің өзіне аса мән бермейміз. Осының нәтижесінде қазақ тілді аудиторияның ақпаратқа қолы жетпей, қалаусыз жүктілік, аборт мәселелеріне жетелейді», – деді жыныстық сауаттылықты қазақ тілінде жеткізетін «ZhastyqTalk» плафтормасының негізін қалаушы,   Y-PEER желісінің волонтері Балнұр Сүгірәлиева.

Шара соңында Y-PEER желісінің волонтерлері «Однажды в жизни» аттты қойылымда шынайы уақыт режимінде ойластырылмаған, өзімшіл шешімдер жастардың өміріне қалайша ықпал ететінін көрсетті.

Комментарий