Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Исламтанушы Мұхаммеджан Тазабекке: Сасық саясатыңды, жиіркенішті жағымпаздығыңды дінге араластырмашы

«Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры Мұхаммеджан Тазабектің полицейлермен кездесуі кезінде түсірілген даулы видеосынан кейін оны сынға алғандар баршылық. Олардың қатарынан белгілі исламтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлы да табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қайрат Жолдыбайұлы Facebook желісінде Мұхаммеджан Тазабекке қарата жазба қалдырып, одан саясат пен жағымпаздықты дінге араластырмауын сұрады.

«Әркім өзінің табиғаты мен сана сезіміне қарай әрекет етеді. Адам не айтып, не істесе де өзіне істейді. Бірақ өтініш, сасық саясатың мен жағымпаздығыңа асыл дінімізді араластырмашы. Ақсақалыңды сақалынан сүйреп, ақ орамалды әжеңнің құйымшағынан тебесің бе, ол сенің шаруаң, сенің жеткен жерің», – деп жазды Жолдыбайұлы.

Сонымен қатар исламтанушыны Тазабектің  «Қағбада адамдарға кедергі келтіріп, намаз оқығандарға полиция бір рет ескерткеннен кейін құйымшағын сындыра жаздайтындай етіп, құйрығынан қатты тебеді» деген сөзі ашуландырған. Ендеше діннің атын жамылып өтірік айту, дінді саясатқа қолжаулық ету ауыр күнә, деп ескертті.

«Тепсе адамгершіліктен айнып, патшасына табынып отырған саудияңдағы кейбір полицияларың тебетін шығар. Бірақ мұндай айуандықты ислам тұрмақ, көкірегінде азғантай адамдығы бар кез-келген адам жасамайды. Жасай да алмайды. «Бұған бүкіл ислам ғұламалары пәтуа берген», – деп айды аспаннан бірақ шығарыпсың. «Адамдарға кедергі келтіріп намаз оқыған адамды құйымшағын сындыратындай етіп тебуге болады», – деген хайуани әрекетті қай ғұлама құптапты? Бүкіл ислам әлемі ғұламаларын былай қойып, бір ғалымның атын аташы! Айта алмайсың. Өйткені бұл қып-қызыл өтірік. Ендеше діннің атын жамылып өтірік айту, дінді саясатқа қолжаулық ету ауыр күнә!

Дінімізді сүйкімсіз етіп көрсетуге, халықты діннен бездіруге сенің қандай хақың бар?! Сасық саясатыңды, жиіркенішті жағымпаздығыңды дінге араластырмашы! Өтініш!» – дейді исламтанушы.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде Мұхамеджан Тазабектің полицейлермен кездесуі кезінде түсірілген видеосы жұртты шулатқан болатын. Артынша белгілі құқық қорғаушы Айгүл Орынбек айтыскер ақынға шүйлікті. Оны сарай сауысқанына теңеп, жастарға уағыз оқымағаны жөн екенін айтты.

Алайда «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры монтаж салдарынан арада осындай түсінбестік туып отырғанын айтты. Тіпті, монтаждалмаған видеоны ұсынған азаматтарға астындағы мінген атын беруге дайын екенін жеткізді.

Комментарий